Жаңа жыл жақындаған сайын қауіп те күшейеді
Жаңа жыл жақындаған сайын мерекелік думанмен бірге қауіп те күшейеді. Дәл осы кезеңде облыстық төтенше жағдайлар қызметі салғырттықтың салдарынан сан соғып қалмаудың алдын алу шараларын бастап кетті. Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Құрмет Жұмекенов мереке қарсаңында атқарылып жатқан жұмыстарды егжейтегжейлі баяндап, қоғамды жауапкершілікке шақырды.

Қауіптің алдын алу маңызды
Сарапшылардың пайымдауынша, Жаңа жыл мерекесі – өрт қаупі күрт өсетін кезең. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Олар – электр желісіне түсетін жүктеменің артуы, уақытша орнатылған жарықтандыру құралдары, адам көп жиналатын іс-шаралар және бақылаусыз пайдаланылатын пиротехника. Осыны ескере от ырып, республикалық жоспар аясында облыста 17- 26 желтоқсан аралығында «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника» атты профилактикалық акциялар жүзеге асырылды.
Бұл акциялардың басты мақсаты – тексеру жүргізу ғана емес, қауіптің алдын алу мәдениетін қалыптастыру. Төтенше жағдайлар департаменті мерекелік іс-шаралар өтетін барлық нысандарда комиссиялық тексерістер жүргізіп, өрт дабылы жүйелері, эвакуациялық шығу жолдары, электр желілерінің жағдайына ерекше назар аударуда.
Президенттік шыршаға дайындық та осы талаптар аясында жүргізілді. Іс-шара өтетін нысан өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкестігі тұрғысынан арнайы комиссиямен тексерілді.
– Бұқаралық іс-шараларда қауіпсіздік үнемі бірінші орында тұруы тиіс. Біз әрбір тексерісті формалды емес, нақты тәуекелді жою мақсатында жүргіздік, – деді Құрмет Жұмекенов.
Сонымен қатар, қала және аудан әкімдеріне жаңа жылдық мерекелер кезінде профилактикалық жұмыстарды күшейту, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу мұқият тапсырылды. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, мәдени және спорт мекемелерінің басшыларына қарасты нысандарда өрт қауіпсіздігін ерекше бақылауға алу қажеттігі ескертілді. Әсіресе, автономды жылыту жүйесі бар ғима- раттар тәуекелі жоғары нысандар ретінде қатаң бақылауға алынуда.
Пиротехника мен шыршада сақтық керек
Жаңа жылды отшашусыз елестету қиын. Алайда, статистика пиротехникалық бұйымдардың өрт пен жарақаттың негізгі себептерінің бірі екенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты 17-26 желтоқсан аралығында «Пиротехника» республикалық акциясы басталып, төтенше
жағдайлар департаменті мен полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп, рейдтік іс-шаралар өткізді.
Рейдтер барысында пиротехникалық өнімдер сатылатын орындарда қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, заңсыз және талапқа сай емес өнімдердің сатылуына жол бермеу көзделді. Мамандар пиротехниканы ғимарат ішінде, балконда, адамдарға жақын жерде, желді ауа райында пайдаланудың аса қауіпті екенін ескертті. Сонымен қатар, балалардың мұндай бұйымдарды қолдануына қатаң тыйым салынатынын атап айту керек.
– Пиротехника – ойыншық емес. Бір сәттік әсер үшін адам өмірін қатерге тігуге болмайды. Әсіресе, ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауы тиіс, – деді Құрмет Жұмекенов.
Шырша орнату мәселесі де маңызды. Көп жағдайда өрт қолдан жасалған гирляндалардан, шыршаны жылыту құралдарына жақын қоюдан немесе электр желісін түнде сөндірмеуден туындайды. Сондықтан, мамандар шыршаны тұрақты тірекке бекітіп, кілемдерді алып тастап, тек зауытта дайындалған гирлян- даларды қолдануға кеңес береді. Жаңа жылдық мерекелер кезеңінде төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген қызмет режиміне көшеді. Департамент ғимаратында тәулік бойы жедел штаб жұмыс істеп, кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ету қамтамасыз етіледі. Алайда, мамандардың айтуынша, ең тиімді қауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігі.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



