Жаңа жыл алдында азық-түлік таңдауда нені ескеру керек?
Желтоқсан дәстүрлі түрде мерекелердің, корпоративтік және жаңа жылдық кездесуге белсенді дайындық уақытына айналады. Алайда, қуанышты қарбаласпен бірге тамақтан улану қаупі де артады. Сондықтан мерекелерді қауіпсіз және денсаулыққа пайдалы өткізуге көмектесетін шараларды есте ұстаған жөн.

Тамақтан улану көбінесе көп компонентті салаттар, ет және балық тағамдары, кремді десерттер, желелер, нашар жуылған көкөністер мен жемістерді жегеннен кейін пайда болады. Көбінесе сақтау шарттарының бұзылуы, мерзімі өткен өнімдерді пайдалану немесе мерекелік тағамның қалдықтарын ұзақ уақыт сақтау себеп болады.
Тамақ өнімдерін таңдау уланудың алдын алудағы маңызды қадам болып табылады. Оларды тек ресми сауда нүктелерінде сатып алу керек, жарамдылық мерзімі мен қаптаманың тұтастығын мұқият тексеріңіз. Тез бұзылатын тауарлар тоңазытқыштарда сақталуы керек, ал өнімнің сыртқы түрі мыжылмаған және дақтарсыз болуы керек. Дайын тағамды әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардан сатып алуға болмайды. Сатып алудан бұрын құрамын, өндірілген күнін, өндіруші туралы мәліметтерді зерделеу керек және сапасына кішкене күмән туындаған жағдайда сатып алудан бас тарту керек.
Көкөністер мен жемістер ерекше назар аударуды қажет етеді. Оларды ағынды сумен мұқият жуып, мүмкін болса, қайнап тұрған ыстық сумен шаю керек. Брокколи, түрлі-түсті қырыққабат және жапырақты салаттар әсіресе мұқият жууды және одан әрі кептіруді қажет етеді. Бұл ішек инфекцияларының қоздырғыштарының дастарқанға түсу ықтималдығын азайтады.
Тамақтарды пісіру кезінде тазалықты сақтау маңызды. Ластануды болдырмау үшін шикі және дайын тағамдарды кесетін тақтайшалар, пышақтар және басқа да ыдыстар бөлек-бөлек қолданылуы керек. Тоңазытқыштағы шикі өнімдерді дайын өнімдердің астына қою керек. Сүлгілер мен губкаларды үнемі ауыстырып отыру керек, өйткені олар бактерияларды тез жинайды.
Температуралық өңдеу де маңызды рөл атқарады. Ет, балық, құс еті мен жұмыртқаны толығымен жақсылап қайнату немесе қуыру керек. Егер тағамдар келесі күнге қалса, оларды қолданар алдында жоғары температураға дейін қыздыру қажет. Жаңа піскен тағамды алдыңғы күндердің қалдықтарымен араластыру қажет емес.
Корпоративтік кештер мен үйдегі мерекелер кезінде тамақтану нормаларын есте ұстаған жөн. Жеңіл көкөніс салаттары ас қорыту жүйесінің жұмысын жеңілдетеді. Тамақтарды кішкене бөліктермен жеген дұрыс, бұл ауырлық пен ыңғайсыздықты болдырмауға ықпал етеді.
Көшедегі іс-шараларға барған кезде санитариялық нормалар сақталмаған жерлерден тамақ сатып алмаңыз, сондай-ақ рұқсат етілмеген сатушылардан үйде дайындалған консервілер мен дайын өнімдерді сатып алмағаныңыз жөн болады.
Жаңа жыл қарсаңында балаларға арналған тәтті сыйлықтарға сұраныс артатыны мәлім. Таңдау кезінде сіз қаптаманың тұтастығына, тазалығына және құрамына назар аударуыңыз керек. Қаптама герметикалық және зақымдалмаған болуы керек. Тағамдық қоспалары, консерванттары және транс майлары ең аз тағамдарды таңдау маңызды. Егер сыйлық жиынтығында ойыншық болса, ол бөлек оралуы керек. Үш жасқа дейінгі балаларға табиғи аң терісі мен былғарыдан жасалған ойыншықтар жарамайды. Сағыз бен карамель қосылған тәттілердің жас шектеулері бар. Сапалы шоколад, зефир және пастила жақсы таңдау болады. Бұл тағамдарда пайдалы заттар бар, ал зефир мен пастилде майлар жоқ. Асқазан – ішек жолдары сезімтал балалар үшін жеңіл нұсқа ретінде галет печеньесі жарайды.
Тамақтан уланудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Өзін-өзі емдеу асқынуларға әкелуі мүмкін.
Баршаңызға денсаулық, амандық және жарқын мерекелік көңіл-күй тілеймін.
С.ИРИСТАЕВ
Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері



