Бас тақырыпРесми

Жаңа жоба жарылқайтын күн жақын

Қарағанды облысында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында үлкен диаметрлі гофрленген құбырлар шығарылады. Қазақстанда мұндай өндіріс түрі бұған дейін болмаған. Кәсіпорын көктемде іске қосылады деп көзделуде. Одан бөлек, арнайы экономикалық аймақта геомембрана өндірісі өрісін кеңейтуде.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев экономикалық аймаққа арнайы ат басын бұрып, өндіріс кешенін дамыту жоспарымен танысты.

– Қазіргі уақытта Сарыарқа аумағында 22 қатысушы тіркелген. Тоғыз кәсіпорын жұмыс істейді, оның алтауы шетелдіктердің қатысуымен. 13 жоба – іске асыру сатысында. 760 жұмыс орны құрылды. Инвестиция көлемі 110,6 млрд. теңге. АЭА жұмыс істеген барлық уақытта 157 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, жергілікті қазынаға 16 млрд. теңге көлемінде салық түсті, – деп хабарлады «Сарыарқа» АЭА басқарушы компаниясының басқарма төрағасы Алнұр Баймүлдінов.

Өңір басшысына жұмыс істеп тұрған және ашылуға дайындалып жатқан зауыттар көрсетілді.

LITEYSHIK компаниясы гофрленген полимерлі құбырлар мен полиэтиленнен жасалған бұйымдар шығарады. Компания директоры Александр Ивановтың айтуынша, жаңа өндіріс 50 жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

– Бізде жұмыс істеп тұрған өндіріс бар. Диаметрі 500 мм құбыр өнімдерін жасаймыз. Цехта диаметрі 1200 мм құбыр шығару үшін екі желіні іске қосамыз. Мұндай өндіріс Қазақстанда әлі жоқ, біз бірінші боламыз. Болашақта тағы бір цех салуды жоспарлап отырмыз, – деді Александр Иванов.

Өнім сұранысқа ие, жаңа шағын аудандар салу, ескі кәріз желілерін ауыстыру кезінде коммуникацияларды жаңарту мақсатында пайдаланылады.

Геомембрана шығаратын зауыт өткен жылы іске қосылды. Өнімдер қалдық қоймаларын, шлам бұрғыштарды, кен жинақтағыштарды, жасанды тоғандар мен мал қорымдарын салуда қолданылады. Бұған дейін оны шет елден сатып алып келдік. Ал, қазір Қазақстанның ішкі нарығының қажеттіліктері қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, таяу шет елдерге – Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейге экспорттау жұмыстары жүріп жатыр.

Компанияның бас директоры Юрий Игнатов кәсіпорынның жоспарлы қуатқа шыққанын және өндірісті кеңейту жоспарланғанын жеткізді. Екінші желі іске қосылады, ол үшін жабдық орнатылып, жұмысы жолға қойылмақ. Бұл өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етуге тың мүмкіндік береді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button