Ресми

Жаңа жоба – келешектің игілігі

Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібіне жете назар аударды. Ал, Қарағанды облысы республикамыздың негізгі өндірістік орталығы. Осыған орай, «Өндірісті өлкедегі бұл сектордың хал ахуалы қандай?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.

 

Қазақстанда өңделген өнім экспорты бойынша Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысы, сондай-ақ, Астана және Алматы көшбасшы қатарында. Осы алты өңір республикада өңделген өнімінің жалпы экспорттық түсімінің 78%-ын қамтамасыз етеді. Соңғы үш жылда өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30 пайызға өркендеген. Бұл – 600 млрд. теңге сомасы. Осы жылдың жеті айында ғана бір жарым триллион теңгеге өнім өндірілген. Аталған көрсеткішті жыл соңында үш триллионға жеткізбек меже бар көрінеді. Ресми статистика өңірде үлкенді-кішілі 80 кәсіпорын барлығын алға тартады. Оның ішінде машина жасау, құрылыс индустриасы, тау-кен металлургиялық бағыты қарқын алды. Қазақстан Үкіметі өңдеу өнеркәсібін қолдауға көп көңіл бөледі. «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» (басым жобаларды кредиттеу тетігі), өңдеуші өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасы, «Өндіріс» сияқты бірқатар мемлекеттік бағдарламалар осыған бағытталған.

Президент тапсырмасын орындау үшін импорт алмастыратын, эскпортқа бағдарланған заманауи сапалы өнім өндіретін жаңа ошақтар ашу міндеті тұр. Бұл тұрғыда инвестиция тарту жолымен жаңа жобаларды құру мәселесі егжей-тегжейлі пысықталу үстінде. Яғни, 2030 жылға дейін облыста 55-ке тарта ірі өндірістік инвестициялық жоба құрмақ жоспары тұр. Әзірге бұл жылға 11 жоба межеленді. Оның үшеуі іске асты. Тоқталайық.

Сарыарқа арнайы экономикалық аумақта «Литейшик» компаниясы гофрленген пластикалық құбырларды шығару бойынша жобаны жолға қойды. Қалған екеуі «Қазақмыс Прогресс» серіктестігі драгментальді шлак өндірісін ашты.

– Саран қаласы өндірістің екінші тынысын ашқалы тұр. Жақында мұнда тұрмыстық техника өндіретін жоба жолға қойылмақ. Ендігіде тұрғындарымыз отанда жасалып шыққан теледидар, тоңазытқыш, микротолқынды пешті тұтынатын болады, – дейді облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Андрей Уманцев.

Осакаров ауданында «Сарыопан» компаниясы жоғары сұрыпты әк шығарады. Зауыт құрылысы жалғасуда. Нұра ауданындағы кен орнында «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамы арнайы кокс өндірмекші.

Президент қазір геологиялық барлау саласы ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты. Аймақ пайдалы қазбаларға бай. Яғни, көмір, мыс, алтын, басқа да сирек кездесетін металдардың теңгерімдік қорлары бекітілді. Құзырлы мекемелер мұнымен кідіріп қалған жоқ. Қазір минералды шикізат базасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұған «Рио-Тинто», «ULMUS FUND» сынды ірі әлемдік компаниялар да қол ұшын тигізеді. Қосымша пайдалы қазбалар қоры бекітілсе, онда мұны қосымша инвестиция деп бағамдасақ болады. Тіпті, келешекте әрқайсысы 100 миллиардтаған салымы бар «Қазақмыс», «АрселорМиттал Теміртау» сынды отандық алпауыт компанияға айналуы да ғажап емес.

Бұл тұрғыда облысқа кейінгі үш жылда ғана үш триллион теңге сомасына инвестиция тартылды. Жыл сайынғы динамика өспесе, кемімеді. Мемлекет те қол қусырып отырған жоқ. Бұған Үкімет тарабынан алғашқы үш жылда бұл саланы тұтастай салықтан босату, жер қойнауын пайдаланушылардың өтінімдерін қарау мерзімдерін азайту, саланы субсидиялау, преференциялау амалдарының өзі үлкен көмек. Жыл сайын мемлекеттік қолдау шаралары артып келеді.

Осы орайда өндірістегі еңбек қауіпсіздігін реформалау, өндіріс тетіктерін модернизациялау да өте маңызды. Инвесторларды сүйемелдеудің ыңғайлылығы үшін «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылып, жұмыс істейді. Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жобаларды сүйемелдеу, инвестицияларды тарту, жобаларды іске асыру мониторингі және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді шешу сияқты «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларға қызмет көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асырады. Мамандар құрылысқа барлық рұқсат беру құжаттарын ресімдеуге, визалық қолдауға, сондай-ақ, инвес­тициялық келісімшарт та жәрдем көрсетеді. Бұл жұмыс инвесторды мемлекеттік органдардың ішкі рәсімдерін, олардың құрылғыларын білуден босатып, тұтастай алғанда жобаларды іске асыру үрдісін жеделдетеді. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша облыс аумағында Инвесторларға қызмет көрсету орталығының жергілікті атқарушы органдармен және даму институттарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі бекітілді.

Жыл соңына дейін саланы дамытудың кешенді пайымын әзірлеу тапсырмасы тұр. Саланың негізгі қозғаушы күші жеке компаниялар екендігі аян.

Қарағанды облысының өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарына тапсырысты қамтамасыз ету арқылы жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың мәні зор екендігін айтады.

Бұл бағытта 38 ірі өндіріс ошақтарымен 12 млрд. теңге сомасына келісімшарттар жасалды. Бұған қоса, арнайы меморандумдар арқылы 90 кәсіпорын 100 млрд. теңгеге тапсырыс қабылдауда. Минералды шикізатты барлау жұмыстары өңір аумағының 90 пайызында жүргізілді. Көмір қоры 11 млрд.тоннаны құраса, мыс 7 млрд. тонна, 332 тонна алтын қоры бар, – деп дәйектеді сөзін Дарын Бейбітұлы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button