Балқаш көпсалалы ауруханасының техникалық базасы толығуда. Жақында «Дені сау ұлт» жобасы бойынша заманауи жоғары технологиялық аппараттар мен жабдықтар сатып алынып, жаңа медициналық құрылғылар орнатылды. Жұмыс сапасын арттыру үшін дәрігерлерге барлық жағдайлар жасалған.
Жаңа техниканың арасында бірнеше ультрадыбыстық, фиброгастродуоденоскопия, өкпені жасанды тыныстандыру аппараттары, колоноскоп, бронхоскоп және бет маскалары түріндегі Т-жүйелер бар. Олар арқылы балаға өздігінен тыныс алуға көмектесу үшін белгілі бір қысыммен оттегі беріледі. Құрылғылар ересек пациенттерде де, жаңа туған нәрестелерде де ауруларды тиімді диагностикалауға ықпал етеді. Барлық құрылғылар Швейцарияда жасалған.
– Жаңа туған нәрестелердің өмірінің қауіпсіздігі білікті мамандардың қолында. Биыл терапия және реанимация палатасын жабдықтау жақсарды. Өкпені жасанды желдетудің қосымша аппараттарын сатып алдық. Мерзімінен бұрын туған ауыр асфиксиямен немесе шала туған нәрестелерге тыныс алуды қамтамасыз етеміз. Енді, бізге салмағы 300 грамм болатын сәбилерді сақтап қалуға мүмкіндік туып отыр. Өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарының саны екі есе өсті, – деп хабарлады Балқаш қаласының денсаулық сақтау бөлімінің өкілдері.
Мамандардың айтуынша, жедел жәрдем қызметкерлері керек жерде шағын зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи фельдшер жиынтығымен жабдықталған. Сандық құрылғылар бастапқы талдаулардың нәтижелерін алуға және адамның жалпы жағдайын тексеруге мүмкіндік береді. Қажет болса, мамандармен онлайн-конференция өткізеді.
Айта кетейік, Балқаш қаласының көпсалалы ауруханасы барлығы 25 жаңа аппаратпен және аспаптармен толықты. 2025 жылға дейін стационар тағы 2,5 млрд. теңгеге жабдықталады.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz