Жаңа жүйе жастарды жарылқайды
Биыл қала мен аудандардың Мансап орталықтары жазда жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру практикасын жалғастыруда. Бұл жұмыстар алдын ала кәсіби дайындықты қажет етпейді және бюджеттен қаржыландырылады.

Бұл жүйе жастарға оқудан бос уақытта жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Ай сайынғы жалақы – 157 280 теңге. Биыл 1 025 студент пен жоғары сынып оқушыларын уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланған.
– Жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектерін жұмысқа орналастыру, сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде оқушыларды жұмыспен қамтуды ұйымдастыру жалғасуда. Қаңтар айынан бастап, облыстың білім беру мекемелерінде жұмыс берушілердің қатысуымен 21 мамандандырылған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Маусымда 13 бос жұмыс орындар жәрмеңкесін қалалар мен аудандарда өткізу жоспарлануда, – деп атап өтті облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхтар Төлеу.
Басқарма басшысының айтуынша, жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері Мансап орталықтарына жүгінгенде «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары шеңберінде мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмысқа орналасу ұсынылады. Бұл бағдарламалар жас мамандарды еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған.
Осы орайда қолайлы кәсіби бағытты таңдауға көмек көрсету мақсатында электрондық еңбек биржасында «Мансап компасы» платформасы іске қосылған. Платформа мансаптық қызығушылықтарды кәсіби бағдар беру тесттері арқылы түсінуге, сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алуға, оқу орнын таңдауға көмектеседі.
Жалпы, облыс жастарының жұмысқа орналасуы жайлы аймақ басшысы атап өтті.
– Оқушылар мен студенттерді жұмыспен қамту үшін алдағы жазғы демалыс кезеңінде бірқатар бағдарламалар мен бастамалар жоспарға сай іске асырылуы тиіс. Жастарға мамандық таңдауда жан-жақты бағыт-бағдар берілгені жөн, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Қоғамдық жұмыстарға қатысқысы келетін жоғары сынып оқушылары мен студенттер тұрғылықты жері бойынша қала және аудан Мансап орталықтарына жүгінуі қажет. Осы үшін Enbek.kz электрондық еңбек биржасы платформасында «Менің жазғы демалысым» арнайы бөлімі іске қосылған.
– Бұл бөлім – оқушылар мен студенттерге 14 жастан бастап платформада тіркелуге, жеке кабинет құруға, түйіндеме орналастыруға және жұмыс іздеуге мүмкіндік. 16 жасқа дейінгі балалар үшін жеке кабинетті тіркеу және құру заңды өкілдер (ата-аналар, қамқоршылар) арқылы жүзеге асырылады. Платформа цифрлық жұмыспен қамту құралдарымен жұмыс істеудің алғашқы кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын алады. Қауіпсіз жұмыс іздеу және еңбек дағдыларын қалыптастыру көзделген, – деп атап өтті Мұхтар Төлеу.
Сондай-ақ, skills.Enbek платформасы мектеп оқушыларына жаңа дағдыларды игеруге немесе бұрыннан бар дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік беретін әртүрлі салаларда тегін және ақылы курстардың кең таңдауын ұсынады. Бүгінгі таңда платформада 1 294 курс бар, оның 322-сі – тегін.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»