Бас тақырып

Жаңа заң БАҚ-тың бағын еселей ме?

Осыдан біраз бұрын «Масс медиа» туралы заң жобасы талқылауға ұсынылған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында біраз пікір тудырған заң журналистердің бірін қуантса, бірі, тіпті наразылығын да білдірді. Әлбетте, ескертулер мен ұсыныстардың барлығы болашақта ескерілетіні мәлім. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева болса, жаңа заң қабылданатын кез келгенін айтып, себептерін де түсіндірді. Бәрі – журналист игілігі үшін. Осы және өзге де мәселелер туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында журналистермен ашық пікір алмасқан министр олардың сұрақтарына байыппен жауап берді.

Заң жобасында бірқатар жаңашылдықтар да бар. Мәселен, журналистердің құқықтары туралы ұлттық баяндама жасау, баспасөз картасы арқылы аккредиттеуді жеңілдету бұрын-соңды заңда көзделмеген болатын. Алғаш енгізіліп отырған талаптар өз кезегінде журналистердің жұмысын жеңілдетпек.

– «Масс-медиа туралы» заңды жасау қажет болды. Өйткені, 1999 жылы қабылданған «БАҚ туралы» заң моральдық тұрғыдан ескірген. 20 жылдан астам уақыт ішінде ақпараттық сала толығымен өзгерді, заңға ондаған түзетулер енгізілді, бірақ нәтижесінде жаңа заң жобасын әзірлеу мәселесі туындады. Халықаралық тәжірибе зерттелген соң әзірленген заң жобасында түсініктер аппараты маңызды орын алады. Бұл медиакеңістікте жаңа коммуникация құралдарының, процестер мен терминдердің пайда болуынан туындаған қажеттілік, – деді Аида Ғалымқызы.

Бұқаралық ақпарат құралдары арасында пікірталас тудырған баспасөз картасына қатысты да мәлімдеді министр. Оның айтуынша, бұл, ең алдымен, журналистердің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдету үшін жасалмақ.

Баспасөз мәслихатында айтылған тағы бір мәселе – телерадиоарналардың мемлекеттік тілде хабар тарату мәселесі. Бұрынғы норма бойынша 50 де 50 балансы қолданылып келсе, «Масс-медиа туралы» заң жобасы аясында мемлекеттік тілде хабар тарату көлемі 70%-ға дейін ұлғаяды. «25 жылға жуық уақыт ішінде елдегі мемлекеттік тіл мен отандық контентті дамыту бағытындағы трендтер өзгерді», – дейді бұл тұрғысынан министр.

Аида Балаева еліміздегі креативті индустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын да айтты. Бүгінде осы мақсатта нақты шаралар қолға алынуда. Мәселен, 2021-2025 жылдарға арналған Шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, жүзеге асыру басталып кеткен. Нәтижесінде, ел бойынша 95 мың адам жұмыспен қамтылып, 32 мың кәсіпкердің жұмысы жанданған. Одан бөлек, білім беру, сәулет және қала құрылысы, ІТ сынды салаларда бестен астам жоба қаржыландырылып, 70 млн. теңгеден астам жеке инвестиция тартылған.

Бірақ, соған қарамастан, министр креативті дамытуды тек пайда үшін қарастырмау керектігін де айтып отыр. – Мемлекет басшысы осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдай жасалу қажеттігін айтты. Ол өз Жолдауында шығармашылық индустрияны қолдау бойынша жеке шаралар кешенін әзірлеу, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада шығармашылық индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көрсету жөнінде нақты міндет қойды, – деді министр.

Дәл осы салаға тың серпін беру үшін бірқатар заңнамалық құжаттарға да өзгерістер енгізу қарастырылып отырғанын айтады министр.

Еліміздегі кино индустриясы жайлы сөз қозғалғанда Аида Ғалымқызы Қазақстанның алда болатын американдық «Оскар-2023» киносыйлығына неліктен қатыспайтынын да мәлімдеді. Айтуынша, қазақстандық картиналар «Оскар» киносыйлығына қатысу үшін іріктеуден өте алмаған.

Министр «Мәдениет пен өнер саясаттан тыс» дейді. Демек, осы салада жүргеннен кейін өздерінің рөлі мен миссиясын білулері тиіс. Бұл, әлбетте, қазақстандық әншілерге қатысы жоқ. Журналистің «өзге елдегі келеңсіз жайттарды насихаттап жүрген шетелдік әншілерді елімізге келтіру дұрыс па?» деген сұрағына дәл осылай жауап берді Аида Ғалымқызы.

«Мәселе діндарлықта емес, білімсіздікте» дейді министр «никаб, хиджаб және қысқа шалбарларға тыйым салынады ма?» деген сұраққа. Айтуынша, Қазақстан белгілі бір діни киімдерді киюге шектеулер енгізу мәселесін қарас­тыруда.

– Біз нормаларды зерттеп, ұсынамыз. Кем дегенде қоғамдық орындарда діни киімдерді киюге тыйым салынуы мүмкін. Бұл жерде Ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұр. Уәкілетті орган ретінде осы бағыттағы заңнамалық нормаларды қатаңдату бойынша жұмыс істейтін боламыз, – деді деді Аида Балаева.

Кино идеология құралы екенін жоққа шығармайды министр. Елімізде кино индустриясын дамыту ең алдымен осы саладағы мамандардың шығармашылық бастамаларын қолдауға бағытталған. Бірақ, Аида Ғалымқызы бұған дейін түсірілген картиналардың небары бір пайызы ғана прокатқа шыққанын айтады. Сондықтан, бұл мәселе қайта қарастырылады. Министр мемлекет қаржысы есебінен фильм түсіретіндер прокат есебінен пайда көруі керек екенін алға тартты. Айта кету керек, министрдің мәліметінше, жыл соңына дейін қазақ тіліне аударылған бес мультфильм көрерменге жол тартпақ.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button