Аймақ

Жаңа тренд: экотуризм мүмкіндіктері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбатында: «Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайдылығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр» деп баса айтқан еді. Қазіргі таңда Қарағанды өңірі экотуризмді жүйелі дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Бүгінде «Жұмыс істеймін» деген кәсіпкерлерге айтарлықтай қолдау бар. Осы бағытта облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер мен инвесторларды Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі туристік-рекреациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Оның барысында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде эко-қонақүйлер мен визит-орталық салуға арналған жобалар таныстырылып, құрылыс жүргізуге болатын нақты аумақтар назарға ұсынылды.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Қазіргі таңда экологиялық туризмді дамыту мақсатында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында жалпы көлемі 9,44 гектарды құрайтын төрт жер учаскесі ұзақ мерзімді пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жалпы ауданы 6,77 гектар болатын сегіз жер учаскесі қысқа мерзімді пайдалану үшін ұсынылып отыр. Сонымен қатар, туризм мен рекреация саласын одан әрі дамыту мақсатында инфрақұрылымды жетілдірудің бас жоспары әзірленген. Аталған жоспарға сәйкес қосымша 14 жер учаскесін қысқа мерзімді, алты жер учаскесін ұзақ мерзімді пайдалануға беру көзделуде.

– Қысқа мерзімді пайдалану дегеніміз – ұлттық парк аумағында рекреациялық жүктеме нормалары мен қорғау режимін сақтай отырып, уақытша туристік-рекреациялық нысандар салу. Бұл бағытқа туристік лагерьлер, сервистік қызмет көрсету орындары, демалыс аймақтары және туристік жабдықтарды жалға беру пункттері жатады. Ал, ұзақ мерзімді пайдалану Қазақстанның табиғатты қорғау заңнамасының талаптарына және ұлттық табиғи парк аумағын қорғау режиміне қайшы келмейтін туристік-рекреациялық нысандарды орналастыруды айтамыз. Олардың қатарында эко-қонақүйлер мен туристік инфрақұрылым объектілері кіреді. Таулы орманшылық аумағындағы «Бұғылы» шатқалында жалпы ауданы 2,9 гектарды қамтитын үш эко-қонақүйдің құрылысы жоспарлануда. Аталған бастама экологиялық туризмді дамытуға бағытталған инвестициялық жоба аясында жүзеге асырылмақ. Жоба шеңберінде аумақты ке­шенді абаттандыру көзделген. Атап айтқанда, спорттық және ба­лалар алаңын салу, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы нысандарды орналастыру, жаяу жүргіншілер мар­шруттары мен рекреация­лық аймақтарды қалыптастыру жос­парланған. Сонымен қатар, орналастыру нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін инженерлік инфрақұрылым жүргізіледі. Инвестициялық жоба нысандарына қолжетімділік ұлттық табиғи парк аумағындағы бақылау-өткізу пункті арқылы жүзеге асырылып, белгіленген өткізу тәртібі мен табиғатты қорғау талаптары қатаң сақталатын болады, – деді Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев.

Сонымен қатар, «Самал» көлі маңында жалпы ауданы 1 гектарды қамтитын Қарқаралы орманшылығы аумағындағы жалпы көлемі 1 гектар болатын эко-қонақүй салу көзделген. Бұдан бөлек, Қарқаралы орманшылығы аумағындағы «Комиссаровка» сайында жалпы ауданы 1,16 гектарды құрайтын эко-қонақүйдің құрылысын жүргізуге арналған жер учаскесі ұсынылып отыр. Руслан Төлепбаев кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық танытып, нақты инвестициялық жоба ұсынған жағдайда қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес конкурс жарияланатынын жеткізді. Әрі конкурс қорытындысы шыққаннан кейін жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге бір жыл, ал, нысанды салу жұмыстарына екі жыл мерзім берілетінін атап өтті.

Қарқаралы ұлттық табиғи паркі аумағында визит-орталық та бой көтереді. Қазіргі уақытта туризмді дамытудың кешенді тұжырымдамасы әзірленіп, оның аясында визит-орталық салу жобасы қарастырылған. Жобаны іске асыру үшін шамамен 200 млн теңге қажет. Егер аталған орталық іске қосылса, туристерді қабылдау сапасы артып, ақпараттық қызмет пен экологиялық ағартушылық күшейеді деп күтілуде. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары да ашылып, өңір экономикасындағы экотуризм үлесі әлдеқайда өседі дейді мамандар.

Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағында, Тасбұлақ шатқалында орналасқан Табиғат мұражайы 1987 жылы салынған. Екі қабатты ағаш ғимаратта емдік шөптер, фауна экспозициясы және демалыс бөлмесі бар көрме залдары орналасқан. Қазіргі уақытта келушілердің қызығушылығын арттыру мақсатында мұражайды заманауи технологиялармен жаңғырту жоспарлануда. Әуелі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілмек. Жөндеу жұмыс­тарынан кейін жаңадан интерактивті және мультимедиялық аймақ құрылады деп күтілуде. Одан бөлек, жаңа тақырыптық залдар да ашылмақ.

– Туристік және рекреация­лық қызметті ұйымдастыру ережелеріне енгізілген өзгерістер жер учаскелерін беру тәртібі айқын. Енді тендерлер өткізу рәсімі нақты рәсімделіп, жер учаскелерін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді пайдалануға беру тәртібі толықтай регламенттелді. Бұл инвесторлар үшін шарттардың ашық, болжамды әрі сенімді болуын қамтамасыз етеді.

– Жобаларды іске асыру кезінде әкімшілік және құқықтық кедергілер азаяды. Инженерлік коммуникацияларға қосылу жеңілдейді. Сонымен қатар, жобаларды дайындау және іске қосу мерзімдері қысқартылады. Мұның бәрі инвесторлардың мүдделерін қорғауға, құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Руслан Төлепбаев.

Мұражай аумағында жалпы көлемі 82 гектарды қамтитын зоологиялық қоршау орнатылған. Онда қазір бизондар мен маралдар бар. Алдағы уақытта бұл жаққа да азды-көпті өзгерістер енгізілмек. Яғни, жабайы жануарлардың мекен ететін ортасына барынша заманауи жағдай жасау көзделген. Келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында туристік инфрақұрылымды дамыту да көзделіп отыр. Атап айтқанда, бақылау алаңдары, күннен қорғайтын жабдықтар, ақпараттық стендтер мен QR-кодтар орнатылады. Бұл бастамалар экскурсиялық қызметтің сапасын арттырып қана қоймай, келушілерге ыңғайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді деп отыр мамандар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button