Жаңа техникалар табысталды
Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында Төтенше жағдайлар департаменті №17 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі алаңында арнайы қызмет құрылымдарына жаңа техникалар мен шатырлы дала лагерьлері табысталды. Шараға арнайы келген облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ құтқарушыларды мерекемен құттықтап, батыл жұмыстары үшін алғысын білдірді.
- Тілсіз жау және су тасқыны кезеңіндегі ауыр сәттерде сіздер аумақты және халықты төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз етуде міндеттеріңізді абыроймен атқарып келесіздер. Жедел және жанкешті жұмыстарыңыздың арқасында облыстың бірқатар елді мекендерінде су басу қаупін сейілтуге мүмкіндік туды, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Ерлан Жақанұлы көктемгі су тасқыны кезеңінде алдын алу шараларына белсене қатысқан ТЖД мен №52859 әскери бөлімінің қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыстады.
Мемлекеттік материалдық қордан 4 автоцистерна, 3 вахталық автокөлік, автосамосвал және жолаушылар автобусы төтенше жағдайлар департаментіне, вахталық автокөлік, бульдозер, тартқыш және экскаватор Ұлттық Ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының № 52859 әскери бөліміне берілді.
Сонымен қатар, құтқарушыларға қысқы шатырлар да қолданысқа ұсынылды. Бұл төтенше жағдайларда дала лагерлеріне эвакуацияланған халықты, төтенше жағдайларды жоюға тартылған жеке құрамды орналастыруға, медициналық пункттің, тамақтану пунктерінің жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
ТЖД қызметкерлері жыл сайын қажет техникалар мен жабдықтармен қамтамасыз етіп келе жатқан облыс басшылығына ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта да елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек ететіндеріне сендірді.
Жыл соңына дейін ТЖД бөлімшелеріне тағы да бірнеше жол талғамайтын көлік, автоцистерна және вахталық автокөлік сатып алынады деп жоспарлануда. Қазір құтқарушылардың құзырында 400-ге жуық техника бар.
Өз тілшімізден.
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.