АймақБас тақырыпБұқар жырау

Жаңа серпін, жаңа белес

Аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуы – тек ірі өндіріс орындарының ғана емес, сонымен қатар, облыс орталығымен іргелес жатқан аудандардағы атқарылып жатқан игі бастамалармен де көрініс табады. Жуырда ұйымдастырылған баспасөз туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Бұқар жырау ауданы көлемінде жүзеге асып жатқан ірі жобалармен, жаңа өндірістік нысандармен, әлеуметтік саладағы жетістіктермен және инфрақұрылымның жаңаруымен танысып қайтты. Баспасөз туры бағдарламасы аудан экономикасының түрлі қырын қамтыды: сүт өнімдерін өңдеу, жартылай фабрикаттар өндірісі, индустриялық аймақтағы зауыттардың қызметі, ауыл инфрақұрылымын жақсарту және әлеуметтік нысандардың құрылысын қамтыған мазмұнды шара болды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Құс фабрикасының қуаты

Аудан дамуының нақты мысалы – 2009 жылы құрылған «Үштөбе құс» ЖШС құс фабрикасы. Кәсіпорын бүгінгі таңда жылына 150-160 миллион дана жұмыртқа өндіреді. Бұл – айына шамамен 13-14 миллион дана өнімді құрайды.

Құс саны – 577,8 мың, оның ішінде, мекиен тауықтар – 538,7 мың. Фабрика өнімдерін көпшілік «Курочка Ряба» сауда маркасы арқылы жақсы біледі. Қазірдің өзінде өнім Қарағанды облысының нарығын толық қамтамасыз етіп отыр. Одан әрі Астана қаласына, әрі қарай Шығыс Қазақстан облысына жөнелтіледі.

Құс фабрикасында 230 адам тұрақты жұмыс істейді. Еңбек ұжымы негізінен көрші елдімекендер – Құрма, Жұмабек, Доскей ауылдарының тұрғындары. Жұмыскерлер кәсіпорын арнайы ұйымдастырған 3 автобуспен тасымалданады. Кәсіпорынның басшысы – Валерия Семенова. Ол – өз саласының маманы, тәжірибелі зоотехник.

– Құс шаруашылығында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қазіргі таңда фабрикада барлық жүйе толық автоматтандырылған. Жұмыс үдерісі заманауи технологияларға негізделген, – деді ол.

Жұмыртқа ішкі нарықпен қатар, Тәжікстан, Ауғанстан және Қырғызстанға экспортталады. Ал, әлеуметтік әріптестік аясында «Аян», «Оптима», «Корзина» секілді супермаркеттерге бірінші санаттағы жұмыртқалар әлеуметтік норма бойынша белгіленген төмендетілген бағамен жеткізіледі. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығына оң әсер етуде.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау тетіктері де өз нәтижесін беруде: 2022 жылы кәсіпорынға 411 млн теңге көлемінде субсидия берілген. Бұл қаржы өндірісті жетілдіруге, жаңғыртуға және жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік туғызған.

Дәм мен дәстүр үндескен

Өндірістің өрісі кеңіп, өңірдегі азықтүлік қауіпсіздігіне үлес қосқан ірі кәсіпорындардың бірі – «Қарағанды нан» компаниясы. 1996 жылы іргетасы қаланған бұл кәсіпорын алғашында тек нан өнімдерін өндірумен шектелген болатын. 2010 жылдан бастап, нарық талабына бейімделіп, жартылай фабрикаттар өндірісін қолға алды. Бүгінде компанияда 220 адам еңбек етеді. Осылайша, отандық тағам өндірісіндегі өз орны бар әлеуетті кәсіпорынға айналды.

Компания басшысы Павел Альясов өндіріс үдерісіне жаңашылдық енгізіп, технологиялық жетілдіруге басымдық беріп келеді. Ең бастысы, тұтынушы сенімі. Сол себепті де, кәсіпорын шошқа өнімдерін пайдаланудан толық бас тартып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал» сертификатын алу бағытында нақты жұмыстар атқаруда.

Кәсіпорынның кулинарлық цехы бүгінде айына 120 тоннаға жуық өнім өндіреді. Бұл – тұшпара, манты, тартылған ет өнімдері секілді күнделікті сұранысқа ие тағам түрлері. Өнімдерінің сапасына жауапкершілікпен қарап, «Ақнар» құс фабрикасынан алынған етті пайдаланады. Бұл – таза әрі сертификатталған шикізатпен жұмыс істеудің тағы бір дәлелі.

Жартылай фабрикаттар нарығында бәсекелестік жоғары екені белгілі. Алайда, «Қарағанды нан» компаниясы сапа мен тұтынушыға деген адал ниет арқылы өз орнын сақтап келеді. Бүгінде өнімдер Павлодар, Жезқазған, Көкшетау қалаларына жөнелтіліп, өңіраралық нарықта да сұранысқа ие.

Компанияның әлеуметтік көмек саясаты да құптарлық. Жыл сайын жұмысшы-қызметкерлердің балаларына арнап, күзгі мектеп маусымында оқу құралдарын алып беріп, әлеуметтік қолдауды дәстүрге айналдырған.

Инновация һәм инженерлік шеберлік тоғысқан тұс

Ат басын бұрған келесі маңызды нысандардың бірі – резеңке-металл өнімдерін өндіретін «Polymet Solutions Corporation» ЖШС болды. Бұл – Орталық Азия кеңістігінде теңдесі жоқ, тау-кен металлургия кешеніне арналған футеровка өндірісімен айналысатын бірегей жоба.

Футеровка – қарапайым тілмен айтқанда, шарлы диірмендердің ішкі қабырғаларын тозудан қорғайтын резеңке-металл. Ол тек қорғаныс қызметін ғана атқарып қоймай, диірменнің өнімділігін арттырып, жұмыс тиімділігін оңтайландырады. Металл мен резеңке элементтердің үйлесімі – соққыны сіңіріп, тозуға қарсы тұруды ұзартады. Нәтижесінде, жабдықтың қызмет ету мерзімі ұзарып, ұнтақтау сапасы артады, дыбыс пен діріл деңгейі айтарлықтай төмендейді.

Жобалық қуаты жылына 413,7 тоннаға дейін жететін кәсіпорын өнімдері қазіргі таңда тау-кен байыту саласынан бастап, химия, цемент өнеркәсібіне дейін кеңінен қолданылады. Резеңке-металл плиталардың жеңіл салмағы мен модульдік құрылымы – техникалық қызмет көрсету үдерісін жеңілдетіп, зауыт жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз етеді.

Кәсіпорында заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған өңдеу орталығы бар. Мұнда болаттан, шойыннан, алюминий мен қоладан жасалған бөлшектерге жоғары дәлдіктегі өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы іске қосылған «Okuma» атты фрезерлік өңдеу орталығы – бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи құрылғы. Жапониялық құрылғы – авиация, энергетика, машина жасау секілді салаларда пайдаланылатын дәл әрі тұрақты жабдықтар өндіретін әлемдік бренд.

«Polymet Solutions Corporation» бұл жүйені қолдану арқылы Қарағандыны технологиялық өндіріс картасына батыл енгізіп отыр. Озық технология мен инженерлік білімнің синтезі бұл өндірісті тек жергілікті емес, халықаралық деңгейге де шығаруға жол ашуда.

Компания бас директоры Қуандық Қазанғапов алдағы жоспарларға тоқталып өтті.

– Біз үшін өнімнің беріктігі мен ұзақ мерзім кәдеге жарауы – басты міндет. Жаңа технологиялар арқылы диірмендердің қуат тұтынуын азайтып, тиімділігін арттырып келеміз. Қазір шойын өнімдерін қатар шығару мақсатында арнайы экономикалық аймақтан қосымша 10 гектар жер алдық. Құрылыс өткен жылдың желтоқсанында басталды. Ол өндіріс ашылған соң жұмыс күшін одан әрі нығайтамыз, – деді ол.

Зауыт – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Бұл аумақта бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалған: салықтық жеңілдіктер, логистикалық инфрақұрылым, кедендік артықшылықтардың барлығы кәсіпорынның даму қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.

– Біз өндірісті ұдайы жаңартып, әр қадамымызды жоспарға негіздейміз. Алдағы уақытта резеңке-металл төсемдерінің жаңа түрлерін шығаруды көздеп отырмыз. Сол себепті де, сапалы жұмыс істеу үшін жаңа технологиялармен жабдықталып жатырмыз, – деді инженер-технолог Галина Харасова.

Бүгінгі таңда компания жоғары сапалы, халықаралық стандарттарға сай өнім шығарумен қатар, жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсетіп, жоғары жалақы ұсыну арқылы әлеуметтік жауапкершілігін де айқын танытуда. Сонымен қатар, Болгария мен Ресей нарығына шығу жоспары бар.

Бір сөзбен айтқанда, «Polymet Solutions Corporation» – тек бір зауыт емес, ол инновация мен инженерлік озық ойдың тоғысқан торабы. Мұндай тың жобалар еліміздегі өндірістің өркендеуіне оң ықпал етері анық.

«Арлан» спорт кешенінде

Ауылда ашылған әрбір жаңа нысан – сол өңірдің өміріне серпін беріп, болашағын бағдарлайды. Сол игілікті істің жарқын мысалы – Ғабиден Мұстафин ауылында бой көтерген «Арлан» спорт кешені.

Ел ертеңі – ауылда. Осыны басшылыққа ала отырып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ашылған бұл кешен тіршілігі қыз-қыз қайнаған ауыл өміріне жаңа тыныс беріп отыр. 2025 жылдың басында есігін айқара ашқан спорт кешені бүгінде 9 түрлі спорт бағыты бойынша жұмыс істеп, 500-ге жуық жас спортшыны тәрбиелеуде. Ауылдық жер үшін бұл – үлкен көрсеткіш. Қатардағы шағын спортзал емес, нағыз ауқымды инфрақұрылымға ие кешен деп айтуға толық негіз бар. Мұнда барлығы 11 жаттықтырушы әр спорт түрінен үйірмелер жүргізіп, балаларға сапалы білім мен саламатты өмір салтын ұстануға баулып келеді.

Спорт кешенінің басшысы Ерназар Баткенов алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Мен өзім каратэ спортынан жаттықтырушымын. Амандық болса, қараша айында Жапонияда өтетін әлем чемпионатына жас спортшыларды апарып, ел намысын қорғауға ниеттіміз. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, біздің кешенге тек осы ауылдан ғана емес, көрші елдімекендерден де спортқа құштар балалар келіп жүр, – деді Ерназар Дәулеткелдіұлы.

Спорт кешенінің екінші қабатында алдағы оқу жылында музыкалық мектеп ашу жоспарланған. Қазірдің өзінде барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Барлық үйірмелерге қатысу тегін. Өйткені мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Демек, бұл кешен – тек дене шынықтыру емес, рухани дамуға да жол ашатын кешен болмақ.

Тынысы ашылған жаңа ФАП

Ауылдық жерлерде медицинаны дамыту – соңғы жылдары атқарылып келе жатқан маңызды бастамалардың бірі. Тұзды ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің салынуы – сол елдімекен тұрғындарының көптен күткен қуанышы. Бұған дейін ауыл жұрты кеңес үкіметінен қалған ескі ғимаратта медициналық көмекке жүгініп келді. Ол ғимараттың іші суық, ауызсу жүйесі жоқ болатын. Жыл сайын құлаған қабырғасын қалпына келтіріп, әктеу жұмыстары жүретін. Ал, қазір қиыншылықтың бәрі артта қалды десе болады.

Тұзды ауылында 617 тұрғын бар, ал медициналық көмектің қолжетімді әрі сапалы болуы олардың алысқа ат арылтпай-ақ, дер кезінде көмекке жүгінуіне оң ықпал етеді.

Жоба 2024-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылды. 195 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген бұл нысанның қазіргі таңда 95 пайызы дайын. Су мен электр желісі толық тартылған, алдағы айда пункт өз жұмысын бастайды.

Ауылда 30 жыл мейірбике болып қызмет атқарып келе жатқан Гүлнар Жұмабекова көптен күткен қуанышына жүрекжарды пікір білдірді:

– Осы ФАП-тың ашылатынына өте қатты қуаныштымыз. Көп жылдан бері ауылда қарапайым көмектің өзіне зәру болып келдік. Енді жаңа нысан бар, жарық бар, су бар. Менен бөлек бұл жерде санитар мен акушер, барлығы үш маман қызмет ететін болады. Ашылуын асыға күтіп отырмыз, – деді Гүлнар Базарбайқызы.

«Тәні саудың – жаны сау» демекші, ауыл медицинасы әр ауылда дәл осындай жаңа деңгейге көтерілгенде халықтың келешегі кемел бола түспек.

Тұрақтылық пен серпінді дамудың үлгісі

Баспасөз туры соңында Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөнінде жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, аудандағы даму көрсеткіштері тұрақты динамикаға ие. Экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жетілдіру және әлеуметтік түйткілдерді жүйелі шешу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

– Биылғы есеп бойынша аудан экономикасы 43 пайызға өсіп, тұрақты даму бағыты сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай серпін бар. Соңғы алты айдың қорытындысында бұл саладағы өндіріс көлемі 59,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 65 пайызға артты, – деді аудан әкімі.

Ел игілігіне жұмыс істеп тұрған «Сарыарқа» еркін экономикалық аймағының да жұмысы жандануда. Қазіргі таңда мұнда оннан астам резидент кәсіпорын жұмыс істеп тұр. 85,5 миллиард теңгені құрайтын бес жоба биыл іске қосылады деп жоспарлануда.

Аудандағы шағын және орта бизнес нысандарының саны 3 мыңнан асады, бұнда 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бюджет тарапынан 682 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілген жобалар бар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аймақтық туризмді дамытуға да баса назар аударуда. Ауданда бүгінгі таңда 11 туристік нысан жұмыс істейді. Әкімнің айтуынша, болашақта «Семізбұғы» өңірінің туризм әлеуетін жандандыру көзделіп отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Биылғы өнім көлемі 94,7 миллиард теңге. 146 мың гектар жерге егіс егілген, оның ішінде, 4 500 гектар – майлы дақылдар, 2 500 гектар – картоп, 236 гектар – көкөніс алқабы.

Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 659 миллион теңгенің пилоттық бастамасы қаралып, 23 жоба қолдау тапқан. Ал әлеуметтік осал топтарға арналған тауарлық несие жобасы аясында 6 ірі шаруа қожалығы 13 отбасыға 200-ге тарта ірі қара мал берген.

Аймақтағы ауызсу мәселесі де толық шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда аудан халқының 99 пайызы орталықтандырылған таза сумен қамтылған. Ерекше атап өтерлігі, Алабас және Аюлы ауылдарына ауызсу күн энергиясымен тартылып, тұрғындарға тегін ұсынылуда. Экологиялық тұрғыдан тиімді әрі әлеуметтік қолжетімділіктің бір үлгісі.

– Бұқар жырау ауданы – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы тең өркендеген, инфрақұрылымдық даму мен дәстүр үйлесім тапқан өңір. Біз өңір халқының тұрмыс сапасын арттыру үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға ниеттіміз, – деді Ерлан Құсайын.

Осындай тың бастамалар мен серпінді жобалар Бұқар жырау ауданының болашаққа деген сенімді қадамын айқын көрсетеді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button