Жаңа саябақ – тұрғындарға
Абай ауданының орталығында Тұңғыш Президент күніне орай күрделі жөндеуден өткен қалалық саябақ ашылды.
Мамыр айынан жөндеу жұмыстары басталған саябақтың сәні кірген. Мұнда Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған «Даңқ» монументі, шағын сәулет мүсіндері, «Жауынгер-интернационалистер», «Жас отбасы» мүсіндік композициялары, сахна, екі субұрқақ орнатылып, демалыс сәкілері, заманауи спорттық және балалар ойын алаңдары жасақталған. Құрылыс жұмыстарына аудандық бюджеттен 325 млн. теңге жұмсалды.
Саябақтың ашылу салтанатында «Даңқ» монументінің лентасы қиылды. Ескерткіштің ұзындығы – 16 метр. Гранитпен қапталған қабырғасына Абай ауданынан қан майданға аттанған 702 азаматтың есімі қашалған.
Осы жерде «Мәңгілік алау» тұтатылып, гүл шоқтары қойылды. Бір минут үнсіздік жарияланды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Мағзин сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын мерекемен Елбасының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталып кетті.
Сонымен қатар, тыл ардагері, Абай ауданының Құрметті азаматы Николай Дудкин, аудандық жауынгер-интернационалистердің ардагерлер кеңесінің төрағасы Юрий Родин және 11 сынып оқушысы Айдын Әлібеков жылы лебіздерін жолдады. Салтанатты рәсім аудандық Мәдениет үйі ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.
Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.
АБАЙ ауданы.