Жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізу қарастырылған
«Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет ағымдағы экономикалық реформалар аясында бірқатар шаралар әзірледі. Соның ішінде салықтық әкімшілендіру бойынша оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдау үшін тек 44 қызмет түрін ғана тыйым салынған тізімде қалдырылды” деп хабарлайды Ortalyq.kz Үкіметке сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі. Бұл микро және шағын бизнеске қатысты келесі жайттарды көздейді: камералдық бақылау алынып тасталады, салықтық тексерулер жүргізілмейді, сот органдарына тіркеуді, қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады.
– Салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады. ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асып кеткен салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында камералдық және салықтық тексерулер жүргізбей-ақ, оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі. Бұл жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді ҚР қаржы министрі.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ