Жаңалықтар

Жаңа құрам іске кірісті

Қарағанды облысының Қоғамдық кеңестің жаңартылған құрамы алдағы үш жыл бойы аймақ тұрғындарының мүддесін қорғайтын болады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен кеңестің биылғы жылғы бірінші отырысында белгілі болды. Кеңес құрылғалы оның төртінші құрамының алғашқы отырысын облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов ашып, жаңа құрамның алдында тұрған міндеттерді айқындап берді.

Қоғамдық кеңеске 2025-2028 жылдар аралығында жұмыс істейтін 36 мүше енді. Олардың барлығы өз саласының кәсіби мамандары және қазіргі уақытта облыстық мәслихат депутаттары құрамында жоқ. Кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру үшін 85 өтініш қаралғанын айту керек. Негізгі құрам 80 пайызға жаңартылған және қосымша резервтік тізім жасақталған.

– Қоғамдық кеңестің қызметі – жауапты әрі маңызды миссия. Сіздер халық пен билік арасындағы байланыстың берік көпірі боласыздар. Әрқайсыларыңыздың азаматтық ұстанымдарыңыз бен кәсіби тәжірибелеріңіз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады деген сенімдемін, – деді облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов.

Оның айтуынша, 9 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылып, олар кандидаттарды мұқият іріктеп, жаңа құрамды жасақтаған. Ал, кеңес мүшелерін іріктеуді жүргізген арнайы жұмыс тобын Ғабит Тұяқов басқарды.
Ұйымдастыру шаралары барысында Қоғамдық кеңестің төрағасы және тұрақты комиссиялардың басшылары сайланды. Кеңес төрағалығына мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Серікжан Байбосынов ұсынылып, көпшілік тарапынан қолдау тапты.

Серікжан Берікбайұлы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры.

Жаңадан сайланған төраға әріптестеріне алғыс білдіріп, Қоғамдық кеңестің алдындағы міндеттерді атап өтті.

– Құрметті әріптестер, маған білдірген сенімдеріңізге алғыс білдіремін. Біз заңға сәйкес қоғамның мүддесін қорғаймыз. Кеңес отырыстарында маңызды мәселелер талқыланатындықтан, әрқайсымыз бұл іске аса жауапкершілік танытуымыз керек. Үлестеріңізді қосатындарыңызға сенімдімін. Менде де бірқатар идея бар. Білікті әріптестерден құралған жұмыс топтарымен бірлесе отырып, барлық мәселенің шешімін табатынымызға сенімдімін. Қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты – халықтың мүддесін қорғау, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылау және шешу жолдарын ұсыну. Әріптестеріміздің белсенділігі мен біліктілігінің арқасында алдағы уақытта нәтижелі жұмыстар атқарамыз деген ойдамын, – деді ол.

Тұрақты комиссиялардың басшылары да анықталды. Экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комиссияға Сержан Аймақов, құрылыс, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен экология мәселелері бойынша комиссияға Руслан Никонович басшылық ететін болды.

Өнеркәсіп саласы, шағын және орта бизнес, аграрлық сектор және жер мәселелеріне қатысты комиссияны Ниқанбай Омарханов, ал әлеуметтік сала, әлеуметтік қорғау және қоғаммен байланыс комиссиясын бұрынғы төраға – Жәнібек Садықанов басқарады. Жемқорлықпен күрес және адам құқықтарын қорғау бағытындағы комиссияның төрағасы болып отставкадағы полковник Жандос Сыздықов сайланды.

Жиын соңында Нұркен Кобжанов жаңадан сайланған мүшелерге жұмыс куәліктерін табыс етіп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Облыстық Қоғамдық кеңестің келесі отырыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып, өңірдегі қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленеді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button