Жаңа құрам іске кірісті

Кеше облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара АЙМАҒАМ­БЕ­ТОВТІҢ төрағалығымен Қарағанды облыстық мәслихатының VII шақырылымының I сессиясы өтті.

Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жаңадан сайланған депутаттар құрамына зор табыс, жемісті еңбек тіледі.

– Алғаш рет Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына сайлау партиялық тізімдерді ұсыну бойынша, сондай-ақ әйелдер мен жастар үшін партиялық тізімдерде 30 пайыздық квотаны сақтай отырып өтті. Облыстық мәслихаттың жаңа құрамы төрт партиядан тұрады. Саяси көзқарастардың әр түрлілігіне қарамастан, Сіздер ең алдымен әділдік пен адалдыққа негізделе отырып, біздің облысымыздың игілігі үшін жалпы сараланған шешімдер қабылдауларыңыз керек. Жалпы, депутаттық корпусты түрлі мамандықтағы адамдар қалыптастырды. Сіздердің араларыңызда дәрігерлер, мұғалімдер, фермерлер, кәсіпкерлер бар. Сайлау алдындағы насихат жұмыстары кезінде Сіздер облыстағы жағдайды мұқият зерттедіңіздер, біздің барлық проблемаларымыз бен артықшылықтарымызды білесіздер. Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жаңадан сайланған депутаттарға. Құрылтай сессияда облыстық мәслихаттың хатшысы болып Серік Өтешов қайтадан сайланды. Оның кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, бес тұрақты комиссияның құрамы сайланды: бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша; әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау бойынша; өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық және жер мәселелері бойынша; құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық және экология бойынша; депутаттық өкілеттік, этика, заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері бойынша. Сессия барысында Nur Otan партиясының облыстық мәслихатының депутаттық фракциясы тіркелді. Айта кетейік, облыстық мәслихаттағы депутаттық мандаттар сайлаушылар дауысының жеті және одан да көп пайызын алған саяси партиялар арасында бөлінді. Облыстық мәслихаттың құрамы тұңғыш рет төрт партиялы болып өзгерді. Алдыңғы VI-шы шақырылымда облыстық мәслихатта 42 депутат болса, бұл жолы олардың саны 4 мандатқа қысқарды. Осылайша, жалпы 38 депутат сайланды. 29 мандатты Nur Otan партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» және Қазақстанның Халық партиясының әрқайсысы үш мандаттан иеленді. «Облыстық мәслихаттың құрамы 60%-дан аса жаңартылды.

Депутаттар арасында әйелдер мен жастар көп. Таңдалғандардың жасы 30-дан 70 жасқа дейін» дейді облыстық сайлау комиссиясының өкілі. Депутаттар келесі сессияда мәслихат шешімдерінің орындалуы мен өңірдегі жастар саясатының іске асырылуын талқылайтын болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.