Жаңа пойыз жолға шықты


Сәрсенбі күні «Қарағанды – Жезқазған» бағыты бойынша қатынайтын пойыз өз жұмысын бастады. Қарағандылықтар алғашқы рейсіне шыққан №610/609 жолаушылар тасымалдаушы пойызын салтанатты түрде мысты өңірге шығарып салды.

Аймақ басшысы Ерлан Қошановтың тікелей қолдауымен жолға шыққан жаңа пойыз жұп күндері жүреді. Екі купелік, үш плацкартты және бір жалпы вагоннан құралған жолаушылар пойызы 320 адамды тасымалдауға қауқарлы. Аталмыш бағытта пойызды жасақтау туралы шешім қос қала арасында жолаушылардың өтінішінен кейін жасалған. Вагондардың іші теледидар, салқындатқыш, ыстық-мұздай сумен қамтамасыз етілген. Қыстың аязды күндерінде жылы, жаздың қайнаған аптапты күндерінде салқын болады. Бағасы да қымбат емес. Билеттер құны басқа жолаушы тасымалдау пойыздарының бағасымен салыстырғанда 20%-ға төмен. Нақты айтқанда, вагон-купеге билет 3197 теңгені құрайды, плацкартқа – 2071 теңге, жалпы вагонға – 1238 теңге.
Әскербек ХАЛТОНОВ, Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– Елбасы Жолдауында транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды дамытуды тапсырды. 2017 жылға дейін «Қарағанды – Жезқазған» пойызы екі күнде бір рет «Астана – Жезқазған» пойызымен алмасып жүрген болатын. Одан кейін астаналық пойыз күн сайын жүрді. Сондықтан, Қарағандыдан жүретін рейс алынып тасталды. Дегенмен, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданына іс сапары барысында жергілікті халық бұл теміржол маршрутын қайта қосуды сұраған болатын. Осы өтініштерді ескере келе, аймақ басшысы облыстық бюджеттен 263 млн. теңге бөлуді тапсырған. Осы қаражат есебінен және де Қарағанды облыстық әкімдігі мен «Қала маңындағы тасымал» АҚ арасындағы 10 жыл мерзімге маршрутты субсидиялау келісімінің арқасында пойызды іске қосу мүмкін болды. Бұл Жезқазған, Сәтбаев қалаларын және Ұлытау ауданын облыс орталығымен сапалы көліктік байланысымен қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектеседі.
«Қала маңындағы тасымал» АҚ Президенті Мұхтарбек Сүлейменов­тің айтуынша, пойыздың жүру кестесі ыңғайлы. Аталмыш жолаушылар пойызы 27 аялдамаға тоқтайды, облыстың бірнеше аудандарынан өтеді.
– Жолаушылардың кең, ыңғайлы, жұмсақ орындықтарда отырып, өздері діттеген стансаға дейін шаршамай жетуі үшін барлық жағдай жасалған. Жол жүру құны да басқа пойыздармен салыстырғанда, 20 пайызға арзан. Пойыз Қарағандыдан кешкі сағат 20.00-де қозғалады. Жезқазған қаласына дейін 14 сағат жүреді. Егер, тоқтайтын жерлерді азайтса, уақытты 12 сағатқа дейін қысқартуымыз мүмкін. Бұл тұрғындар үшін өте қолайлы әрі тиімді. Бүгіннің өзінде билеттер толығымен сатылып кетті, – дейді Мұхтарбек Сүлейменов.
Жолаушылар жаңадан келген вагонның ішкі жабдықтарымен танысып, көп қуанышына ортақтасып, жылы ле­біздерін білдірді.
«Қарағанды – Жезқазған» бағытындағы отарбаның жолға шығар алдындағы алғашқы қоңырауы да соғылды.
Алдағы уақытта облыс басшысы пойыздың жоспар бойынша жүруіне барынша күш салады. Бұл Президенттің көлік пен логистикалық инфрақұрылымды дамыту тапсырмасын орындауға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі болып отыр.

Нұрдос КӘРІМ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.