Жағымды жаңалық

Жаңа оқу жылында – жаңа ғимарат

Облыста үлкен оқушылар сарайы жоқ дегенге сенесіз бе? Жоқ емес бар, бірақ қазіргі балалар мен жасөспірімдер сарайы заманауи талаптарға сай келмейді. Осы мәселе бірнеше жыл бұрын жоғары жаққа жетіп, күрмеуі шешілген-ді. Міне, биыл облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА тамыз кеңесінде жаңа оқу жылында Оқушылар сарайы жұмысын бастайтынын мәлімдеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының өңірге сапары барысында облыс орталығында үлкен Оқушылар сарайының салынатынын айтқан болатын. Содан кейін 10 мың шаршы метр болатын ғимараттың макеті жасалып, құрылысы басталды. Биыл карантиндік талаптарды сақтай отырып, ғимарат қолданысқа беріледі. Жаңа оқушылар сарайы тұтас педагогикалық жүйе ретінде қалыптасуда. Оның міндеті – мектеп жасына дейінгі балалар мен оқушыларға коммуникацияның, қызығушылықтар бойынша қызметтің және кәсіби бағдар беруде кең мүмкіндік беру.

– Оқушылар сарайында жеті бағыт бойынша 50-ден астам үйірме жұмыс істейді. Бір аптада 4 мыңға жуық бала барса, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктерін қажет ететін балалар бар. Жергілікті бюджеттен сарайды қосымша жабдықтауға 300 мың теңге бөлінді. Бұл қаражатқа зертханалар мен студиялардың жабдықтары сатып алынды. АRT-студия, PROFI-орталық, MakerSpace коворкинг-орталығы, фитнес-залдар, DISCOVERY ерте дамыту орталығы, IT-сынып, HI-TECH цех. Led-экранмен жабдықталған акт залы 605 орынға есептелген, онда ауқымды қалалық іс-шаралар мен конкурстар өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Шектеу іс-шаралары жағдайында сабақтар бас санитарлық дәрігердің қаулыларының талаптарына сәйкес жүргізілетін болады.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button