Жаңалықтар

Жаңа Оқу-ағарту министрі тағайындалды

Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Сурет kazgazeta.kz

Жұлдыз Сүлейменова — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII және VIII шақырылымдарының депутаты, PhD докторы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі.

Парламенттік қызметі аясында Жұлдыз Сүлейменова халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және ғылым жүйесін дамыту, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысады.

Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамына кіреді. Сондай-ақ ол «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары және партияның Әйелдер қанатының тең төрағасы қызметін атқарады.

Өз қызметінде ол әсіресе ауылдық аймақтарда әйелдердің білім мен ғылымға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударады.

Жұлдыз Сүлейменованың жұмысы әлеуметтік міндеттерді шешуге және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған заңнамалық бастамалар мен қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау арқылы жүзеге асырылады.

2000-2004 жж. – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Тарих факультеті, «Тарих» мамандығы бойынша бакалавриат;

2006-2008 жж. – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, «Мәдениеттану» мамандығы бойынша докторантура;

2008-2011 жж. ҚазҰУ докторантурасын «Философия және саясаттану» мамандығы бойынша бітірді. 2012 жылы «Мәдениеттану» мамандығы бойынша PhD дәрежесін алды.

2000-2004 жылдары — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік өзіндік басқарма төрағасы болды.

2004-2006 жылдары — Алматы Экономика және статистика академиясының Ақтөбе институтының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы болды.

2006-2007 жылдары — «Отан» Республикалық саяси партиясы филиалының Ақтөбе облысы бойынша жастар ісі жөніндегі кеңесшісі, «Жас Отан» Жастар қанаты республикалық кеңесі төрағасының орынбасары болды.

2007-2008 жылдары — Ы. Алтынсарин №159 көпсалалы гимназиясының тарих және құқық пәнінің мұғалімі (Алматы) болды.

2010-2011 жылдары — Қазақ ұлттық аграрлық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректорының орынбасары, жастар әкімшілігінің төрағасы болды.

2011 ж. — Халықаралық бизнес академиясының студенттермен жұмыс жөніндегі деканы.

2011-2012 жылдары — Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бас ғылыми хатшысы болды.

2012-2014 жылдары — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері;

2014-2017 жылдары — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Білім беру саясаты және бағдарламалар департаменті директорының орынбасары;

2017-2019 жылдары — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Даму департаментінің директоры болды;

2019-2021 жылдары — Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» директоры;

2021 жылдың 15 қаңтарынан 2023 жылдың 19 қаңтарына дейін — «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің VII сайланым депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі[1]. 2022 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Президентінің қарамағындағы Ұлттық Құрылтайға мүше болды[2].

2023 жылдың 29 наурызынан бастап — «Аманат» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII сайланым депутаты болды[3].

Біліктілікті арттыру және тағылымдамалар:

  • «Мектептегі басқару және көшбасшылық» курсы, Пенсильвания университеті, АҚШ (2013 ж.);
  • «Мектептің кәсіби бағдар беру жұмысының заманауи тәсілдері», Сеул қ., Оңтүстік Корея (2013 ж.);
  • «Жалпы орта білім беретін мектеп директорларының қызметіндегі ұйымдастырушылық, техникалық, психологиялық және инновациялық әдістемелер (Корея Республикасы тәжірибесінде)», Сеул қ., Оңтүстік Корея (2013 ж.);
  • Витаутас Великий университеті, Литва (2014 ж.);
  • «Кураторлық жұмысты ұйымдастыру», Сеул қ., Оңтүстік Корея (2014 ж.);
  • «Design thinking» («Дизайндық ойлау») курсы, Кремний жазығының Инновациялық орталығы, АҚШ (2014 ж.);
  • «Трансформативті құзыреттер арқылы табысты білім беру», Оулу және Хельсинки қ., Финляндия (2018 ж.);
  • Педагогикалық шеберлік орталығы курстары:
    • «Инновациялық білім берудің инфрақұрылымдық әлеуеті: әкімшілік команданың жеке тиімділігі»;
    • «Зияткерлік көшбасшылықты дамыту жағдайында оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері»;
    • «Педагогтің жеке дағдыларын дамыту»;
  • «Әлемді өзгертетін идеялар», Елбасы – Ұлт көшбасшысы кітапханасы (2016 ж.).                                                        Марапаттары:
  • 2005 — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Алғыс хаты;
  • 2006 — Қазақстан Республикасы Жастар Конгресі «Жастар» сыйлығы;
  • 2015 — Басқарма төрағасының «Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамытуға қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасы;
  • 2015 — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы;
  • 2019 — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалі;
  • 2021 (2 желтоқсан) — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды;
  • 2021 (2 желтоқсан) — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды;

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button