Жаңа мурал пайда болды
Қарағандыда жаңа мурал «қабырғадағы сурет» пайда болды. Бұл өте ірі көлемді өнер туындысы Назарбаев даңғылы бойындағы №3 мектептің жанындағы ғимарат қабырғасына орнықты. Робототехника тақырыбында салынған көрнекті мурал «Урок 2041» деп аталады. Жаңа мурал Қарағанды қалалық ғылым орталығының жетекшілігімен жүзеге асырылған.

Муралды жасауға бір жыл бұрын ұсыныс тасталып, Қарағанды урбанистика орталығы арқылы орын белгіленіп, «PROFLAND» компаниясының басшысы Артем Слесаренконың демеушілігімен аталған туындының тұсауы кесілді.
Артем Слесаренко – жеке өнеркәсіппен айналысатын кәсіпкер, әрі бизнес жаттықтырушы. Оның айтуынша, ең бастысы – сапалы өнім шығару. Өзінің сұхбатында ол әрдайым дамуды, болашаққа бағдар жасап қолдайтынын, бастысы бізді қандай болашақ күтіп тұрғанын елестетіп, тайсалмай әрекет еткен абзал екенін айтады.
«Алдағы уақытта қала бойынша IT, Deep tech (ағылш. «терең технологиялар»), Space-Tech (ағылш. «ғарыштық технологиялар») тематикасындағы сапалы муралдардың көлемін арттырып, қоғамның санасын жаңғыртып, Қазақстанда қайталанбас отандық керемет технологиялық өнімдерді жасауға болатындығы, біз тек қана шикізат елі еместігіміз туралы жалпыға бірдей ой қалыптастыруды көздейміз. №3 мектеп маңындағы жеткіншектер жиі өтетін орынға робототехника тақырыбындағы өнер туындысын бейнеледік», – дейді Артем Слесаренко.
Урбанистика орталығындағы «Урок 2041» муралы тек робототехника мен IT тақырыбын айшықтамайтынын атап өтті:
«Бұл біздің әрбір кішкентай қадамдар арқылы құрылып жатқан болашақ туралы. Ол қандай қадамдар? Қоқыстарды тазалаңыз, балаңызға, жақындарыңызға табиғат пен жан-жануарларға құрметпен қарау керек екенін айта жүріп, көршілеріңізбен және әріптестеріңізбен жиі-жиі сенбілік ұйымдастырып ерікті болыңыз. Әр тұрғын өзіңе жауапты болған кезде бүкіл қала жұртшылығының болашағы жарқын болатындығына шын жүректен сенеміз», – дейді қалалық ғылым орталығы.
Көрнекті муралдың орындаушысы – дарынды қабырға суретшісі Бота Кенжебаева.
Айсұлтан КӘБІР,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің
II курс студенті