Жаңалықтар

Жаңа міндеттер межесі

«Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн.

Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек».

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Сурет vipusknik.kz

Адамзат баласының тарихында мән-маңызын еш жоғалтпайтын саланың бірі һәм бірегейі – білім беру. 1995-1996 жылдардан бастап, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі үздіксіз білім беру саласында қызмет етіп келе жатқан «Bolashaq» академиясына отыз жыл толып отыр. Сол шақта әлемдегі оқу орындарының тәжірибесіне сүйенген Білім министрлігі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ректоратына нарықты экономика талаптарын ескере отырып, жаңа тұрпаттағы (ақылы негіздегі білім) институт құруға ұсыныс жасап, ол Қарағандының маңызды білім беретін «Болашақ» институты болып құрылған еді. Алғашқыда ірі университеттің ауқымды бір бөлімі сияқты болып, оның оқу, оқу-әдістемелік, ғылым, тәрбие саласындағы ұстанымынан тәжірибе жинаған «Болашақ» институты уақыт өте келе, танымал оқу орнына айналды. Қаржы мүмкіндігін ұтымды пайдалану нәтижесінде сол уақыттан бастап, бүгінгі кезге дейін «Болашақтың» атқарған игілікті істері оны танымал етуге алғышарт болды.

Республикалық, тіпті, халықаралық деңгейдегі өнер бәсекелеріне Көңілді тапқырлар клубы сайыстарына, ұлттық болмысты жаңғырту мен насихаттау іс-шараларына, әлемдік спорттық жарыстарға қатысып жүлдегер болғандардың біразы осы оқу орнынан шыққанын марқая айтамыз. Бұдан бөлек, түрлі білім байқаулары, конкурстар, олимпиадалар, азаматтық ұстаным, дебаттар және басқа да сайыстарды қоссаңыз, жеткен жетістіктер мен бағындырған асуларды бағамдау қиын емес. Бәрінен бұрын дамып, қалыптасқан ортаны, жігерлі жастар мен оларға білім берген тегеурінді, жаңашыл оқытушы-профессорлар арасындағы органикалық байланысты, заңды эволюция­лық өсу жолы қалыптасты. Ең бастысы, аға буын мен орта және жас буын арасындағы негізгі білім беру мақсатына орай дәстүр сабақтастығы мен жаңашылдығы мықтап орнаған. Ал, мұны тереңдете қарастырсақ, бүгінгі студент, ертеңгі маманның болмысында адам мен қоғам, сана мен уақыт төрттағанының орын алуына мүмкіндік туғызды дер едік. Осыдан отыз жыл бұрын жекелеген аса қажетті мамандарды даярлау күн тәртібінде өткір тұрды. Сондықтан, «Болашақ» жоғары оқу орны маңызды білім беретін институт деп аталды. Ал, сол кездегі маңызды деп аталған мамандықтар қазір де Қарағандыдағы бірнеше ғана университет пен академияда бар. Біздің ұжым өз міндетінің негізгі өзегіне заманауи, тың, соны процестерді айналдыруға тырысты.

Қазіргі кезең ақпараттар ағынымен, алуан түрлі жарнама, түрлі көзқарас, пікір қайшылығымен ерекшеленетіні ақиқат. Озық технология, цифрландыру, зияткерлік ойындар, әлемдік деңгейдегі ғаламат қарқынмен дамып отырған жаһандану үрдісі, жедел түрде өзгеріске түсіп жатқан әлемдік геосаяси хал-­ахуал – бүгінгі студентті болашақ кәсібін, біліктілігін шыңдауға, мейлінше білімдар, жинақы, саяси қырағы болуға шақырады. Ал, бұл жоғары оқу орнының заманауи кезеңдегі салмақты ізденістерінің жандануына, аса ірі ауқымдағы білім кеңістігінде емін-еркін іс атқара алатын кадрлар даярлауына қозғау салады. Жоғарыда аталған озат та озық технологияларға біздің оқу орнымыз алғашқылардың бірі болып көшті. Материалдық-техникалық базаны үнемі жаңарту, заманауи спорт залдары, асхана, түрлі үйірмелер, жатақхана, бай кітапхана, оқу залы, заман талабына сай дәрісханалар, инклюзивті кабинет, «Coworking» орталығы студенттер үшін мейлінше қолайлы да тиімді жағдай жасау, ғылыми жобалар мен ғылыми жұмыстардың одан әрі өрістеуіне қажетті қаражат көлемін ұлғайту, халықаралық журнал мен «Болашақ-Баспа» жұмысын үнемі талапқа сай жетілдіріп отыру талқылаудан өткен стратегия­лық жаңа жоспарда қамтылған. Сөз жоқ, дәріскер ғалымдардың жетістіктері, студенттер мен магистранттардың біліктілік пен ғылым саласындағы биіктерден көрінуі, моральдық, іскерлік жағдайлардың қолайлылығы оқу орнындағы бірлік, ынтымақты нығайтып, тәуелсіз республикамыздың сапалы адам капиталын қалыптастыруға сеп болуда. Білім алушының еркіндігі, өз әлеуетін толық пайдаланып, оқу орнындағы қоғамдық жұмыстарға ұйымдастырушы болуы, өзін-өзі басқару саласына белсенділігі жақсы ортада ғана жүзеге аспақ. Академияның басты жетістіктерінің бірі де осында деп білген жөн.

Жалпы, идеология адамдар санасының ақиқатқа қатынасын анықтайтын және қабылдайтын саяси, құқықтық, адамгершілік, этикалық және философиялық идеялар мен көзқарастардың жүйесі десек, тәуелсіз ел идеологиясында болашақ мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарының көтерер жүгі мол. Біздің Академияның жоғары оқу орындары рейтингісінде жоғары орындардан көрінуі, аккредитация мен аттестациядан, институционалды тексерістерден сәтті өтуін қаперге алсақ, дуальді білім беру, кафедралар филиалдарын ашуы, байланысу жүйесінде жұмыс берушінің біздің түлектерімізге лайықты баға беруі, тиісті ұсыныстар жасау, қашықтақтан оқыту тәсілінің жолға қойылуы жаңа міндеттер жүктейтіні аян.

«Bolashaq» Академиясының отыз жылдық мерейтойы қарсаңында өткен жолымызға көз жүгіртіп, жетістіктерімізді саралап, болашақтағы міндеттерімізді айқындау – біздің басты мақсатымыздың бірі.

Қуанышбек АДАНОВ,
«Bolashaq» академиясының ректоры

Басқа материалдар

Back to top button