Басты тақырыпЖаңаарқа

ЖАҢА МЕКТЕППЕН ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА

   Бірінші қыркүйекте Жаңаарқа ауданынының 28 мектебі есігін айқара ашты. айтары жоқ, Жаңаарқа өңірінде білім беру сапасын арттыруға барынша көңіл бөлінуде. Саналы тәрбиенің, сапалы білімнің қолжетімділігіне ерекше назар аударылуда. Қазірғі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан шағын ауылға екі қабатты жаңа мектеп салып беріп отырғаны – соның жарқын көрінісі болса керек.

  Мұны Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жасалған тамаша тарту деп қабылдады жергілікті жұрт.

Откорм…

Шаруашылықтың бұрынғы атауы осылай аталыпты. Атқорым шығар деп тон пішіп жатыр қаламдас әріптесіміздің бірі.

Ал, менің ойыма откөрім сөзі орала береді. Шынында да барған жеріміз от еді. Қай үйдің ауласына көз жүгіртсеңіз де қоянжон маяларды көрер едіңіз. Оның үстіне шаруашылық аудан орталығынан небары үш шақырым жерде орналасқан. Откорм болса откорм шығар. Нағыз мал бордақылайтын жер екен дедік іштей мойындап.

Ауылдың бүгінгі атауы – Жұмажанов ауылы.

Мұқажан Жұмажанов осы өңірге, осы ауылға еңбегін сіңірген, барынша өсіп, көркеюіне атсалысқан еңбек торысы екен. Жұрт отырған орнынан қозғалып жатқанда бұлар көрші жаңартпады. Айтып отырған осы ауызбіршілікті ауылда мыңның үстінде ел тұрады екен. Түтінінің түзу ұшып жатқаны бүгінгі тірліктерінен айқын көрінеді. Үй, қора-қопсы сала бермей өзекті жанға керекті әлеуметтік көркем ғимараттар тұрғызып жатыр екен.

Кешегі кеңестік шаруашылық құрылымдары келмеске кетіпті. Олардың орнын шаруа қожалықтары басқан. Мал басы бұрынғыдай мыңғырап жатпаса да әр ауланың желісі бос еместігін де көзіміз шалып жатты.

Жаңадан Мәдениет үйі бой көтеріпті. Әкімшілік ғимараты да еңселілігімен көз тартады. Көк күмбезді мешіт те намазхандарға есігін айқара ашыпты.

Кеңестік құрылыстың соңғысы – мектеп үйі болса керек. Сол құрылыс бүгінде атқораға да жарамай тұр. Сөйтіп, Жұмажанов ауылы кеңестік құрылыстардан әбден тазарған сынды.

Жоғарыда санамалап шыққан ғимараттарымыз еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында бой көтерген нысандар. Сол санатқа, енді, міне, мектеп те кіріп отыр. Әрине, қазақстандық мектеп.

Жасыратыны жоқ, кеңестік заманда 150 оқушыға бола мектеп сала қоймайтын. Ал, біздің заманымызда салып отыр. Міне, қазақстандық көзқарас деп осыны айтады, міне, қазақстандық мектеп деп осыны айтады. Онда оқушыларға қажеттіліктің барлығы ойластырылған.

Мектептің ашылу салтанатына ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қарияларына дейін жиналған ба дейсің?! Құшақтары гүл шоқтарына толы бірінші сыныпқа барушылар ерекше көзге түседі.

Салтанатты жиында алаңда еліміздің көк байрағы көтерілді. Соңынан Әнұранымыз ойналды.

Облыс орталығынан осы шараға арнайы келген облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың құттықтауын жеткізіп, сөз сөйледі:

Қымбатты оқушылар!

Құрметті мұғалімдер, ата-аналар!

Сіздерді Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Білім беру саласының бүгінгі күнгі басты міндеті – болашақтың мамандарын, техниканың тілін жақсы білетін, экономика мен менеджмент саласында өз ісінің маманы болуға тиіс, инновациялық ой-өрісі қалыптасқан адами капиталды дайындау болып табылады.

Бүгінгі таңда қазақстандық мектептің заманауи үлгісін қалыптастыру, елімізде орта білім беру мазмұнын жаңарту, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мамандар даярлаудың қазақстандық моделін қамтамасыз ету, инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері талап етіліп отыр.

Балалардың бойында әуестікті, бастамашылдықты, табандылықты, көшбасшылық қасиеттерді, әлеуметтік және мәдени байлықты жетілдіру керек.

Осының бәрі классикалық білімдермен қоса, бес күндік оқу аптасына көшу, үштілділік пен он екі жылдық білім беру арқылы мектептегі білім берудің жаңартылған білім мазмұнына кіргізілген.

Қазіргі уақытта мектептегі білім берудің бірыңғай жаңартылған стандарты енгізілуде. Ол әлемдегі ең үздік әдістемелер бойынша дайындалып, ойлау мен функционалды сауаттылықты дамытуға және баланың өз әлеуетін ашуға бағытталған.

Қазақстандықтардың алдында тұрған тағы бір аса маңызды міндет – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстанның жаңа экономикалық саяси бағдарламасын, сонымен қатар, Елбасы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін белгілеген 100 нақты қадамды жүзеге асыру міндеті тұр. «Үш тұғырлы тіл» мемлекеттік бағдарламасы аясында мектептерде пән сабақтарын ағылшын тілінде жүргізу қолға алынуда.

Елбасы еліміздің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін қойды. Бұл білім беру жүйесінде инженерлік бейіндегі құзыретті мамандарды даярлауды өзгертуді талап етеді. Осыған байланысты облыс мектептерінде білім беретін робототехника барған сайын өзекті болып отыр. Биыл біздің облыс осы перспективалық бағытты енгізуде республикалық тірек алаңына айналды.

Қазіргі таңда робототехника зертханалары 35 мектепте жұмыс істейді. Облыстың барлық мектептерінде оқу жоспарының вариативтік бөлігіне робототехника курсы енгізілген.

Мемлекеттің қолдауымен сапалы және қолжетімді білім алуға қолайлы жағдайлар жасалған, жыл сайын білім саласына бөлінетін қаражат көлемі ұлғаюда, материалдық-техникалық базасы нығаюда, оқу процесіне жаңа технологиялар енгізілуде.

Бүгінгі күні облыс бойынша бір компьютерге 5,4 оқушыдан келіп отыр. Кең ауқымда интернет желісіне облыс мектептерінің 82 пайызы қосылған.

Осы орайда мемлекет тарапынан қолдау көрсету арқасында облыстық білім саласының бюджеті соңғы екі жылда 18 пайызға ұлғайып, биылғы жылдың өзінде дүние жүзіндегі күрделі экономикалық дағдарысқа қарамастан облыс бойынша білім саласына – 81,4 млрд. теңге бөлінгенін атап өткен жөн. Үстіміздегі жылы облысымызда – 2 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді, 285,5 миллион теңгеге 8 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша үш ауысымдық білім беруді жою мақсатында Сәтбаев қаласында 600 орындық және Қарағанды қаласында 1200 орындық мектептердің құрылысы басталды. Оларды пайдалануға беру келесі жылдың аяғына жоспарланып отыр.

Биылғы жылы облыс бойынша мектепке барлығы 185777 оқушы баратын болса, оның 23030-ы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бірінші сынып бүлдіршіні. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың айқын айғағы – бүгін сіздердің ауылда да жаңа мектеп ғимараты өз есігін айқара ашып, бүлдіршіндерді қабылдауға әзір болуы.

Бұл жаңа білім ошағы алдағы уақытта елімізге елеулі талай азаматтарды білім сусынымен нәрлендіріп, тәрбиелеп шығарады деген үміттеміз.

Осы айтулы мереке күні оқушыларды, мектеп ұжымының мұғалімдерін, ата-аналарды, әсіресе мектеп табалдырығын бірінші рет аттап отырған бүлдіршіндерді шын жүректен құттықтаймын!

Сіздерге жақсы көңіл-күй, зор денсаулық, білім жолында жаңа жетістіктерге жетулеріңізді тілеймін!

Одан кейін құттықтау сөзін аудан әкімі Ғабдырахман Омаров алған.

Бұл мектепті осы Ғабекеңнің перзенті десе де болады. Өйткені, мектеп үнемі аудан әкімінің тікелей бақылауында болған екен. Сырқаттанып қалып, ауруханаға түсіпті. Содан сұранып шығып келіп тұрған беті екен.

Ғабекеңнің айтуынша бұл мектепті пайдалануға беру оңайшылыққа соқпапты. Алдымен бұрынғы жатаған мектеп қауіпті деп танылған.

Мұндай мектепті болдырмау жөніндегі Елбасы тапсырмасының барлығы белгілі. Алайда, қаржы ресурсының тапшылығы қолбайлау болыпты. Содан жоба бірнеше рет қаралып, қорғалады. Жоба құнының 500 млн. теңгеден аспауы талап етіледі. Бірінші жылында 112 млн. теңге бөлінеді. Салушы құрылыс компаниясын да алыстан іздемейді. Бұрынғы халық қалаулысы Бабатай Тезекбаев осындағы «Стройтель ИН» құрылыс фирмасын басқаратын. Құрылыс тізгіні сол азаматтың қолына беріледі.

Обалы нешік, сол жылдың өзінде бөлінген қаржы игеріледі. Жылуын, тоғын, суын кейінге қалдырмай кіргізіп алады. Мұның өзі құрылыстың сапалы аяқталуына жол ашады.

Отандық болған соң, әрине, отандық құрылыс материалдары пайдаланылады. Шетелдік әлем-жәлем құрылыс материалдарынан бас тартады. Алайда, бәрібір қаражат тапшылығы білінеді. Сол жетпеген қаражатты облыс, аудан басшылығы болып іздестіріп, «Жүз аурухана, жүз мектеп» бағдарламасы бойынша шешеді. Соның нәтижесінде ауылдың көркін аша түскен осынау екі қабатты ғимарат бой көтерген.

Сондай-ақ, ардагер ұстаздар – Кенбай Бейсентаев, Жұмакүл Оспанова, мердігер құрылыс фирмасы директорының орынбасары Жаңабек Исин, аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат Имантүсіпов, облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Төтеев және басқалары ақжарма тілектерін білдіріп, сый-сияпаттарын жасады. Оның ішінде облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы өзі бас болып физика кабинетін жабдықтауға мұрындық болған екен.

Мектептің ашылу таспасын облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Қалиақбарұлы, аудан әкімі Ғабдырахман Игілікұлы, ардагер ұстаздар – Жұмакүл Оспанова мен Кенбай Бейсентаев қиды.

Кимешекті әжелер шашу шашып, тақиялы аталарымыз баталарын беріп жатты.

Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауымен сыныптардағы сабақтар басталып кеткен.

Биыл мектеп табалдырығын 142 өскін аттапты. Сыныптардағы бірінші сабақ еліміздің Ата Заңына арналыпты.

Екі қабатты мекен-жайда оқушыға қажетті барлық жағдай жасалған. Барлығы да ине мен жіптен жаңа ғана шыққандай. Қай кабинетке кірсеңіз де, шыққысыз екен. Қай сыныбына кірсең де, жап-жарық.

Асханасында болдық, спорт залына да бас сұқтық. Қайда барсаң беттері бал-бұл жанған оқушыларды көресің. Кеуделерін мақтаныш кернейді, білем. Және оларын жасыра алмайды. Мектебімді сағындым деп біреуі айтады. Партамды сағындым деп екіншісі айтады. Үшіншісі ұстазымды сағындым дейді.

Еңбек сабағы шеберханасында болдық. Ағаш жонатын, темір жонатын станоктар, іс тігетін машиналар зырлап тұр. Мұндай аспаптармен ұшақ жасауға да болады деп қояды қуаныштары қойындарына сыймаған оқушылар.

Мектептің акт залына да бардық. Осында домбыра үйірмесі жұмыс істейді екен. Сол үйірменің мүшелері өз өнерлерін ортаға салды.

Жаңаарқа топырағы да ән тудырған, күй тудырған жасампаз топырақ. Олай болса оның да өз брендінің болуы заңды. Бүгінде ел Жаңаарқаның қымызын біледі. Бұрынырақта атан тірсек, апайтөс палуандарын білетін едік.

Кеше де, бүгін де, ертең де Жаңаарқаның бренді болып қалатыны – күйі, Сайдалы Сары Тоқаның күйі.

Бүгінгідей салтанатта Әнұранымыздың ойналуы түсінікті. Одан басқа уақытта Жаңаарқа топырағындағы кез келген шара Сайдалы Сары Тоқа шығармасымен ашылып жатса жарасып тұрар еді.

Ғазым аға халық қалаулысы ретінде осы мектепте жиі болыпты. Аудандық депутаттар корпусынан да атсалушылар аз болмапты. Қолдан келген көмектерін көрсетіпті. Қуат ініміз де Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухановты бастап барғанын айтады.

Аудандық оқу бөлімінің басшысы Тілеш Бейсенбайұлы осы мектептен қазақылық болмыстың болуына атсалысқандарын ашық айтады. Мектептің іші-сырты соған орай безендіріліп, әрленіпті. Жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныптарға арналған жаңартылған бағдарлама енгізіліп отыр дейді басшы. Бірақ, бұл бағдарлама тек бірінші сыныпқа баратын балаларға ғана қатысты. Жаңартылған бағдарламаның негізінде бес күндік оқу аптасы да бар. Яғни, биылдан бастап бірінші сыныптар бес күндік оқу аптасына көшеді. Бұған дейін оқу жылында 34 апта болса, биыл ол 33 аптаға ауысып отыр. Демек, бір апта үнемделеді деген сөз. Бірінші сынып оқушылары мен мектебалды даярлық балалары қысқы демалыста қосымша жеті күн демалатын болады. Сонымен қатар, бес күн оқитын балалардың сенбі күні демалуына мүмкіндік бар. Жаңа бағдарлама бойынша, бірінші сыныптардың сабағы 31 мамырға дейін созылады.

Биылғы оқу жылының оқулықтарында өзгерістер барлығын естігенбіз. Соның да жөн-жобасын сұрағанбыз.

Бірінші сыныпқа баратын балаларға арналған оқулықтарда өзгерістер бар. Оқулықтардың дені Министрлік бекіткен баспалардан, яғни, «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп» және тағы басқа он шақты баспадан шықты. Сол оқулықтар 25 тамызға дейін барлық мектептерге жетті.

Сонымен, 1 қыркүйектен бастап, еліміздің білім беру мекемелері жаңартылған жүйеге көшіп отыр. Министр Сағадиев жақында берген сұхбатында: «80-жылдардың ортасында көптеген дамыған елдер білім берудің жаңа түріне көшу туралы қорытындыға келді. Ол білімнің санына ғана емес, функционалдық сауаттылығына негізделуі тиіс болды. Яғни, адамның қаншалықты білімділігі емес, қаншалықты біліп істей алатындығы және алған білімін қалай қолдана алатындығы маңыздылыққа айналып отыр. 1988 жылдан бастап ЭЫДҰ елдері бірінен соң бірі мектептерде жаңартылған білім беруге көше бастады. Бұл үдеріс 90-жылдардың ортасына қарай аяқталды. 1997 жылы жоғарыда айтылған елдер жаңартылған мазмұнды өлшеудің бірыңғай стандарты туралы шешім қабылдады, ол – PISA деп аталады. Осылайша, Қазақстан аталмыш стандартпен 2009, 2012 және 2015 жылдары еліміздегі кейбір мектептерде білім сапасын анықтауға кіріскен болатын. Ал биылғы жылы Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде 1-сыныптан осы стандарт жүйесі енгізіле бастайды. Оған толық көшуге төрт жыл жобаланып отыр» деген еді.

Осы жерде еріксіз функционалдық сауаттылықты бірінші сыныптан бастағанымыз дұрыс па деген сауал туындайды. Шын мәнінде біздің бабаларымыз осы айтып отырған сауаттылықты бала туа сала бастамаушы ма еді? Олай болса мұндай тәрбиені балабақшалардан бастау керек болады. Әрине, бұл келер күндердің еншісінде деп білеміз.

Ал, біздің балаларымыз функционалдық сауаттылықты мектепке бармай жатып-ақ игере бастайды. Оған осы мектептің табалдырығын алғаш аттап отырған Ақбота Жақанның лебізі куә.

Сол Ақбота айтады:

Жаңа мектепте оқитыныма мақтанамын. Мен жаңа, жақсы мектепте жақсы оқитын боламын. Келешекте мен де ұстаз боламын. Және осы мектепте сабақ беремін…

Міне, сізге, функционалдық сауаттылық!

Несі бар, Ақботаның арманын түсінуге болады.

Еліміз болып, Елбасымыз болып, ауылдағы апаларымыз бен елағаларымыз болып осындай зәулім мектеп салып беріп отырғанда Ақботаның арманы жүзеге асады деп сенеміз.

Төрехан МАЙБАС

Жаңаарқа ауданы.

Суреттерді түсірген

Индира АСАМИДАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button