«Ромео-Джульетта» қойылымы қарағандылық көрерменге қазақы нақышта ұсынылды
Сәкен театрының 94-ші маусымы ашылды. Маусым Уилиям Шэкспирдің әйгілі «Ромео-Джульеттасымен» басталды. Спектакль саундрама жанрында қойылды. Классиканы Мәскеуден келген шығармашылық топ дайындады. Қоюшы режиссері – Александр Недомолкин, музыкалық жетекшісі – Иван Дерендяев, хореографы – Александра Кульбарисова, суретшісі – Макела Шмаевич, продюсері – Альберт Горбачев. Сәкен театрының ұжымы осылайша театр саласында жаңа бағыттарда жұмыс үстеп жүрген мәскеулік ұжыммен жаңа жанрда өнер көрсетті.

Театр маусымының ашылуына облыстық мәдениет және архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы арнайы келіп, тетар ұжымына және көрерменге лебізін айтты.
– Өкінішке қарай, жаңа маусым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты актер, өнегелі ғұмыр кешкен Қайрат Кемаловсыз басталды. Бұл қаза театр ұжымының ғана емес, тұтас қазақ елінің қабырғасына батты. Соңында талантты шәкірттері қалды. Сол шәкірттері бүгінде өнер шаңырағының отын лаулатып жүр. Баршаңызды маусымның басталуымен құттықтаймын! Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін! Мәскеуден келген шығармашылық топ актерлерге ерекше шабыт берді деп ойлаймын. Жаңа маусымда шығармашылық табыстар көп болғай! – деді Ғалымжан Өтелбай.
Александр Недомолкин театр актері, режиссер, театрдағы жаңа жанрларды зерттеу және дамыту кафедраларында ұстаздық етеді. Ол Сәкен театрында шеберлігі мен біліктілігі жоғары таланттардың толқыны қалыптасқанын айтты.
– Саундрама жанры – бұл жаңа бағыттардың бірі. Бұл жанрдағы қойылымдарда рөл ойнауға әркімнің жүрегі дауалай бермейді. Өйткені, бұған вокалдық қабілет керек. Музыкалық сүйемелдеуге басымдық беріледі. Сәкен театрында музыкалық композицияларды жоғары деңгейде орындайтын актерлер көп. Осы премьераны дайындау кезеңінде ешқандай қиындық туған жоқ. Бастысы – мұнда мектеп қалыптасқан екен. Қазақстанға бірінші рет келуім. Қарағанды және осындағы халықтың дүниетанымы, мәдениеті өзіме ұнады, – деді Александр Недомолкин.
Сәкен театрының қоюшы режиссері Айдын Салбан биылғы маусымда жаңа жанрларға қадам басамыз деп отыр.
– Бүгінде әлемде театр өнерінде түрлі жанрлар дамып келеді. Театрымыздың ұжымы жаһандық көштен қалмауы тиіс. Осы мақсатта режиссерлерді Мәскеуден шақырттық. Ұжым мәскеулік әріптестерден көп нәрсені үйренді, тәжірибе алмасты. Осы маусымда репертуарымызға түрлі жанрдағы спектакльдерді енгіземіз. Бұл – көрермендер үшін маңызды, – деді Айдын Салбан.
«Ромео-Джульетта» қойылымы қарағандылық көрермендерге қазақы нақышта ұсынылды. Мәселен, бірнеше ән домбырамен сүйемелденді. Қойылым жастардың көңілінен шыққандай. Өйткені, актерлер жастық шақ, махаббат туралы көңілді әндер шырқады, би биледі. Сәкен театрының актерлері каскадерлік қырларын да ашыпты. Қойылымда комедиялық жанрдың да бояуы бар. Кейіпкерлер арасындағы диалогтар көрермендерге күлкі сыйлады. Декорациясы да ерекше болды. Сахна төрінде спектакльді әуенмен сүйемелдеген оркестр де отырды. Көрерменнің басым бөлігі студент жастар болды. Соңында залдағы көрермен тік тұрып, қошемет көрсетті.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»