Спорт

«Шахтер» футбол клубының Түркиядағы үшінші оқу-жаттығу жиындары әлі жалғасуда

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубының Түркиядағы үшінші оқу-жаттығу жиындары әлі жалғасуда. Бұл жолы жерлестер оқу-жаттығу жиындары аясында екі жолдастық кездесу өткізді. Әуелі ресейлік «Балтика-2» командасымен кездесіп, 1:2 есебімен, кейін тағы бір ресейлік «КДВ» клубымен ойнап 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

«Балтика-2» клубына қарсы өткен кездесуде жерлестер алғашқы минуттардан-ақ жоғары қарқын танытып, ойын тізгінін қолға алуға ұмтылды. Шабуылды үдетіп, қарсылас қақпасын үздіксіз торуылдады. Алайда, қарсы тарап та осал емес. Әрбір шабуылға нүкте қойып, қарсы шабуыл ұйымдастырып отырды. Осы матчта «Шахтер» сапындағы шабуылшы Глеб Макридов шеберлігімен дараланып, есеп ашқан еді. Дегенмен, ойын тағдыры бір ғана голмен шешілген жоқ. Қарсыластар тәжірибелі қақпашы Игорь Шацкийді қапы қалдырып, қақпаға қос гол салып кетті.

Екінші кездесу Томскіден келген «КДВ» клубына қарсы өтті. Қос команда да алаңға барынша жинақы шыққан. Нәтижесінде, матч тартысты өтті. Өкінішке қарай, бұл жолы да басымдық қарсыластар жағында болды. Жерлестер сапынан Владислав Прокопенко мен қосалқы құрамнан алаңға шыққан Аруп Саутов мергендігімен көзге түсті. Алайда, қос гол жеңіс үшін жеткіліксіз еді. Нәтижесінде, қарсыластар «Шахтер» қақпасына үш гол салып, 2:3 есебімен жеңіске жетті. Команда тағы да минималды айырмамен есе жіберіп, жанкүйерлерін өкінішке қалдырды.

Айта кетейік, бұл жолдастық кездесулердегі нәтиже бірінші кезекте тұрған жоқ. Мұндай матчтардың басты мақсаты – команданың жаңа маусымға дайындығын пысықтау, ойын жүйесін жетілдіру. Сонымен қатар, құрам арасындағы өзара үйлесімді арттыру. Ал, бапкерлер штабы үшін тактикалық сызбаларды сынақтан өткізу, ойыншылардың алаңдағы байланысын жетілдіру. Сондықтан, бұл кездесулер ең алдымен тәжірибе мен талдау алаңы ретінде қарастырылған. Команданың жаңа маусымға тыңғылықты, тактикалық әрі физикалық тұрғыдан дайын оралуы – басты міндет.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button