АймақЖаңалықтар

Жаңа Майқұдық мәдениет үйіндегі жарқын сәт

Қарағанды қаласының Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде орналасқан №149 референдум учаскесіне сайлаушылар лек-легімен келіп, өз таңдауларын жасауда.

Бір айта кетерлігі, мұнда сайлаушылар таңмен ерте келіп, учаскенің ашылуын күтіп отырған.

– Тұрғындар өте белсенді. Учаске ашылмай тұрып, бес адам келіп күтіп отырды. Біз 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс берушілерге арнайы сыйлық дайындап қойдық. Жаңа ғана 18 жастағы сайлаушы келіп, алғаш рет дауыс берді және сыйлыққа ие болды, – дейді референдум учаскесінің төрағасы Ольга Черенко.

Алғаш рет дауыс берген сайлаушы – Жаңагүл Рахман Қарағанды техникалық-экономикалық колледжінің 4 курс студенті.

 

– Бүгін еліміздің ертеңі үшін алғаш рет референдумға келіп, дауыс бердім. Мұнда өте көңілді. Алдымнан шығып, қарсы алып, бәрін түсіндірді. Сонымен қатар, естелік сыйлық алдым. Мұндай тарихи оқиғаға келуді азаматтық борышым деп білемін. Бүгінгі сәтте мен алғаш рет ел болашағы жолындағы жауапкершілігімді сезіндім, – дейді Жаңагүл Азаматқызы.

Сонымен бірге, мұнда арнайы фотозона орналастырылған. Референдумға келуші тұрғындар естелікке суретке түсіп, тарихи сәтпен қуана бөлісуде. Одан бөлек, учаскеде ақпараттық көрнекілік толық ілінген. Тұрғындар келген бетте сол ақпаратпен танысып, кейін таңдауын жасап жатыр. Референдум учаскесінің төрағасы бастаған мамандар туындаған сұрақтар болса, қолма-қол жауап беруде.

Сондай-ақ, Жаңа Майқұдық мәдениет үйі жанындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Ару әжелер» хоры да осында жүр. Көңілді әжелер де азаматтық борышын өтеу қажеттігін айтады.

– Біз түс мезгілінде осында ел назарына ұсынылатын концертке дайындалып жатырмыз. Шамамыз келгенше өнерімізді паш етіп, елдің көңілін көтеруге күш саламыз, – дейді олар.

Осылайша іргелі мәдениет үйіндегі сайлау учаскесінде тіршілік қайнап жатыр.

Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button