ЖАҢА ӘЛІПБИДІ ҚАЛАЙ ҮЙРЕТЕМІЗ?
Қазір қоғамда қызу талқыланып, баспасөз беттерінде түрлі пікір жазылып, қызу жұмыс жүргізіліп жатқан игілікті істің бірі – латын әліпбиіне көшу. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Бұл мәселенің неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап кеткен болатын.
Бүгінгі таңда осы бір жауапкершілігі мол, тарихи оқиғаның басы-қасында жүріп, сол жолда тыңбай еңбек етіп жатқан ғалымдар, білікті мамандар көп істің басын қайырды деуге болады. Жаңа қазақ әліпбиі бекітілгеннен бері елімізде семинар-кеңестер, дөңгелек үстел, семинар-тренинг, отырыстар өткізіліп келеді. Құзырлы мекемелер мен жауапты мамандар тарапынан жұмыс жоспарлары құрылу үстінде және насихат жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылдың соңына дейін арнайы бекітілген бағдарлама мен емле ережесі дайын болады деп күтілуде.
Көптен күткен жаңа әліпбиімізбен танысқан соң, жақсыны үйренуге тырысатын, жүрегі «елім» деп соққан қазақстандықтың бірі ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпанда өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп бекітілген әліпбиімізді қалайша оңай және тез үйренуге болады деген мәселеге біраз ой жүгіртіп, кішігірім тәжірибе жүргіздім.
Бұл тәжірибені аға буын мен бастауыш сынып оқушысына өткізіп көрдім. Жаңа әліпбимен таныстырмас бұрын, акуттық таңбалары бар әріптерді жұптап және екі диграфты бөліп жазып алдым. Мәселен, әліпби 32 таңбадан тұрады, оның ішінде 2 диграф және 6 акуттық таңбадан құралған.
Алғашында әріптермен жекелей таныстырып, оларды есте сақтап, шатаспай айту және жазу кезінде бірқатар қиындық кездесті. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына бірден қабылдау қиындық тудырады екен. Оларға бұрында кириллица негізіндегі қазақ әліппесі қалай үйретілсе, жаңа қазақ әліппесі де тура солай үйретілуі тиіс. Алдымен олардың жазу моторикасын қалыптастыру керек. Әр әріпті қолдары жаттыққанша көркем жазуға үйретуді қажет етеді. Сонымен қатар жаңа әліпбиді оңай қабылдау үшін және түсіндіру ыңғайлылығына қарай акуттық таңбалары бар әріптерді жұптастырып, әр жұптастырылған таңбамен жекелей жаттығу жұмыстары жүргізілген кезде тез қабылдау мен дағды қалыптасатынын көрсетті.
Мысалы:
жазылуы |
дыбысталуы |
жазба үлгісі |
А a |
|А | |
Al, ala, alma At, ata, ataq |
А́á |
|Ә | |
Ál, áke, álem |
О o |
| О | |
Ot, otaу́, ojaу́ |
О́ ó |
| Ө | |
Ót, óteу́, ótkir |
Yy |
| Ы| |
Yq, yrys, ydys |
Ýý |
|У | |
Ýyq, ýyz |
Uu |
| Ұ | |
Ush, ushaq, urpaq |
Úú |
| Ү | |
Úsh, úki, úmit |
Gg |
|Г | |
Gúl, Gúlim |
Ǵǵ |
|Ғ | |
Aǵa, aǵash |
Nn |
| H| |
Nan, nar |
Ńń |
|ң | |
Ań, tań, jańa |
Алғашында екі түрлі және одан да көп дауыстылары бар әріптерден тұратын қиын сөздерді жазудан аулақ болу керек, алдымен оңайынан бастап, екі немесе үш әріптен тұратын сөздер жазып, қол жаттықтыру қажет деп ойлаймын.
Құрамында бірыңғай а немесе а́ әрпі бар сөздерді таңдап алып жаттығу керек. Одан кейін келесі жұпты таңдап, әбден есте қалғанша және дағды қалыптасқанша үнемі жаттығу қажет. Бастысы, асығыстық танытпай, шыдамдылықпен, ұқыпты, сауатты жазуға көп көңіл бөлген абзал. Әрине, емле-ережелерін бекітіп, енгізгенше әріптерге көз үйретіп, оңай үйрену жолдарын қарастыра беру артық болмайды. Ал, қалған қаріпті жазу, есте сақтау оншалықты қиындық тудыра қоймас, е мен і әрпі сол қалпында сақталып отыр, диграфтар sh, ch (ш мен ч) ағылшын тілімен таныс адамдарға, әсіресе, оқушыларға еш қиындық туғызбайды деуге болады.
Осы жерде айта кететін бір мәселе, акуттық әріптерді жұптастыру кезінде «Ы» мен «І» әрпі жұп құрағаны дұрыс болар деп ойлаймын. Екеуі де айтылу ырғағы ұқсас, езуліктер тобына жатады. «У» әрпін жекелей қарастыруға болады. Латын әрпінде «Uu», «Úú», «Yy», «Ýý» қатарласып онсыз да ұқсас «Ұұ», «Үү», «Уу», «Ыы» әріптерін беру оқушылар үшін де, өзге ұлт өкілдерін де әбігерге салатыны рас. «Қайсысы? Үтірі бар ма, жоқ па?» деген сұрақтар біраз қойылуы мүмкін. Осы орайда ғалымдарымыз мәселені қарастырып, шешімін табады деген үміттеміз.
Ұзақ жылдар бойы күткен, көкейде жүрген мәселе шешімін тапты деуге толық негіз бар. Дегенмен, қай елде болсын, қай кезде болсын, жаңа әліпбиге көшудің белгілі деңгейде кем тұстары, қиындықтары болады. Ол да уақыт өте келе толықтырылып, өңделіп, қырланады. Ғалымдарымыз емле-ережелерін саралап, әбден оңтайлы етіп жасап шығарған соң, бәріміз бір адамдай жаңа дамыған өркениетке біршама жақындайтынымызға сенімім мол.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ММ-нің «Ресурстық тіл орталығы» КММ әдіскері