Ресми

Жаңа әлеуметтік нысандар салынады

Елімізде алдағы жылдары мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы бірсыпыра жаңа әлеуметтік нысандар ашу жоспарланып отыр. Премьер-министр Әлихан Смайылов Әлеуметтік саладағы МЖӘ-ні дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жос­парын бекіту туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Ortalyq.kz egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік инфрақұры­лымды дамытуға жеке инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданды. Кешен­ді жоспарда жобаларды сметалық құны­ның 30%-ы көлемінде мемлекет тарапы­нан қоса қаржыландыру көзделген. Қалған 70%-ын жеке серіктес тартуы керек.

Жоспарда жоғары білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және білім беру салалары бойынша жалпы 43 нысан қамтылған. Құрылыстан кейін жеке серіктестер 10 жыл бойы техникалық қызмет көрсетуді басқарып, қамтамасыз етеді. Ал нысандар пайдалануға берілген­нен кейін мемлекет меншігіне өтеді.

Мәселен, 7,9 мың орынға арнал­ған сту­­денттік 9 жатақхана салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Мем­ле­кет басшысының Жолдауын іске асыру аясында жаңа жатақханалар ашылмақ. Атап айтқан­да, 2023 жылы 10,4 мың орындық 43 жатақ­хананы іске қосу жоспарланған. Жалпы, барлық қаржы көздері есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілетін болады.

Сонымен қатар жаңа 3 емхана мен 3 оңалту орталығын ашу көзделіп отыр. Бұл азаматтарды медициналық және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Спорт саласында жаңа 8 спорт залын іске қосу жоспарланған. Білім беру жүйесінде 5 оқу-сауықтыру орталығын, 5 оқушылар сарайын және 10 өнер мектебін салу бойынша жобалар іске асырылады. Барлық бағыт бо­йынша жаңа объектілердің жалпы құны 261 млрд теңгеден асады. 

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button