ЖаңалықтарРесми

Жаңа Конституцияның жобасына теңгені ұлттық валюта ретінде бекітетін норма енгізілді – Бақыт Нұрмұханов

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасын жетілдіру барысы және жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде енгізілген негізгі өзгерістер туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, құжат жарияланғаннан бері әртүрлі арналар арқылы 4 мыңнан астам ұсыныс түскен. Барлық ұсыныстар мен пікірлер Конституциялық комиссия тарапынан жан-жақты зерделеніп жатыр.

Сурет www.gov.kz

Талдау нәтижесінде бірқатар ұсыныстар баптардың мазмұнын толықтырып, құқықтық кепілдіктерді күшейтуге, нормалардың тұжырымын нақтылауға және құқықтық айқындықты арттыруға мүмкіндік берген.

Атап айтқанда, Конституцияның 2-бабы ұлттық валютаны конституциялық деңгейде бекіту нормасымен толықтырылды. Жобаға сәйкес, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге, ал теңгені эмиссиялау құқығы мемлекетке тиесілі болады. Сонымен қатар мемлекеттің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгермейтіні туралы норма сақталған.

Сондай-ақ мемлекеттік органдарда саяси партия ұйымдарын құруға тыйым салу нормасын бап құрылымында нақтылау ұсынылған. Азаматтыққа қатысты 12-бапқа қос азаматтыққа жол берілмейтіні және өзге азаматтық болған жағдайда Қазақстан азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны туралы норма енгізу жоспарлануда.

Енгізілген ұсыныстардың бірі – мемлекеттік органдардың немесе олардың қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері салдарынан келген залалды өтеу құқығын Конституциялық деңгейде бекіту. Сонымен қатар 18-бап жаңа редакцияда нақтыланып, сот шешімінсіз адамды заңда көрсетілген мерзімнен артық ұстауға болмайтыны белгіленеді.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституция жобасын жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button