Ресми

Жаңа Конституция жобасы жұмысшы жастарға жол ашады

Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – ең алдымен адам құқықтарын қорғауды күшейтіп, әрбір азаматтың бостандығы мен заң алдындағы теңдігін нақты кепілдейді. Заңның үстемдігін нығайту арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы сенім арта түседі, ал бұл тұрақты даму мен өркендеудің берік негізі.

Сурет автордан

Жұмысшы жастар – ел экономикасының тірегі, болашаққа жауапты буын. Біз үшін қауіпсіз еңбек, әділ заң, ашық әрі жауапты билік аса маңызды. Жаңа Конституция дәл осы құндылықтарды бекітіп, жастарға әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді деп сенемін.

Мен, Қазақстанның саналы азаматы ретінде, әділетті, құқықтық және демократиялық мемлекет құру жолындағы бастаманы қолдаймын. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз, ел ертеңі үшін жасалған тарихи таңдау.

Кейде жұмыстан кейін әріптестермен әңгіме қозғаймыз. Сөз бәрібір бір жерден шығады: әділдік, заң, ертеңгі күн. «Бізді шынымен біреу тыңдай ма?», «Қарапайым жұмысшының да даусы естіле ме?» деген сұрақтар жиі айтылады. Мен өзімді дәл сол сұрақтарды қоятын жұмысшы жастардың өкілі деп есептеймін. Күн сайын еңбек ететін, ел экономикасын алға сүйреп жүрген жастардың ортасында жүргендіктен, жаңа Конституция жобасы туралы әңгіме мен үшін қағаздағы құр сөз емес, нақты өмірге тікелей қатысты мәселе.

Жаңа Конституция ең алдымен адамға бет бұрады. Адамның құқығы, пікірі, қадірі алдыңғы орынға шығуы – біз көптен күткен өзгеріс. Заң күшейсе, қарапайым азамат өзін қорғалған жан ретінде сезінеді. Ал қорғалған адам ертеңіне сеніммен қарайды.

Маған ерекше үміт сыйлайтыны – халықпен ашық сөйлесуге арналған жаңа алаңдардың қалыптасуы. Ұлттық құрылтай – елдің әр түкпірінен жиналған адамдардың ортақ ойы мен ұсынысы айтылатын орын. Ал Халық кеңесі – «жоғарыдағылар» мен «төмендегілердің» арасындағы көпір іспетті. Яғни, халықтың сөзі жолда қалып қоймай, нақты шешімдерге әсер етуі тиіс.

Жұмысшы жастарға көп нәрсе керек емес. Біз әділ заңды, ашық мемлекет пен еңбегіміздің бағаланғанын қалаймыз. Өз ойыңды айтуға қорықпайтын, пікірің ескерілетін қоғамда өмір сүргіміз келеді. Меніңше, жаңа Конституция дәл осы үмітке жол ашады.

Сондықтан мен бұл өзгерістерді сырттай бақылап отырған жоқпын. Мен оны өз өміріммен,  болашағыммен байланыстырамын. Бұл – жай ғана реформа емес, елдің қалай өмір сүретінін айқындайтын таңдау. Ал ол таңдауды саналы түрде жасау – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.

Арман БЕЙСЕКЕЕВ
“Қазақмыс” компаниясы жанындағы қоғамдық ұйымның мүшесі 

Басқа материалдар

Back to top button