АймақРесми

Жаңа Конституция жобасы – жүйелі өзгерістер бастауы

Әділет департаментінде өткен кездесу барысында жаңа Конституция жобасының саяси-құқықтық мазмұны сараланып, реформалардың құқық үстемдігін нығайтуға, адвокатура институтының мәртебесін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталғаны атап өтілді. Заң қауымдастығы өкілдері конституциялық өзгерістердің елдегі құқықтық жүйені жаңғыртудағы стратегиялық маңызына тоқталды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кездесудің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасында көзделген негізгі ережелерді, өзгерістер мен жаңашылдықтарды заң қауымдастығына жан-жақты түсіндіру. Жиын барысында құжаттың мазмұны таныстырылып, құқықтық жүйені жетілдіру, заң үстемдігі қағидаттарын нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар конституциялық реформаларды қоғамдық талқылау үдерісіндегі заңгерлер мен адвокаттардың рөліне ерекше назар аударылды.
Жаңа Конституция жобасында адам құқықтарын қорғау негізгі басымдық ретінде айқындалған. Осы ретте адвокатура институтының рөлі күшейтіліп, оның құқықтық мәртебесі нақтыланғаны атап өтілді. Бұл азаматтардың құқықтарын кәсіби тұрғыда қорғауға берілген маңызды кепілдік ретінде бағаланды.
Қарағанды облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және заңгерлік көмек көрсету бөлімінің басшысы Ғалым Әбдібаевтың айтуынша, Конституция жобасында адвокатура институтын дамытуға айрықша мән берілген.

– Жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғау басты міндет ретінде белгіленіп отыр. Адвокатура институты конституциялық деңгейде мойындалып, оның рөлі күшейтілді. Бүгінде мемлекет лицензия берген адвокаттар қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша заң көмегін көрсетеді. Сонымен қатар, мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегі қарастырылған. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға, мүгедектігі бар адамдарға да заң көмегі ұсынылады. Облыс адвокаттарына енгізілген өзгерістерді толық әрі нақты жеткізу – біздің негізгі міндетіміз, – деді ол.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Кәсіби диалог аясында ұсыныстар айтылып, заң қауымдастығының конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы жауапкершілігі сөз болды.

– Қолданыстағы Негізгі заң мен 2026 жылғы жаңа Конституция жобасына жүргізілген салыстырмалы талдау конституциялық реформаның кезең-кезеңімен, жүйелі сипатта жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Ұсынылып отырған өзгерістер саяси жүйені демократияландыруға, парламенттік және қоғамдық бақылауды күшейтуге, сот билігінің тәуелсіздігін нығайтуға, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктерін кеңейтуге бағытталған. Болашақта жаңа Конституция Қазақстан Республикасының демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға қабілетті, – деп пікір білдірді облыстық адвокаттар алқасының жетекшісі Оқасбай Әбікенов.

Президенттің айтуынша, жаңартылған Негізгі заң жобасы қоғам сұранысына сай құндылықтар мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын қамтып қана қоймай, мемлекет дамуының ұзақмерзімді стратегиялық бағдарын айқындайды. Мұндай іс-шаралар ел үшін стратегиялық маңызы бар құжатты талқылауға сарапшылар қауымдастығын кеңінен тарту, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqtan»

Басқа материалдар

Back to top button