Бас тақырыпРесми

Жаңа Конституция жобасы: референдум қашан және қалай өтеді?

Орталық референдум комиссиясы (Орталық сайлау комиссиясы) елімізде жаңа Конституция бойынша республикалық референдум өткізудің негізгі кезеңдері туралы хабарлады.

Сурет election.gov.kz

Естеріңізге сала кетейік, 15 наурызда жаңа Конституция бойынша республикалық референдум өтеді.

– Дауыс беру 15 наурызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Орталық референдум комиссиясының референдум қорытындысы туралы ресми хабарламасы дауыс беру өткізілген күннен бастап 7 күннен кешіктірілмей, яғни 21 наурызға дейін БАҚ-та жарияланады, – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман комиссия отырысында.

Референдумға дайындық науқанының ұзақтығы – тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 32 күн. Әкімдіктер дауыс беру күні тағайындалғаннан кейін бірден дауыс беретін дауыс берушілердің тізімін жасай бастайды.

Дауыс беретін күнге 20 күн қалғанда, яғни 22 ақпанда тиісті әкімнің қолы қойылған тізімдер референдум учаскесіне және электронды түрде Орталық референдум комиссиясына беріледі.

Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, яғни 27 ақпаннан бастап азаматтар учаскелердегі тізімдермен таныстырылады.

Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру күніне дейін 10 күннен кешіктірмей, яғни 4 наурызға дейін азаматтарға дауыс беру орны мен уақыты туралы хабарлайды.

14 наурыз – тыныштық күні.

11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды. Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды.

2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button