Ресми

Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттік жаңа даму кезеңінің құқықтық негізі

Қазақстан қоғамы бүгінде тарихи маңызы зор кезеңді бастан өткеріп отыр. Мемлекеттің құқықтық іргетасын айқындайтын жаңа Конституция жобасының жариялануы – ел дамуының жаңа сапалық белесіне қадам басқанымыздың айқын дәлелі. Ресми түрде ұсынылған бұл жоба – тек заң мәтіні емес, ол болашақ Қазақстанның саяси, әлеуметтік және рухани бейнесін айқындайтын стратегиялық құжат.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Жаңа Конституция жобасы кең ауқымды қоғамдық талқылаудан өтіп, сарапшылардың, заңгерлердің, қоғам қайраткерлерінің және азаматтардың ұсыныстары негізінде әзірленді. Бұл – құжаттың мазмұны тек мемлекеттік құрылымдардың емес, бүкіл халықтың қатысуымен қалыптасқанын көрсетеді. Конституция – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың тағдырын айқындайтын басты құқықтық құндылық. Сондықтан оның мазмұны қоғам сұранысына жауап беруі заңды құбылыс.

Жобаның ең басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мемлекеттің негізгі міндеті ретінде нақты айқындауы. Құжаттың преамбуласында адамның қадір-қасиеті, еркіндігі және теңдігі басты құндылық ретінде көрсетіледі. Бұл – құқықтық мемлекет қағидатының айқын көрінісі. Өлім жазасына толық тыйым салу, әділ сотқа қолжетімділікті кеңейту, азаматтардың құқықтық қорғалу кепілдіктерін күшейту – қоғамның гуманистік даму бағытын білдіреді.

Сонымен қатар, Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесіне елеулі өзгерістер енгізуді көздейді. Парламенттің құрылымы мен өкілеттіктерін жаңғырту, заң шығару үдерісін жетілдіру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту – мемлекетті басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл өзгерістер саяси жүйені ашық әрі жауапты етуге мүмкіндік береді.

Жаңа жоба консультативтік институттарды күшейту арқылы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуды да көздейді. Қоғамдық диалог алаңдарының құрылуы, азаматтардың ұсыныстарын заңнамалық деңгейде ескеру – демократиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды тетігі. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға ықпал етеді.

Құжаттың құрылымы ықшам әрі мазмұндық жағынан жүйеленген. Артық нормалар қысқартылып, негізгі қағидаттар нақты әрі түсінікті тілмен берілген. Конституцияның мұндай жаңғыруы оны тек құқық қорғау органдарының құралы емес, әр азамат түсініп, күнделікті өмірінде басшылыққа алатын құжатқа айналдыруға бағытталған.

Ғылыми қауым өкілі ретінде айтарым, кез келген жүйе – мейлі ол техникалық болсын, мейлі әлеуметтік болсын – берік негізге сүйенгенде ғана ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізеді. Конституция – мемлекеттің іргетасы. Егер іргетас сапалы әрі заман талабына сай болса, елдің экономикалық, өндірістік және әлеуметтік реформалары да тұрақты жүзеге асады. Құқық үстемдігі орныққан жерде инвестициялық сенім қалыптасады, қоғамда әділеттілік күшейеді, азаматтардың белсенділігі артады.

Жаңа Конституция жобасы – саяси жүйені түбегейлі өзгерту емес, оны эволюциялық жолмен жетілдіру әрекеті. Бұл – тұрақтылық пен жаңарудың үйлесімділігіне негізделген шешім. Мемлекет өзінің жауапкершілігін арттыра отырып, азаматтарға да белсенді қатысу мүмкіндігін береді.

Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның болашағына бағытталған стратегиялық қадам. Ол құқықтық мемлекет қағидатын тереңдетіп, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін кеңейтуге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған. Бұл құжат – елдің ұзақ мерзімді дамуының берік құқықтық тұғыры.

 Мұхаммедрахым РАБАТҰЛЫ
PhD, қауымдастырылған профессор
Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті
Пайдалы қазбалар кенорындарын өндіру кафедрасы

Басқа материалдар

Back to top button