Ресми

Жаңа Конституция жобасы – ұлттық құқықтық сананы қалыптастыруға жасалған маңызды қадам

Бұл мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған тарихи қадам, ел дамуының жаңа парағын ашатын маңызды шешім. Біз тағдыршешті кезеңнің куәсі болып отырмыз.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия өз жұмысын аяқтап, Ата Заңның жаңа жобасын Мемлекет басшысының назарына ұсынды. 20 күнге созылған ауқымды жұмыс барысында 130 мүшеден құралған комиссия ел азаматтарынан түскен 10 мыңға жуық ұсынысты саралап, жан-жақты талқылады. Барлық үдеріс ашық өтті. Бұл “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатының нақты көрінісі.
Сурет автордың жеке мұрағатынан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия жұмысына жоғары баға беріп, қоғамдық талқылаудың бұрын-соңды болмаған деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Шынында да, бұл реформа халықпен бірге жасалған құжат.
Жаңа Конституция жобасының айрықша ерекшелігі оның мемлекеттік тілде әзірленуі. Бұл тек тілдік мәселе емес, бұл ұлттық құқықтық сананы қалыптастыруға жасалған маңызды қадам. Әрбір норма, әрбір бап ана тіліміздің табиғатына сай нақтыланып, түсінікті әрі мазмұнды жазылды.
Жоба адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілік, заң үстемдігі, цифрлық қауіпсіздік секілді заманауи талаптарды қамтиды. Ең бастысы мемлекеттік саясаттың бағдары айқын: «Мемлекет адам үшін». Бұл қағидат қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайта түседі.
Бұл ел болашағына қатысты шешімді халықтың өзі қабылдайтын маңызды сәт. Әрқайсымыздың таңдауымыз мемлекетіміздің ертеңіне әсер ететін жауапты қадам.
Меруеш БАШАЙ
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты

Басқа материалдар

Back to top button