Конституция терминінің түп-төркіні – латынша «constitio» – құрылым деген сөзден шыққаны әмбеге аян. Қазіргі заманауи түсінік бойынша Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық заңдарға қатысы бар жоғары құқықтық-саяси күшке ие заңдар тобы.

Еліміздің ұлық мерекесі әрі басты құндылығы – Қасиетті Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында бүкілхалықтық үн қосумен мемлекетіміздің саяси бағдары – жаңа Конституциямыздың жобасы жарияланды. Конституция жобасы – қазіргі қоғамның заман талабына сай, халқымыздың саяси сауаттылығының барлық жетістіктерін ескере отырып, біздің мемлекет құрудағы барлық озық тәжірибелерімізге сүйеніп жазылды. Мемлекеттік маңызы бар құжаттың батпандай салмағы бар екенін тәуелсіз еліміздің әр азаматы зор жауапкершілікпен түсінеді. Себебі, ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігіміз екенін ал, оның тыныштығы мен береке байлығын орнықтыратын – Ата Заңымыз Конституциямыз болып саналады және ол мемлекеттілігіміздің басты құқықтық нышаны екені даусыз. Ұсынылған жаңа Конституция жобасының преамбуласы, 11 бөлімі мен 95 бабының өн бойында осы талаптарды институционалдық деңгейде бекітуге ұмтылыс жасайтынымен сипатталады.
Жаңа Конституцияның прембуласында қазақ жері – мыңжылдықтардан бері Ұлы Даладағы тарихи сабақтастық арқылы дамып келген мемлекеттілігіміздің темірқазығы екендігі нақты көрсетілген. Бұл тұжырым ұлттық тарихымызда халқымыздың мемлекет құру дәстүрінің үзілмегендігін және қазіргі Әділетті Қазақстанның сол тарихи үрдістің заңды жалғасы екендігін білдіреді. Жаңа Конституция жобасының преамбуласы мен негізгі бөлімдері Қазақстан халқының әділетті мемлекет құрудағы заң мен тәртіп талаптарына сүйенген жасампаз қоғамның құрылғандағын жариялайды. Мемлекеттің унитарлық сипаты мен оның шекарасының аумақтық тұтастығына қол сұғуға болмайтындығы нақтыланып жазылып, елдігіміздің тарихи жадысында ғасырлар бойы қалыптасқан «жер мемлекеттің – негізі» деген киелі қағидатты жаңа Конституциямызда тұңғыш рет заңмен жазылды. Мәдениет, білім мен ғылымның инновациялық құндылықтары енді заңмен қорғалып, бағдарға алынуы Қазақстанның дамуын жаңашылдыққа қоғамның зияткерлік әлеуетін арттырады. Бұл сөз жоқ, адам капиталын дамытудағы стратегиялық көзқарас ретінде адамға бағдарланған мемлекет идеясын жүзеге асырады. Этносаралық және конфессияаралық татулыққа, бірлік пен ынтымақтастыққа басымдық беру – маңызды идеологема болып берік бекіді. Бұл қағидат Қазақстан қоғамының көпэтносты сипатын ескере отырып, азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған. Ғылыми тұрғыда бұл – қоғамдық өзара сенім келісімін моделін құқықтық деңгейде бекітеді, яғни тұрақты даму үшін қажетті әлеуметтік сенім мен жауапкершілікті қалыптастырудың тетігі болып саналады.
Жаңа Конституция жобасындағы негізгі бөлімдері мен баптары тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, сонымен қатар қоғамдық дамудың стратегиялық картасы екенін көрсетеді. Құндылық бағдары, адамға бағытталған саясат, билік тармақтарының теңгерімі, күшейтілген конституциялық бақылау және қоғамдық диалог институттары Қазақстанның заманауи, тұрақты һәм әділетті мемлекет ретінде дамуына құқықтық негіз қалайды. Бүкілхалықтық референдумға ұсынылып отырған жаңа Конституциямыз халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі. Сондықтан, республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, құрметтеуге міндетті. Біздің ең басты жетістігіміз біз – Отанымыздың тыныштығын сақтай алдық.
Мемлекет басшысы ұсынған «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы жобада біржолата орнығып, нақты құқықтық нормалар арқылы жүзеге асырылған. Бұл өз кезегінде Қазақстанның саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айшықтайтын маңызды қадам болмақ.
Нұртас СМАҒҰЛОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Тарих факультетінің қауымдастырылған профессоры,философия докторы (PhD)



