Жаңа Конституция жобасы – болашаққа салынған берік негіз
Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын әзірлегені баршағы мәлім. Маңызды құжаттың мәтіні түгелдей Конституциялық Соттың ресми сайтында жалпақ жұртқа жарияланды. Аталған Ата заң жобасында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелерінің пікірлері негізге алынды. Конституциялық комиссияға жаңа Ата заңның жобасы бойынша 10 мыңнан астам өтініш түсті. Бұл туралы комиссияның XII отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты.
Комиссия мүшелерінің, азаматтардың, қоғам өкілдерінің, сарапшылар қауымдастығының, бизнес құрылымдарының және өзге де мүдделі тараптардың ұсыныстары, келіп түскен пікірлер жүйеленіп, тақырыптық бағыттар бойынша топтастырылды. Ал Адам құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің басты құндылығы.Жарияланған жаңа Конституция жобасының Преамбуласында осы қағида алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқын аңғарылады.

Құрамына 130 адам кірген комиссия белсенді азаматтар мен сарапшылардан келіп түскен 10 мыңнан астам ұсынысты терең талдап, зерделеп, Ата заңның жаңа жобасына бүгінге дейін қосымша нормалар бекітті. 12 отырыс, одан бөлек секциялық топтардың, БАҚ өкілдері, заңгерлер мен лингвистер, филологтар мен саясаттанушылардың сүзгісінен өткен маңызды құжатты референдумға шығару ұсынылды. Конституцияның жаңа жобасы 11 бөлім, 95 баптан тұрады.Мәтіннің 84 пайызы жаңарған. Құжат тұңғыш рет мемлекеттік тілде қайта жазылды.
1-бап
Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Ұтқыр ұстаным маңызды құжаттың мазмұнынан тайға таңға басқандай анық көрініп тұр. Өйткені ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы- Жаңа Ата заң жобасы кемел келешектің берік негізі іспеттес.
Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды.
3-бап
1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.
2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды.
Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс. Егемен еліміздің өркендеуіне серпіліс беретін басты басымдықтар.
Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Сонымен қатар,стратегиялық құжатта еліміздің өткенін насихаттап, бүгіні мен болашағына бағамдайтын болатын құндылықтар да екшеп жазылған.
Ал жаңа Ата заң жобасы – ел дамуының келесі эволюциялық кезеңіне серпіліс береді. Ал 4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы, деп жіліктеп жазылған. Жаңа жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырады. Бұл Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган болады.
Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші «Құрылтай» деген бөлімде көрсетілген. Құжатта кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құру көзделіп отыр.
53-бап
1. Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйесі негізінде сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.
2. Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Жаңа Ата Заң жобасындағы тағы бір жаңашылдық Вице-президент институтына қатысты. Ол ҚР Президентінің атынан Қазақстан мен шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады.
Түптеп келгенде, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан дамудың даңғыл жолына қарышты қарқынмен қадам басқаны сөзсіз деп нық сеніммен айтып отыр сарапшылар. Бастысы Жаңа Преамбула бүгінгі бейбіт заманның бейнесін , қоғамның ортақ мүддесі мен ұл мұратын, ұлтымыздың болмыс бітімін айқын айғақтайды. Сонымен қатар, Әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары алғаш рет Ата заң деңгейінде бекітілмек.
Қара орман халықтың үні пен қоғам белсенділерінің де пікірі назардан тыс қалған жоқ. Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Айталық егемен ел тарихында 15 наурыз 2026 жыл ең маңызды күн. Себебі ҚР Президент Қасым – Жомарт Тоқаев жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Онда «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылады. Жаңа Ата заң жобасы бүкілхалықтық дауыс беруге ұсынылады. Нәбәрі отыз бір күннен кейін әрбір қазақстандық азамат өз таңдауын жасап,дауыс береді. Өйткені бұл тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін маңызды қадам.
Жанбота ЕЛУБАЕВ
Журналистер одағының мүшесі, Saryarqa телеарнасының редакторы Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы Жастар істері жөніңдегі облыстық кеңес мүшесі



