Жаңа Конституция жобасы – болашаққа бағытталған прогрессивті құжат
Коалиция өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» КЕАҚ ұжымымен кездесіп, Негізгі заң жобасының негізгі ережелерін түсіндіру бойынша жиын өткізді.

Акт залында ұлттық орталықтың ұжымы, шахтерлер, ем қабылдап жатқан өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары және медициналық жоғары оқу орнының студенттері жиналды.
– Құрметті әріптестер, біз осындай тамаша әрі жарқын мереке қарсаңында кездесіп отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздер тек сұлу ғана емес, сонымен қатар ғалымдар әрі медицина қызметкерлерісіздер. Баршаңызға амандық, бақ-береке және барлық тілектеріңіздің орындалуын тілеймін. Өздеріңіз білесіздер, ел Президенті 15 наурыз күні республикалық референдум өткізу туралы жарлық шығарды. Оның тапсырмасымен халықтық Конституция жобасын қолдау жөнінде жалпыұлттық коалиция құрылды. Біздің міндетіміз – Негізгі заңның жаңа редакциясындағы негізгі баптарды түсіндіру жұмыстарын жүргізу, – деді кездесуді ашқан облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Кадиша Оспанова.
Жоба бойынша түсіндіру жұмыстарына Қарағанды медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Кошерова, профессор Х. Макажанов атындағы көпсалалы аурухананың бас дәрігері Еркін-Дәуір Құрманғалиев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Алтынай Ескалиева қатысты.

– Жаңа Конституциясы жобасының 32-бабында азаматтардың денсаулығын қорғауға және заңға сәйкес медициналық көмек алуға құқығы бекітілген. Әр адам денсаулығын қорғауға құқылы және жаңа Конституция жобасының жаңартылған редакциясында бұл негізгі құқық нақты айқындалған. Жалпы денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы артады, соның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшыларының денсаулығын қорғау да күшейтіледі. Құрметті әріптестер, сіздер мұны бәрінен де жақсы түсінесіздер. Бүгіннің өзінде пациенттер мол тәжірибесі бар медицина қызметкерлеріне көбірек сенім білдіреді, – деді жоғары санатты инфекционист дәрігер Бахыт Кошерова.
Облыстық коалиция мүшелері Конституцияға енгізілген негізгі және жаңа баптар мен ережелердің барлығын жан-жақты түсіндірді. Бұл өзгерістер уақыт талабынан туындап отыр.
Олардың айтуынша, жеке өмірге қол сұқпаушылық пен дербес деректерді қорғау, әсіресе цифрлық технологиялар жағдайында, маңызды күшейтілген нормалардың бірі болды. Жобаға енгізілген 21-бапта тікелей былай деп кепілдік беріледі: «Жеке өмірге қол сұқпаушылыққа, жеке және отбасылық құпияға, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғауға, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғауға құқық заңмен кепілдік беріледі».
– Конституциялық норма отбасын мемлекет қорғауындағы басты әлеуметтік құндылық ретінде сипаттайды. Неке ерікті әрі тең құқықты одақ деп танылуы – адамның жеке таңдауына және ерлі-зайыптылардың теңдігіне деген құрметтің белгісі. Сондай-ақ, бапта ата-ана мен бала арасындағы өзара қолдау қағидаты нақтыланған. Осылайша отбасылық қарым-қатынастар тек құқықтарға ғана емес, үлкен жауапкершілікке де негізделетіні көрсетілген. Мұндай үлгі отбасы институтын нығайтудың басты бағыты болмақ, – деп атап өтті Алтынай Ескалиева.
«Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» КЕАҚ ұжымы Негізгі заң жобасының негізгі ережелері бойынша толық әрі түсінікті ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
– Негізгі заң жобасында маңызды қорғаныс тетігі қарастырылған. Егер заңдарға енгізілетін өзгерістер азаматтардың құқықтарын нашарлататын болса, ондай өзгерістер қабылданбайды. Яғни бұрынғыдан да нашар болуына жол берілмейді, – деп түсіндірді Еркін-Дәуір Құрманғалиев сұрақтарға жауап бере отырып.

Жаңа Конституция жобасы – болашаққа бағытталған прогрессивті құжат. Оның негізіне адамға бағдарланған қағидат қаланған. Жобаға сәйкес, Қазақстан Республикасы адам капиталын дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде таниды.
– Құрметті қонақтар, өткізілген кездесу және негізгі ережелерді түсіндіру жұмыстары үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз. Біз енгізілетін өзгерістер азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді, экономикалық дамуға, әлеуметтік тұрақтылыққа және әр адамның құқықтарын қорғауға берік құқықтық негіз қалыптастырады, сондай-ақ тұрақты әрі әділетті болашаққа жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз, – деп қорытындылады «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» КЕАҚ басқарушы директоры Сауле Мұзапарова.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



