Жаңа Конституция жобасы адамды басты құндылық ретінде айқындайды
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мәлім еткендей, Астанада дипломатиялық корпус үшін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасы мен мүшелерінің қатысуымен Комиссия жұмысының қорытындылары туралы брифинг өтті. Халықаралық қауымдастық конституциялық реформаның ашықтығын бағалады.

Брифингте жаңа Конституцияның жобасы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын басты құндылық ретінде айқындайтыны атап өтілді. Меншік құқығын, тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты, жеке өмір мен дербес деректерді қорғау кепілдіктері күшейтілді, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтары бекітілді.
Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова мәлім еткендей, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиян үшін мемлекеттің конституциялық жауапкершілігі енгізілді. Ратификацияланған барлық халықаралық шарттар мен қабылданған заңдарды міндетті түрде жариялау талабы белгіленді. Енді адам құқықтары мен бостандықтары тек заңдардың ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатын өзге де нормативтік құқықтық актілер мен халықаралық міндеттемелердің мәні мен мазмұнын айқындайды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



