АймақҚарағанды

Жаңа Конституция: жастармен ашық әңгіме

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатымен кездесті. Кездесуге республикалық конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов пен Қарағанды облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобы жастар қанатының төрағасы Рустам Бузяков қатысты. Басқосу Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясын талқылау мақсатында қоғамдағы маңызды саяси үдеріс төңірегінде ашық пікір алмасу алаңына айналды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Кездесуді облыстық ҚХА Еңбек Ассамблеясы мен Журналистер клубының мүшесі Дәуренбек Бағдәулет жүргізді.

Әлібек Әлденей адами капиталды дамыту, жастардың сапалы білім алуы, кәсіби тұрғыда қалыптасуы және әлеуметтік белсенділігін арттыруы мемлекеттің басты назарына алынғанын жеткізді.

Өз сөзінде ол: «Қоғамның бүгінгі талап-тілегін ескерген жаңа Конституция ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайды. Еліміздің басты құжатында азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалып, олардың қоғамдық шешімдерге қатысу мүмкіндігі кеңейтіледі», – деп атап өтті.

Кездесу барысында Әлібек Үсенұлы әлемнің дамыған елдерінің (АҚШ, Сингапур, Франция, Канада) тәжірибесінен мысалдар келтіріп, Қазақстанның өсіп-өркендеу жолын саралады. Соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси және институционалды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қоғамдық диалогты дамыту, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын орнықтыру, саяси жүйені жаңғырту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы бастамалар мемлекеттік басқарудың жаңа сапасын қалыптастырды. Жаңа Конституция – осы жүйелі реформалардың заңды жалғасы әрі оларды біртұтас құқықтық негізде бекітетін маңызды қадам.

Әлібек Үсенұлы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында этносаралық келісімге негізделген «Сан алуандылықтағы бірлік» моделінің негізі қаланғанын да атап өтті. Бұл үдерісте Қазақстан халқы Ассамблеясы шешуші рөл атқарып, тұрақтылықтың тірегіне айналды. Ендігі кезеңде аталған институт Қазақстанның Халық кеңесі форматына өтіп, қоғамдық диалогты заң шығару үдерісімен тікелей байланыстыратын жаңа мүмкіндіктерге ие болмақ.

Басқосуда Халық кеңесінің өкілеттіктері, мемлекеттің ішкі саясатын дамыту бағыттары бойынша ұсыныс әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу және референдум бастамасын көтеру құқығы берілетіні айтылды. Бұл – түрлі қоғамдық бірлестіктер мен өңірлік құрылымдардың рөлін күшейтіп, азаматтық бастамалардың нақты саяси шешімдерге ықпал етуіне мүмкіндік береді. Қарағанды облысының қоғамдық келісім саласындағы тәжірибесі жаңа модельді тиімді жүзеге асыруға негіз болатыны да ерекше атап өтілді.

– Біз бүгін тарихи шешімнің алдында тұрмыз. Жаңа Конституция – еліміздің саяси жаңғыру жолындағы батыл қадам, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігін айқындайтын берік құқықтық негіз. Бұл құжат қоғамдық келісімді одан әрі нығайтып, этномәдени бірлестіктердің рөлін күшейтеді. Сондай-ақ әр өңірдің үні мемлекеттік деңгейде естілуіне жаңа мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл өзгерістер жастарға өз әлеуетін толық жүзеге асырып, ел дамуына белсенді қатысуға жол ашады. Өйткені Әділетті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет, – деді Әлібек Әлденей.

Келесі болып сөз алған Нұркен Кобжанов конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамындағы жұмыстың жауапкершілігін атап өтті. Нұркен Сайфиддинұлы басқаратын «Бірлік» депутаттық тобы этномәдени бірлестіктермен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Облыстық мәслихат депутаттарының қатарында Ассамблея мүшелерінің көп болуы да – берік ынтымақтастықтың айғағы.

Нұркен Сайфиддинұлы 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумның тарихи маңызына тоқталып, жаңа Конституция еліміздің даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті. Облыстық мәслихат төрағасының айтуынша, 2019 жылдан басталған саяси реформалар – Парламент рөлінің күшеюі, Конституциялық соттың қалпына келтірілуі сынды маңызды өзгерістердің негізін қалады. Ал, жаңа Конституция сол бастамалардың заңды жалғасы болмақ.

Жаңа Конституцияның жастарға кең мүмкіндіктер ашатынын, мамандықты еркін таңдау, ел басқару ісіне қатысу, құқықтарын қорғау, ғылым мен инновация­ны дамытуға мүмкіндік беретінін де атап өтті. Одан бөлек, адам құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіліп, әділ сот қағидаттары нығайтылып, Конституцияға өзгерістердің тек референдум арқылы енгізілетінін айтты.

– Бұл референдум – әр азаматтың өз болашағына қатысты таңдау жасау мүмкіндігі. Жаңа Конституция – білімге, ғылымға, инновацияға және ең бастысы адамға салынған инвестиция. Сол себепті жастар белсенділік танытып, ұсынылған өзгерістерді мұқият зерделеп, өз ұстанымдарын қалыптастыру керек. Себебі, мықты мемлекет – ел тағдырына бейжай қарамайтын белсенді азаматтардан құралады, – деді Нұркен Кобжанов.

Ал, Рустам Бузяков өз сөзінде ғылыми-сараптамалық топтың беделі мен зияткерлік әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция қабылданған жағдайда да, ҚХА құрылымдары қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бағытындағы жұмысын жалғастыра бермек.

Кездесудің келесі бөлігі еркін пікір алмасуға ұласты. Алдымен, сөз алған Игорь Жабяк айтылған бастамаларға қолдау білдіріп, аға буын өкілдері жастардың белсенділігіне сенім артатынын жеткізді. Кезек-кезек сөз сұрап, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салған Ассамблея жастары жоғары белсенділік танытты.

«Абай әлемі» байқауының жеңімпазы Елизавета Седышева мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлеп, мұндай кездесулер жастардың елдік мәселелерді терең түсінуіне ықпал ететінін айтты. Жас ана ретінде ол өз перзентін нағыз қазақстандық патриот етіп тәрбиелеуді басты міндет санайтынын да жасырмады.

Ал, 5400 әскери бөлімінің кинолог маманы Руслан Зайцев патриотизм ең алдымен заңға деген құрметтен, тарихи санадан және халық бірлігін сақтау жолындағы нақты іс-әрекеттен аңғарылатынын атап өтті. Ол референдумға әскери қызметкер ретінде ғана емес, ең алдымен ел азаматы ретінде қатысатынын айтты.

Бұдан бөлек, Жоғары инженерлік колледж студенті Анастасия Шачина Конституцияны оқу бағдарламаларына кеңінен енгізу қажеттігін ұсынды. Оның пікірінше, мектептер мен жоғары оқу орындарында Негізгі заңды жүйелі оқыту – құқықтық мәдениетті арттырудың маңызды тетігі.

Ал, Қарағанды облысы кәрістер қауымдастығы жастар қанатының мүшесі Валерия Цой волонтерлік қызметтің, инновация және креативті ойлаудың жастар өміріндегі маңызына тоқталды. Ол жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

– Ерікті болу мен үшін үлкен жауапкершілік әрі маңызды миссия. Бұл қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамауға, ел дамуына өз үлесіңді қосуға ынталандырады. Технологиялар қарқынды дамыған заманда жасанды интеллект өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сол себепті, білімді әрі жауапты жастар – ел дамуының басты тірегі. Сонымен қатар, жастардың пікіріне құлақ асатын жаңа жүйе қалыптасып келеді. Бұл бізге елдегі өзгерістерге белсенді атсалысуға мүмкіндік береді. Сондықтан мен референдумға қатысып, өз таңдауымды жасаймын. Болашақ бүгін қабылданатын шешімдерден басталады, – деді Валерия Цой.

«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жастар қанатының мүшесі Умар Мадаев жаңа Конституция жастарға сенім мен мүмкіндік беретін басты құжат екенін, ол құжат әрбір жас азаматтың білім алып, кәсіби жолын табуға жағдай жасайтынын тілге тиек етті.

Достық үйі жанындағы «Мәміле» сөйлесу клубының жетекшісі Ольга Тим жаңа Конституция қоғамның прогрессивті дамуының көрінісі екенін атап өтті. Оның пікірінше, референдумнан кейін де түсіндіру жұмыстары жалғасуы тиіс. Ол бұл тақырыпты өз сабақтарында тұрақты түрде қозғайтынын айтты.

Кездесу соңында Әлібек Үсенұлы айтылған ұсыныстар мен пікірлерге алғыс білдіріп, жастардың азаматтық белсенділігін жоғары бағалады. Қоғамдағы әрбір реформаның табысты болуы халықтың қолдауына байланысты екенін де назардан тыс қалдырмады. Ассамблея жастары тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берген ол:

– Бүгінгі кездесу – ашық диалогтың үлгісі. Жастардың белсенді ұстанымы еліміздің болашағына сенім ұялатады. Жаңа Конституция – ертеңіміздің кепілі. Сол себепті, жас буын еркін дамуға жол ашатын басты құжат жобасын егжей-тегжейлі оқып, басты идея­ларына қатысты өз пікірін ашық білдіруі тиіс, – деді ол.

«Достық үйіндегі» мазмұнды кездесу жаңа Конституция төңірегінде сындарлы пікір алмасуға жол ашып, жастардың ел дамуына зор жауапкершілікпен қарайтынын аңғартты. Басқосу билік пен жастар арасындағы ашық диалогтың маңызын тағы бір мәрте айғақтады.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button