Жаңалықтар

Жаңа Конституция – Ғылым мен инновация және әлеуметтік әділдіктің кепілі

Кешегі тарихи таңдау – еліміздің даму жолындағы жаңа белес. Халық қолдаған конституциялық реформалар тек саяси жүйені жаңғыртып қоймай, мемлекеттің интеллектуалдық, мәдени және әлеуметтік негіздерін нығайтады. Бұл – Әділетті Қазақстанның нақты бейнесі.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Жаңартылған Ата Заңымыздың аясында ғылым мен инновацияға басымдық берілуі – заман талабы. Біз шикізатқа тәуелділіктен арылып, білім экономикасын құруды көздейміз. Мемлекет ғалымдардың мәртебесін көтеріп, зерттеу жұмыстарына жағдай жасауды өз міндетіне алады.

Жастардың стартаптары мен технологиялық ізденістері конституциялық деңгейде қолдау тауып, елдің цифрлық егемендігін нығайтады. Бұл – біздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіміздің кепілі.

Біздің басты байлығымыз – бай рухани мұрамыз. Конституциялық өзгерістер ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытуға жаңа серпін береді. Мемлекет тарихи жәдігерлерді қорғауды және ұлттық құндылықтарды ұлықтауды басты бағыт ретінде айқындайды. Мәдениет қайраткерлеріне қолдау көрсету және қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту – рухы биік халықтың белгісі. Мәдениеті мықты елдің іргесі әрқашан берік болмақ.

Жаңа реформалардың ең маңызды жеңістерінің бірі – азаматтардың әлеуметтік құқықтарын күшейту. Әсіресе, «Жалғыз баспана» мәселесіне қатысты нормалар халықтың әлеуметтік қауіпсіздігін арттырады.

Азаматтардың конституциялық құқықтары аясында олардың жалғыз баспанасын заңсыз тартып алуға немесе қиын жағдайда баспанасыз қалдыруға жол берілмейтін механизмдер қарастырылған. Мемлекет әрбір отбасының шаңырағы биік, босағасы берік болуы үшін заңдық кепілдік береді.

Бұл өзгерістер қоғамдағы әділдік орнатудың басты құралына айналады. Конституциялық соттың рөлін күшейту арқылы әрбір қазақстандық өз құқығының қорғалатынына сенімді болады. Біз «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген қағиданы басты орынға қойдық.

Жаңарған Конституция – бұл дамудың даңғыл жолы. Біз ғылымы озық, мәдениеті асқақ, әлеуметтік жағдайы нық қоғам құруға серт бердік. Кешегі таңдау  – осы мақсатқа жетудің алғашқы әрі ең маңызды қадамы.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жаңа жолымыз сәтті болсын!

Серікжан БАЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры

Басқа материалдар

Back to top button