Жаңа Конституция биліктің тұрақты және түсінікті моделін орнатады – Ольга Перепечина
Еліміздің Жаңа Конституциясы өкілетті билікті күшейтуге, азаматтардың сенімін арттыруға және парламенттік мәдениетті жетілдіруге бағытталған. Осыған байланысты Конституцияны қабылдау мәселесін бүкілхалықтық референдумға шығару қажет. Мұндай пікірді Конституциялық комиссия отырысында Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина айтты.

Оның айтуынша, Жаңа Конституция жобасы – қоғамның қазіргі сұранысын ескерген маңызды құжат. Ол мемлекеттік құрылымды жаңартып, билік институттарының рөлін нығайтады, мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара қатынастың нақты ережелерін айқындайды. Негізгі басымдық – адам құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау.
Сонымен қатар, жоба аясында Парламент рөлін Құрылтай институты арқылы қайта қарау ұсынылған. Құрылтай – екі палатаның ізбасары болатын жоғары өкілді орган. Бұл оның мемлекеттік жүйедегі маңызын арттырып, тарихи дәстүрмен сабақтастығын көрсетеді.
Құжатта Құрылтайдың ішкі жұмысына, оның ішінде комитеттер мен комиссиялардың қызметіне ерекше мән берілген. Олардың мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту заң шығару сапасын арттырып, ашықтықты күшейтеді.
Ольга Перепечина Конституцияны референдум арқылы қабылдау халықтық егемендік қағидатына сай келетінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл қадам елдің парламенттік жүйесін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ


