Ресми

Жаңа Конституция азаматтардың деректерін қорғауды күшейтеді

Соңғы жылдары интернет-алаяқтық көбейіп, мыңдаған адам зардап шекті. Бұрын елімізде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау жеткілікті деңгейде реттелмеген-тін. Қазіргі таңда бұл мәселенің нақты шешімдері ұсыныла бастады. Соның жарқын дәлелі жаңа Конституция жобасындағы маңызды бағыттың бірі – цифрлық құқықты қорғау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында интернет-алаяқтықты ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастыру қажеттігін қадап айтқан болатын. «Ақпараттық сауаттылық – жаңа заманның қалқаны» деген ұстаныммен елімізде киберқылмысқа қарсы интеллектуалды технологияларды енгізудің нақты тетіктері қолға алынды. Енді бұл талаптардың жүзеге асуына жаңа Конституция жобасы мұрындық болары сөзсіз. Бұған дейін осы бағытта қабылданған басты жаңалық – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген 232-1-бап болатын.

Деректерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы 11 айында ғана қазақстандықтар интернет-алаяқтық салдарынан шамамен 11 миллиард теңгеден айырылған. Бұл көрсеткіш цифрлық қауіпсіздік мәселесінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Елге дұрыс әрі нақты ақпарат тарату бағытында жұмыс істегендіктен, біздің де басты миссия – цифрлық құқықты  қатаң сақтау әрі заң аясынан алыстамау. Қазіргі уақытта қоғамның көп бөлігі интернет пен цифрлық қызметтерді пайдаланатыны белгілі. Сондықтан азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау – мемлекет үшін маңызды мәселеге айналған. Жаңа Конституция жобасында осы тақырып ерекше назарда. Құжатта азаматтардың жеке деректерін қорғау, интернеттегі қауіпсіздік және жеке өмірге қол сұқпаушылық мәселелері нақты көрсетілген. Атап айтсақ, Жаңа Конституция жобасына сәйкес азаматтардың цифрлық құқықтары заң деңгейінде қорғалады.

Атап айтқанда:

– жеке деректерді заңсыз жинауға және пайдалануға тыйым салынады;

– банк операцияларының, жеке салымдардың және жинақтардың құпиялығы қорғалады;

– телефон арқылы сөйлесулер мен хат алмасулардың құпиясы сақталады.

Бұл өзгерістер азаматтардың жеке өміріне қол сұқпаушылықтың маңызды екенін айқындайды. Осы орайда мемлекет азаматтардың деректерін қорғауға кепілдік беріп, цифрлық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған нақты шаралар енгізетінін ескерген жөн.

Қарағанды облысы еліміздегі ірі өнеркәсіптік және цифрлық даму қарқыны жоғары өңірлердің бірі екені белгілі. Өңірде шамамен 1,1 миллионнан астам тұрғын бар және халықтың басым бөлігі интернет қызметін пайдаланады. Облыстағы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетовтың атап өтуінше, өткен жылы өңірде интернет-алаяқтықтың 218 фактісі тіркелді. Көп эпизодты қылмыстық істер бойынша бес айыпталушы ұсталды, 138 қылмыстық іс аяқталды. Бұл жағдай цифрлық құқықтарды қорғаудың өңірлер үшін әлі де аса маңызды екенін көрсетеді.

Жаңа Конституция жобасында цифрлық құқықтарды қорғау мәселесінің жан-жақты қарастырылуы – заман талабына сай шешім. Әлемнің дамыған елдерінде де азаматтардың жеке деректерін қорғауға ерекше көңіл бөлінетінін білеміз.

Мысалы, Еуропалық одақта деректерді қорғау жөніндегі жалпы регламент (GDPR) бар. Бұл құжат адамдардың жеке ақпаратын жинау, сақтау және пайдалану тәртібін қатаң реттейді. Мысалы, ұйымдар азаматтардың рұқсатынсыз олардың деректерін пайдалана алмайды, ал әр адам өз деректерінің қалай қолданылып жатқанын білуге және оны өшіруді талап етуге құқылы. Бұл тәжірибе әлемдегі көптеген мемлекеттерге үлгі болып отыр. Қазақстанда да цифрландыру дамыған сайын азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі өзекті бола түсті. Сондықтан жаңа Конституция жобасында цифрлық құқықтарды қорғау, жеке деректерді заңсыз жинауға және пайдалануға тыйым салу, сондай-ақ жеке өмір құпиясын сақтау мәселелері өзекті. Осылайша, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстанда да азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауды күшейту көзделіп отыр.

Конституция жобасында ұсынылған нормалар азаматтардың құқықтарын жаңа деңгейде қорғауға мүмкіндік береді. Бұл құжат цифрлық қауіпсіздікті күшейтіп, жеке деректеріңіздің сақталуына кепілдік.

Әр адамның құқықтары, соның ішінде цифрлық құқықтары да нақты әрі түсінікті түрде қарастырылғаны қоғам үшін маңызды. Интернет-алаяқтарға қарсы күресте басты қару – ақпараттық сауаттылық пен заң екенін білген жөн.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button