Ресми

Жаңа Конституция адамға бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады – Абзал Құспан

Елордада «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сарапшылар алаңы өтті. «Жаңа Конституция институттары: орнықты мемлекеттің архитектурасы» атты бірінші панельдік сессияда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан сөз сөйлеп, Конституция жобасының азамат құқықтарын қорғау бағытындағы негізгі жаңалықтарына тоқталды.

Сурет Жаңа Конституция телеграмм каналы

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы тек құқықтық құжат қана емес, адамға бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады.

«Жаңа Конституцияның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, әділетті мемлекет құру. Негізгі заңның преамбуласында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде белгіленген», – деді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, жобада азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Мемлекет әрбір адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, жеке өмірінің қол сұғылмауын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар заң алдындағы теңдік қағидасы күшейтіліп, азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды әділ қорғаудың тиімді тетіктері қарастырылған.

Депутат жаңа Конституция жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – жеке тұлғаны қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейту екенін атап өтті. Осы мақсатта халықаралық тәжірибеде кеңінен танымал «Миранда қағидасына» ұқсас нормаларды енгізу ұсынылады.

«Бұл қағида бойынша адамды ұстау кезінде оған өзінің негізгі құқықтары түсіндірілуі тиіс. Атап айтқанда, азаматтың үндемеу құқығы, адвокаттың көмегін пайдалану құқығы және қажет болған жағдайда тегін заң көмегін алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі», – деді депутат.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button