Ресми

Жаңа кодекстің жаңалығы қандай?

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Əлеуметтік кодекс өз күшіне енеді. Сарапшылардың пікірінше, бес бөлім, 19 тарау, 267 баптан тұратын кодекс əлеуметтік қолдаудың икемді моделі болатын көрінеді. Бұның əлеуметке əсері қаншалықты? Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септігі тие ме?

 

Əлеуметтік кодекстің басты жаңалықтарының бірі – отбасының цифрлық картасы. Цифрлық карта халықты əлеуметтік төлемдерге тең дəрежеде қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Яғни, кімге, қашан, қандай төлем төленуі керектігін автоматты түрде жүзеге асырады. Бұл жүйеде барлық қажетті төлемдер жайлы ақпараттар электронды түрде жеке тұлғаның ұялы телефонына хабарлама ретінде жіберіледі. Сол арқылы өзіне қандай жəрдемақы тиесілі екенін біліп, хабарлама арқылы келісім бере отырып, қол жеткізе алады. Яғни, барлығы жариялы түрде жүзеге асады. Екіншіден, адамдар уақыт жоғалтпайды, қағазбастылықтан арылады. Сайып келгенде, цифрландыру арқылы жемқорлықтың да жолы кесіледі. Отбасының цифрлық картасы арқылы тоғыз түрлі төлем жүзеге асады.

Күшіне енген кодекс – жалпы халықтың мүддесіне жұмыс жасайды. Яғни, қолайлы жағдай туғызуға арналған. Мəселен, осыған дейін отбасына төленетін əр төлемнің өз жеке заңдылығы болса, жаңа құжат бойынша əлеуметтік төлемнің барлығы бір заңдылықтың аясында жүзеге асады.

Жалпы, шілденің алғашқы күнінен бастап енгізілетін өзгерістердің басым бөлігі мүгедектік жəне асырау шысынан айырылу бойынша Мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақылар бөлігінде болады. Қайта есептеу жəрдемақылардың өсуіне əкелді. Мəселен, мүгедектіктің барлық санатындағы адамдардың жəрдемақысы өсті.

– Егер, ауруына байланысты мүгедектікке шыққан І топқа жататындар осыған дейін 77 мың 889 теңге алып келсе, 1 шілдеден бастап 89 мың 248 теңге алады. Сəйкесінше, ІІ топ өкілдерінің жəрдемақысы 62 мың 068 теңгеден 71 мың 398 теңгеге өсті.

Асыраушысынан айырылғандар үшін жəрдемақы екі көзден – республикалық бюджеттен жəне əлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Бұл екеуінің де мөлшері өскен. Нақтырақ айтқанда, əлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жəрдемақының мөлшері жыл басында 8%-ға өссе, 1 шілдеден бастап 14,5%-ға артады. Облыс бойынша бұл қордан 3890 отбасы төлем алып отыр, – дейді Еңбек жəне əлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы Лəззат Сембек.

Жаңа кодекс бойынша зейнетақы жүйесінің де тиімділігі артады. Қазіргі қолданыстағы зейнетақы төлеу үш жүйе бойынша жүзеге асуда. Біріншісі, салидарлы жүйе. Бұған 1997 жылға дейін еңбек өтілі бар зейнеткерлер. Екіншісі, базалық негіздегі мемлекеттік зейнеткерлер. Яғни, олар 1998 жылдан бергі еңбек өтілі бар азаматтар. Үшіншісі, жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлем.

Жеке кəсіпкерлік нысандарда жұмыс істейтін немесе кəсіпкерлер міндетті зейнетақы жарнасын төлеуге құлықсыз. Олар зейнеткерлікке шыққанда олардың зейнетақысы төмен болады. Осының алдын алуда ол кісілерге базалық, яғни мемлекеттік зейнетақы негізінде 54% тағайындалатын. Ол енді 60%-ға өседі. Сонымен қатар 2028 жылға дейін əйел адамдардың зейнетке шығу жасы 61 жасқа тоқтады.

Кодексте басымдық мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға берілген. Яғни, əлеуметтік осал топ өкілдері ретінде төленетін жəрдемақыға өзгерістер енгізіліп, мөлшері де өскен.

– Кодекстің 177-бабының 5-тармағында жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға жəне асыраушысының мүгедектігі кезеңінде айырылған жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақының мөлшері қайтыс болған асыраушысының еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің санына сəйкес келетін асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақының мөлшеріне ұлғаятындығы Кодекстің 236-бабына сəйкес көзделеді. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік əлеу меттік жəрдемақы қайтыс болған асыраушысының асырауында болу фактісіне қарамастан жоғары мөлшерде белгіленеді, – деді департамент маманы Лəззат Сембек.

Түрлі өзгерістер мен артықшылықтарды қамтып отырған Əлеуметтік кодекстен ұтарымыз анық.

Мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасын енгізе отырып, балалы отбасыларды əлуеметтік қолдаудың қосымша шараларын енгізді. Əлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау арқылы мүгедектігі бар адамдар үшін, əсіресе ауылдық жерлерде арнаулы əлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырды. Яғни, дүниеге келгеннен бастап, кəрілікке дейінгі барлық əлеуметтік қолдау мен заңдылықтарын реттеуде тиімді құжат.

Сағыныш ƏБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button