Жаңалықтар

Media саласындағы құнды еңбек

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінде журналист-публицист, «Astana aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубайдың «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты кітабының таныстырылымы өтті. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен университеттің журналистика кафедрасының қолдауымен өткен басқосуға Қарағандыдағы зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және жалпы оқырман қауым қатысты.

«Бұл еңбекте бүгінгі таңдағы масс-медиа саласындағы құбылыстар мен өзгерістерге талдау жасалып, заманауи цифрлық технологиялардың ақпараттық коммуникацияларға әкелген өзгерістері жан-жақты зерттелген», — дейді кітап алғысөзін жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай.

Кітаптың жаңашылдығы мен құндылығының бірі – болашақтың медиа моделіне болжам жасалған. Заманауи цифрлық технологиялардың журналистің жеке басына, қызметіне әкелген өзгерістері нақты мысалдармен көрсетілген. Автор алдағы уақытта дәстүрлі журналистика мен цифрлық медианың бірін-бірі қалай толықтыратынын талдайды.
«Зерттеу барысында қазір онлайн-газеттер мен цифрлық медиа құралдарының ақпарат таратуда, оқырман қажеттіліктерін қанағаттандыруда баспа БАҚ-тың алдына түсіп, жаңаша парадигма қалыптастырғанын анықтадық. Демек, баспа БАҚ өзінің форматын, мазмұнын, сапасын өзгертуі қажет», — дейді автор Т. Тілеубай. Кітапты баспаға әзірлеген: «Mazmundama» қоғамдық қоры. Таралымы – 1000 дана.

Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Ortalyq Qazaqstan» газеті интернет редакциясының редакторы Ілияс Мұқай «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілданың құттықтау хатын жеткізіп, автордың иығына шапан жапты.

Толығырақ ақпаратты «Ortalyq Qazaqstan» газетінің сенбілік санынан оқи аласыздар.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button