Бас тақырып

Жаңа Үкіметке үміт – зор, талап – жоғары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты. Үкіметтің атқарған жұмысына қысқаша тоқталып, шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 пайызға өскенін, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер уақытылы және толығымен орындалғанын жеткізді.

Сурет: aqorda.kz

Мемлекет басшысы Конституцияның 70-бабына сәйкес, Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы сайлануына байланысты Үкімет өз өкілеттігін тоқтатқанын айтты.

– Біз соңғы жылдары жаһандық және жалпыұлттық ауқымдағы көптеген қиындықты бастан өткердік. Үкімет күрделі кезеңдегі жаңа талапқа тез бейімделді. Сол арқылы экономиканың тоқырауына жол берген жоқ. Жұмыс орындарын қысқартпай, сақтап қалды. Шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 пайызға өсті, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің айтуынша, мұның бәріне билік тармақтарының бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында қол жеткен. Осы ынтымақтас­тықты нығайтып, Үкімет пен Парламент экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға тиіс.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламент экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруы тиіс.

Осы мақсатта нақты міндеттерге тоқталып, елдің стратегия­лық бағдарын жүзеге асыру үшін Үкімет баса мән беруге тиіс мәселелерге назар аударды.

Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен Үкіметке тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

– Экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұмысын жүйелі жүргізіп, нарық қағидаларын нығайту маңызды. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру. Еліміздің негізгі өңірлік инвестициялық хаб ретіндегі ролін күшейту қажет. Былтыр монополиядан арылту және шынайы бәсекелестік орта қалыптастыру салаларында ауқымды жұмыс жүргізілді. Алайда, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Үкімет экономикалық еркіндікті одан әрі кеңейту және мемлекеттің нарықтық процестерге ықпал ету деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет. Аталған шаралардың іске асырылуы еліміздің институционалдық тұрғыда кемелденуіне, оның әртүрлі ішкі және сыртқы сын-қатерлерге төтеп беруіне мүмкіндік береді, – деді Президент.

Президент атап айтқан екінші мәселе – инфляцияны тежеу.

– Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту, аумақтық саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу, адам капиталының сапасын дәйекті әрі жүйелі түрде арттыру және мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғырту мәселелеріне тоқталды.

Жиын соңында Президент Премьер-Министрдің кандидатурасын Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ мәмілеге келгенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Ата Заңының 44-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынды.

Президент Премьер-Министр лауазымына ұсынылған кандидатураны қолдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымыз Үкі­метке зор үміт артатынын, жоғары талап қоятынын да ескертті.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button