Жаңа іріктеу – жаңа мүмкіндік
Еліміздің түбегейлі мақсатының бірі – халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму. Білікті мемлекеттік қызметшілердің көмегінсіз неғұрлым бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіру мүмкін емес.
Тәуелсіз мемлекеттің мақсаттарын іске асыру үшін кадрларды ілгерілетудің тиімді жүйесін құрып, мемлекеттік органдарда меритократия қағидатының жұмыс қабілеттілігін қамтамасыз ету қажет.
Қазіргі таңда қабылданған реформалардың нәтижесінде мемлекеттік аппарат моделі құрылды. Жаңа модель меритократия, тиімділік және қоғамға есеп беру қағидаттарына негізделеді.
Бүгінгі күні кадрларды сыртқы жинақтаудың негізгі көзі – мемлекеттік қызметке іріктеуде қазіргі заңнаманы білуге тестілеу, жеке қасиеттерін бағалау және әңгімелесуден тұрады. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қажетті құзыреттерді бағалауға негізделген мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмін әзірледі.
Облыстың жергілікті атқарушы және өкілді органдарында, Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясында биылғы 1 ақпаннан жаңа іріктеу енгізілді.
Конкурстың жетілдірілген тәртібі үміткерлерге «eqyzmet.gov.kz» порталы арқылы алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Ал, тестілеуден өту қағидаларын сақтауды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу барысында өзін оң жағынан көрсеткен прокторинг жүйесі қамтамасыз ететін болады.
Бұл ретте, «eqyzmet.gov.kz» порталы арқылы тапсырылатын тестілеу бағдарламаларға бөлінбейді және нормативтік-құқықтық актілердің саны 4-ке дейін қысқартылды. Тестілеуден сәтті өткен қатысушылар порталға тіркеліп, өздеріне қатысты деректер мен құжаттарды енгізе отырып, бос орындарға таңдау жасай алады. Мемлекеттік органға ешқандай құжаттар жолдамайды.
Жеке қасиеттерді бағалау кезеңі 130 сұрақтан тұрады. Мәтіндік және сандық ақпаратпен (SHL) жұмыс істеу қабілетін бағалауда әрқайсысы 25 сұрақтан тұратын екі блокты құрайды. Барлығы 50 тапсырма беріледі.
Конкурс жеңімпазы барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша жүйе арқылы анықталады.
Мемлекеттік қызмет адамдардың қажеттіліктеріне жауап бере алатын құзыретті, адал, құрметті және заңды орындайтын қызметшілерден құралуы тиіс. Жаңа іріктеу – шынайы бәсекелестікке жол ашатын, рәсімдерді цифрландырып, ыңғайлы уақытты таңдауға мүмкіндік беретін жоба.
И.МАГИЛАНОВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.