Жаңа форматтағы жүздесу бұқара көңілінен шығып жүр
Мәселеңізді айту үшін бұрынғыдай әкімдіктің табалдырығын тоздырмайсыз. Хатыңыз хатшының алдында сарғайып жатпайды. Бөлім жетекшілері мен басқарма басшысы ғана емес, қазір, тіпті, облыс әкімінің өзі алдыңызға келіп, мұң-мұқтажыңызды тыңдайды. Алысқа ұзатпай, проблемаңызды шешу үшін жауапты мамандарға көзіңізше тапсырма береді. Аймақ басшысы мен халықтың кездесуі кейінде осындай жаңа форматта өтіп жүр. Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау қаласы мен Ақтау кентінің тұрғындарымен кездесті.
Теміртаудағы кездесу мәдениет үйінде өтті. Облыс әкімінен бастап, барлық басқарманың басшылары жиналды. Кездесу барысында 50-ге жуық талон беріліпті. Соның отызға жуығы – Ермағанбет Бөлекпаевқа. Солардың бірі – Светлана Мұхамедқалиева. Ол көп жылдан бері қаланың ортасында тұрған дүкенін орталықтандырылған жылуға қоса алмай жүр екен. Қосайын десе, жауаптылар бір-біріне сілтеп, сенделтіп қояды екен. Мәселені егжей-тегжейімен аймақ басшысына баяндап берді.
– Дүкенімізді орталықтандырылған жылудан ажыратып тастай береді. Осылайша кәсібімізге бөгет жасап жатыр. Жергілікті әкімдіктегілер бізге осының бәрін әдейі істеп жүргендей көрінеді. Жанайқайымызға құлақ аспай қойды. Қостырайық десек, қырық сылтау айтады. Тіпті, ақша сұраған кездері болды. Біз сотқа беріп, жеңіп шыққан едік. Содан кейін жылуды қалпына келтірген. Биыл қайтадан ажыратып тастады. Біз прокуратураға шағымдандық. Олар әлі тексеру жүргізіп жатыр, хабар жоқ. Бүгін, міне, алдыңызға мәселеміз шешіледі деген үмітпен келіп отырмыз. Одан бөлек, дүкеніміздің әйнегін таспен атып, шағып кетеді. Бірнеше рет полицияға арыз жаздық. Олар да әрекет етпейді, – деді Теміртау қаласының тұрғыны Светлана Мұхамедқалиева.
Ермағанбет Бөлекпаев кідірместен жергілікті билік өкілдерін шақыртып, тұрғынның мәселесін дереу реттеуді тапсырды. Сонымен қатар, шешілу барысын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Ал, әйнекті шаққан бұзақыларға қатысты істі сол жерде отырған облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұловқа бағыттады. Полиция Светлана ханымның жанайқайын тыңдап, осы істі реттейтіндерін айтты. БАҚ өкілдерінің көзінше уәде берді.
Қалада қоқыс мәселесі де өзекті. Иесіз жатқан үйлердің маңы бүгінде шағын қоқыс полигонына айналған. Светлана Хижнекова бірнеше жыл бойы үйінің маңындағы қоқысты жината алмай әлек.
– Кейде өзіміз барып жинастырамыз. Өйткені, жағымсыз иіс шығады. Кейде өртеп те кетеді. Түтіні бөлмеге кіреді. Ішкен асымыз желкемізден шығады. Белгісіз біреулер біз үйде жоқ кезде келіп, тұрмыстық қалдықтарды шашып, төгіп кетеді. Айта-айта жалықтық. Әкімдікке бардық. Еш қайыр болмады. Ең болмаса, қоқысты тастап кететіндерді анықтап, жазаласа екен. Жаздың ыстығында аулаға шығудан қалдық. Жел тұрған күні төңіректі қағаз басып кетеді, – дейді ашынған тұрғын.
Айта кетейік, Ермағанбет Бөлекпаев Теміртауға осыдан үш ай бұрын келген еді. Теміртаудың әкімі Ораз Тәуірбековтің айтуынша, шілдеде өткен көшпелі қабылдауда көтерілген мәселенің басым бөлігі оң шешімін тапқан.
– Барлық сұрақтар ескерілді. Бірден шешілмейтіндері қалды, оған уақыт қажет. Олар – қоршаған ортаға, қоқыс полигондарына, қоғамдық көлікке қатысты мәселелер. Әсіресе, біздің тұрғындарды трамвай паркінің тағдыры алаңдатады. Әрине, ең бастысы жылу мәселесі, – деді қала әкімі.
Бір топ ата-ана «Мариям» жекеменшік балабақшасы газбен жылытуға қашан қосылатынын сұрады.
– Балабақша басшылығы бізге уәде берді. Кездесу туралы біліп, мәселемізді айтуды жөн көрдік. Алдымен білім бөлімінің өкілдеріне, одан кейін энергетика және ТКШ бөлімінің басшысына хабарластық. Көз алдымызда бəрін біліп, бір апта ішінде газ қосылатынын айтты. Біз бәрін бақылауға алдық. Көп күттірмей бәрі шешімін табады деген үміттеміз, – деді Теміртау қаласының тұрғыны Әйгерім Мөлкенова.
Ерік НАРЫН,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz