АймақҚарағанды

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі күрделі жөндеуден кейін жұмысын бастады

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі күрделі жөндеуден кейін қала тұрғындары мен қонақтары үшін есігін айқара ашты. Жаңа экспозицияның таныстырылымы салтанатты түрде өтіп, оған аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев пен облыстық басқарма басшылары, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің өкілдері, Ұлттық музей және облыстық музей басшылары, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық-зерттеу университетінің ғалымдары, танымал қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шара Қарағанды облысының 90 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Музейдің жаңартылған экспозицияларын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жоғары бағалады.

– Кез келген халық тарихын қадірлейді. Тарих – ұлттың өткенін түгендеп, құндылықтарын айшықтайтын аса маңызды сала. Сол себепті де, Қарағанды облыс­тық тарихи-өлкетану музейінің заман талабына сай жаңаруына күш салдық. Жаңарту жұмыстарына көңілім толды. Тарихты қастерлеген әр азаматтың игілігі үшін қызмет етеді деп сенемін. Алдағы уақытта музей қорының құнды жәдігерлермен толығуына қолдау көрсетеміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне 2011 жылы күрделі жөндеу жасалыпты. 15 жылдан кейін қайта жаңғыр­ған музей ісіне едәуір өзгерістер енген. Анығырақ айтсақ, тарихты сақтауға және насихаттауға заман талабына сай технологияларды жұмылдыруға қажеттілік туындаған. Бұл күрделі жөндеу жұмысы 2024 жылы басталып, жаңғырту жұмыстарына 400 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Музей директорының орынбасары Мөлдір Болат жаңарту кезінде цифрландыруға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға басымдық берілгенін айтты.

– Экспозицияларды жаңарту жұмыс­тарының басты мақсаты – экспозициялардың мазмұнын байыту. Сонымен қатар, заман көшінен қалыспау да негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Өздеріңізге белгілі, бүкіл әлем қазір цифрлық, соның ішінде жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жариялаған еді. Осыған орай, музей жұмысының 80%-ы цифрландырылды. Жасанды интеллект экскурсия жүргізетін жаңа алаңдар пайда болды, – деді Мөлдір Болат.

Музей экспозицияларының көші динозаврлар дәуірімен басталады. Мұнда интерактивті тақта орнатылған. Тақтада жасанды интеллекті жасаған динозаврлар туралы шағын деректі фильмді тамашалай аласыз. Сақ пен ғұн замандары да жасанды интеллектімен жаңғыртылған. Тарихи тұлғалардың да көнерген суреттері жаңартылған. Бейне бір соңғы үлгідегі фото құрылғымен түсіргендей әсер береді. Көне музыкалық аспаптардың үнін де арнайы тақтадан естуге болады. Мәселен, жетігеннің суретін саусағыңызбен басып қалсаңыз болды, күй ойнайды. Тіпті, күй туралы шағын ақпарат та көз алдыңызға шыға келеді. Бұл технология музейдің әр шаршы метрін үнеммен пайдалануға мүмкіндік береді.

Музейге келіп, Абылай ханның кеңесшісі болған әулие Бұқар жыраудың батасын аласыз. Жасанды интеллект Бұқар жырау бабамыздың суретіне жан бітірген.

Музей экспозициясы 13 залдан тұрады және өңір тарихын көшпелі империя­лар дәуірінен бастап, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды. Экспозицияда археологиялық олжаларға, қола және ерте темір дәуірі жәдігерлеріне, қазақ халқының материалдық мәдениетіне, сондай-ақ, Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының қалыптасу тарихына айрықша назар аударылған.

Қарағандының мақтанышына айналған Геннадий Головкин және Серік Сәпиев секілді былғары қолғап шеберлері секілді спорт майталмандарына да бұрыш берілген.

Жалпы музей қорында 154 мыңнан астам жәдігер бар екен. Қазір жәдігерге бұрынғыдай ұзын-сонар мәтін жазылып, анықтамасы үшін қағаз шығындалмайды. Бір ғана интерактивті тақта жүздеген жәдігер туралы ақпарат береді.

Музей экспозицияларының заман талабына сай жаңаруы өңірдегі туризмнің де әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік береді дейді мамандар.

– Кейінгі жылдары музейге келетін шетелдік туристердің легі көбейді. Олардың қатарында Орта Азия тарихын зерттеп жүрген ғалымдар да бар. Жаңарған экспозициялар музейге келушілер санының артуына ықпал ететіні анық. Мұндағы экскурсия жүргізетін мамандардың барлығы үш тілде еркін сөйлейді, – деді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Мөлдір Болат.

Музейдің жұмысы жаңа жәдігерлермен толыққан сайын жанданады. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде Шет ауданы аумағындағы Талды қорымдарынан табылған жәдігерлер көбеюде.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button