Ресми

Жаңа дәуірдің жарқын белесі

Сыр елі – Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысы – еліміздің саяси өміріндегі жаңа кезеңнің басы, қатпарлы тарихымыздың жаңа парақтары іспетті. Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысы 2022 жылы Ұлытауда өтіп, елдің рухани және саяси жаңғыруының іргетасын қалады. Ал, Түркістан, Атырау, Бурабайда өткен Құрылтайлар әр аймақтың үні мен ұсынысын тыңдап, қоғамның дамуына жаңа дем берді. Биылғы Құрылтай осы сара жолдың ең маңызды тұсындай. Өйткені, еліміз ауқымды саяси түлеудің алдында тұр. Мұнда қабылданған шешімдер мен айтылған ұсыныстар Қазақстанның жаңа саяси құрылымын қалыптастыруға, ел басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртудағы стратегиялық қадамдарға бастайды. Бұл ұлттың болашағын бірлесіп айқындайтын тарихи сәт.

Суреттер akorda.kz сайтынан

Жаңа кезеңнің бастауы

Құрылтай отырысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылды. Алғашқы сөз тізгінін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алып, Құрылтай жұмысының барысына, елдегі маңызды мәселелерге тоқталды.

– Құрылтайдың төрт секциясы өз отырыстарын өткізді. Секция жұмысына 70-ке жуық Құрылтай мүшесі қатысып, 200-ден астам ұсыныс айтылды. Құрылтай жұмысының негізгі бағыты – қоғамның әлеуметтік-экономикалық, білім беру және балалар құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешу. Ғылым мен білім саласында бірқатар маңызды бастама қолға алынды. Жақында ғылыми қалашықтар құру және дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл жоба елдің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, мектептердегі тәрбие бағдарламасы жетілдіріліп, оқушылардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы барлық шараларды бір жүйеге біріктіріп, олардың жүзеге асуын күшейтеді, – деді Ерлан Қарин.

Аймақтардың дамуы бойынша да бірқатар ірі бастама іске асқан. Елде Өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданып, оның басты міндеті – халықты негізгі инфрақұрылымдармен тең дәрежеде қамтамасыз ету. Тұжырымдама аясында өңірлердегі негізгі мәдени-туристік іс-шаралардың тізбесі жасалып, оларды жүйелі түрде өткізу жоспары пысықталды. Құрылтай мүшелері Бурабайда айтылған бастамалар мен ұсыныстар негізінде бір жыл ішінде жүйелі жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмысты тиімді іске асыру үшін Құрылтай мүшелері секциялар мен жұмыс кездесулерінде талқылаулар жүргізіп, нақты механизмдер мен жол карталарын пысықтады.

Өз кезегінде, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов баяндама жасап, экономиканың негізгі мәселелеріне тоқталды. Оның пікірінше, елдегі экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту маңызды. Қазіргі таңда банктер кәсіпкерлік несиесін де 25 пайыздық мөлшерлеме қолданатынын атап өткен депутат оның бизнес үшін қолайсыздығын, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретінін айтты.

Сол себепті, ол жеңілдетілген несие жүйесін енгізу қажеттігін, оны даму институттары мен банктердің қаражатын үйлестіру арқылы жүзеге асыруға болатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, саясаттанушы Марат Шибұтов өз ойын ортаға салды «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова да сөз сөйледі. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев маңызды мәселелерге тоқталды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Лаура Қарабасова Құрылтай жұмысына қатысты ой білдіріп, білім беру жүйесі мен жастар саясатының өзекті жайттарын алға тартты.

Осылайша, қоғамның әр саласынан ұсыныстар жинақталып, талқыланып, жүйелі түрде реформаларды жетілдіруге бағытталғанын көрсетті.

Қазақстанның тірегі

Құрылтай қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, елдік мәселелерді ашық талқылайтын тұрақты алаң ретінде қалыптасып келеді.

Сөзін Ұлттық Құрылтайдың бүгінгі рөліне тоқталудан бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев бұл институттың ел болашағына қатысты шешімдер пісіп-жетілетін жауапты құрылымға айналғанын айтты.

– Құрылтайда көтерілген әрбір бастама нақты іске ұласуы тиіс. Өйткені халықтың сенімі мен мемлекеттің тұрақтылығы осындай ортақ жауапкершілікке тікелей байланысты. Соңғы жылдары қабылданған заңдар мен реформалар қоғамның саяси мәдениеті өсіп, азаматтық жауапкершіліктің күшейгенін көрсетеді, – деді Президент.

Сыр өңірінің даму қарқыны – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Соңғы жылдары Қызылорда облысында инфрақұрылым жаңарып, энергетикалық қауіпсіздік күшейіп, әлеуметтік нысандар салынған.

Арал теңізінің тағдырына арнайы тоқталған Мемлекет басшысы бұл мәселенің тек бір өңірге ғана емес, бүкіл елге және халықаралық қауымдастыққа ортақ екенін жеткізді.

– Қазақстан су қауіпсіздігі мәселесін жалғыз шеше алмайды. Су ресурстарын әділ әрі ұтымды пайдалану үшін көрші мемлекеттермен өзара сенімге негізделген келісімдер қажет. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік, – деді.

Ел экономикасының өткен жылы тұрақты өсім көрсеткенін де атап өтті. Ішкі жалпы өнімнің артуы, халық санының көбеюі, шағын және орта бизнестің нығаюы – жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі. Бұл жетістіктердің негізінде еңбек адамының маңдай тері мен қоғамның бірлігі жатқанын айтты.

Сонымен бірге, қоғамдағы құндылықтар жүйесінің жаңарып келе жатқанына назар аударып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, еңбек адамының мәртебесін арттыру – Ұлттық Құрылтайда көтеріліп, заңнамалық деңгейде бекітілген маңызды бағыттар екенін мәлімдеді.

Руханият және жауапкершілік

Одан бөлек, Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде қарастыру қажеттігін айтты.

– Қоғамның санасы жаңғырмайынша, ешбір реформа толық нәтижесін бермейді. Осыған байланысты елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымда мәдени инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қолға алынбақ. Алдағы жылдары бірнеше өңірде жаңа театрлар салынып, жетекші мәдени мекемелер жаңғыртылады. Бұл – рухани кеңістікті нығайтуға бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі, – деді Президент.

Музей ісін дамыту мен тарихи мұраны заманауи форматта ұсынудың маңызын да айрықша атап өтті. Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейі осы бағыттағы оң тәжірибе ретінде бағаланды. Мәлімдеуінше, ұлттық тарихты жаңа технологиялар арқылы халыққа, әсіресе, жастарға түсінікті етіп жеткізу – уақыт талабы.

Жастардың мәдениет пен креативті индустриядағы белсенділігі елдің рухани жаңғыруының айқын белгісі ретінде атап өтіп, қазіргі қазақ өнерін әлем ерекше құбылыс ретінде қабылдай бастағанына да назар аударды. Бұл үрдіс ұлттық бірегейлікті нығайтып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық мәдени беделін арттыра түседі.

Елімізде ұлттық мұраны әлемге таныту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасып келеді. Қазақстанның бірқатар тарихи жәдігерлері мен рухани құндылықтары ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп жатыр. Мемлекет басшысы бұл бағытта тоқмейілсуге болмайтынын айтып, төл тарихты зерделеу мен мәдениетті дәріптеу ісін күшейтуді тапсырды.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Кемелұлы Абай, әл-Фараби, Ясауи ілімдерінің ұлттық сананы қалыптастырудағы орнына тоқталып, ұлы тұлғалардың мұрасын мерейтоймен шектемей, тұрақты түрде ғылыми және қоғамдық айналымға енгізу керектігін айтты.

Рухани мұраны сақтауда цифрландырудың маңызына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдап, тарихи, ғылыми және мәдени құндылықтарды электронды форматқа көшіру ұлттық бірегейлікті сақтаудың басты шарты екенін айтты. «Цифрлық өркениет дәуірінде өз тарихын жүйелеп, жаһандық кеңістікке шығарған ел ғана болмысын сақтай алады», – деді ол.

Отаншылдық мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Ел Президенті патриотизмді ұранмен емес, нақты іспен дәлелдеудің маңызын атап өтті. «Таза Қазақстан» акциясы, волонтерлік, адал еңбек пен қоғамдық тәртіпке үлес қосу – жасампаз отаншылдықтың нақты көрінісі.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мәселесі де осы жауапкершілікпен тікелей байланысты. Президент заң талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік Туды қадірлеу – ел бірлігінің белгісі екенін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қоғамдағы зорлық-зомбылық пен заңсыз әрекеттерге мүлде төзбеушілік қағидатын тағы да нақтылады. Қыз алып қашу секілді қылмыстардың ұлттық дәстүрге еш қатысы жоқ екенін айтып, мұндай әрекеттерге қатаң құқықтық баға берілетінін жеткізді.

«Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Бұл құндылықтар отбасында, мектепте және қоғамда қалыптасуы керек. Мемлекет осы бағыттағы іргелі институттарды күшейту жұмысын жалғастыра бермек», – деді Президент.

Цифрлық дәуір, инфрақұрылым мен әділетті басқару

Өз кезегінде ел Президенті жаһандық өзгерістер жағдайында ел дамуының жаңа өлшемдері қалыптасып жатқанын айтты. Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірі мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін халық саны емес, адами капиталдың сапасы мен технологиялық бейімделу деңгейі айқындайтын кезеңге алып келді. Осыған байланысты Қазақстан цифрлық трансформацияны стратегиялық басымдық ретінде қарастырып отыр.

Президенттің пікірінше, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ұранмен немесе науқаншылдықпен шектелмеуі тиіс. Бұл – бүкіл мемлекеттік басқару жүйесіне қойылатын нақты талап. Жаңа технологиялар шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, еңбек өнімділігі мен қызмет сапасын жақсартуға қызмет етуі керек. Алайда, басқару мәдениеті реттелмейінше, озық технологияның өзі нәтиже бермейтіні ескертілді. Сондықтан, мемлекеттік секторда ұйымдастырушылық тәртіп пен басқару сапасын түбегейлі жақсарту міндеті қойылды.

Жоғары технологиялы экономика құру үшін сенімді энергетикалық және цифрлық инфрақұрылым қажет. Осы тұрғыда деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру, қуат көздері мен инженерлік жүйелерді алдын ала жоспарлау мәселелері көтерілді. Президент инфрақұрылымдық шешімдерде жіберілген жүйесіздікті ашық сынға алып, мұндай олқылықтар экономикалық шығынға алып келетінін айтты.

Энергетика саласына қатысты Мемлекет басшысы нақты міндеттер жүктеді. Қазақстанның электр қуатын өндіру көлемі алдағы жоспарларды толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз екені атап өтілді. Көмір, газ және су ресурстары елдің стратегиялық активтері ретінде тиімді пайдаланылуы тиіс. Әсіресе, көмірді заманауи, экологияға қауіпсіз технологиялармен өңдеу арқылы ұлттық жоба деңгейіне көтеру қажеттігі айтылды. Бұл бағытта Үкіметке нақты мерзімдер белгіленді.

Газ саласындағы баяу ілгерілеу тиімсіз жоспарлаудың салдары ретінде бағаланды. Мемлекет басшысы жаңа кен орындарын игеру, геологиялық барлауды жандандыру және ірі газ өңдеу жобаларын уақытылы іске қосу мәселесін қатаң бақылауға алуды тапсырды. Энергетикалық тұрақтылық – экономикалық қауіпсіздіктің негізгі шарты екені баса айтылды.

Көлік-логистика саласы да ел дамуының өзекті бағыты ретінде қаралды. Қазақстанның транзиттік әлеуеті зор болғанымен, оны толық пайдалану үшін ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қажет. Алдағы жылдары ірі автомобиль және темір жол бағыттары жаңғыртылып, жаңа дәліздер іске қосылады. Бұл жобалар Қазақстанның халықаралық логистика картасындағы орнын нығайтуға бағытталған.

Әуе тасымалы саласында да жүйелі кемшіліктер бар екені айтылды. Мемлекет басшысы әуемен жүк тасымалы бағытындағы шешімдердің тиімсіздігін сынға алып, бұл салада батыл реформалар қажет екенін жеткізді. Авиаотын бағасының жоғары болуы бәсекеге қабілеттілікті төмендетіп отырғаны да ашық айтылды.
Экономиканың сапалы өсімін сақтау үшін қаржы және әлеуметтік саладағы тәртіпті күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында қаржыландырудың бұрмалануы, заңсыз шығындар мен жауапсыздық фактілері Мемлекет басшысының қатаң сынына ұшырады. Бұл салаларға бөлінетін қомақты қаражат азаматтардың өмір сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне түзетулер енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл шара сапалы экономикалық өсімді сақтау үшін маңызды.
Сыбайлас жемқорлық пен алаяқтыққа қарсы күрес ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе ретінде бағаланды. Президент құқық қорғау органдарына экономикалық, әлеуметтік және цифрлық алаяқтыққа қарсы батыл әрекет етуді тапсырды. Қоғамда заң мен тәртіпті бұзатын кез келген әрекетке мүлдем төзбеушілік қағидаты орнығуы тиіс.

Халықаралық ахуал күрделенген кезеңде Қазақстанның сыртқы экономикалық саясаты прагматизм мен әділдікке негізделуі қажет екені айтылды. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастықта ұлттық мүдде бірінші орында тұруы тиіс. Интеграция әділ жүргізілген жағдайда ғана отандық экономика мен азықтүлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Мемлекет басшысы Үкіметке нақты нәтижеге бағытталған, кәсіби әрі жауапты жұмыс жүргізу міндетін жүктеді. Экономикалық даму, инфрақұрылым, цифрландыру және әлеуметтік әділеттілік – өзара тығыз байланысты бағыттар. Осы салаларда жүйелі тәртіп орнағанда ғана Қазақстанның ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігі қамтамасыз етіледі.

Саяси жаңғыру күтіп тұр

Дерекке сүйенсек, қазір әлемде халықаралық құқықтың беделі төмендеп, сенім дағдарысы күшейіп, әскери шығындар рекордтық деңгейге жеткен. Бұл жағдай сыртқы саясаттың маңызын айрықша арттырып отыр. Сондықтан, дипломатияны қақтығыс емес, келісімге жеткізетін негізгі құрал ретінде қолданамыз. Елдің қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету – басты мақсат.

– Менің ойымша, мемлекет мүддесін қорғау мен халықаралық беделді арттыру үшін дипломатия – ең тиімді құрал. Сондықтан, Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін күшейтіп, түрлі дін мен халық өкілдері арасындағы татулықты нығайтады. Біз – орта держава ретінде әділ, ақылға қонымды саясат ұстанып, еліміздің территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін басты орынға қоямыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен қатар, біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан арылып, өткенге тым байланбай, болашаққа бағытталған мемлекет болуымыз керектігі де айтылды. Басты міндет – ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құру екені анық. Бұл – біздің ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы.

Қазақстан биыл саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып, парламенттік реформаны негізгі бағыт ретінде қарастырып отыр. Бір палаталы Парламентке көшу идеясы қоғамда кең талқыланып, қолдау тапты. Былтыр құрылған жұмыс тобы қоғамдық пікірді жинақтап, ұсыныстарды сараптап, реформаның негізгі бағыттарын анықтады.

– Жұмыс тобы Парламенттің жаңа атауы «Құрылтай» болуы мүмкін деп ұсынды. Депутат саны 145 адам, комитет саны 8-ден аспауы тиіс, ал негізгі талап – депутаттардың сапасы. Мемлекеттік органдардың мүшелерін тағайындау құзыреті Парламент келісімімен жүзеге асырылуы тиіс, Жоғарғы сот судьялары да Парламент тарапынан тағайындалады. Бұл билік тармақтары арасындағы теңгерімді күшейтуді көздейді, – деді Президент.

Парламент депутаттары пропорционалды жүйемен сайланады, президенттік квота және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы алынып тасталады, ал, жастар, әйелдер және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квота сақталады. Өтпелі межесі 5% деңгейінде қалуы мүмкін. Депутаттардың мандаты 5 жыл, заң қабылдау үш кезеңнен өтеді.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, реформалар аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың міндеттері жаңа институт – Қазақстанның Халық Кеңесі арқылы жалғасады. Бұл консультативтік орган құрамына қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен аймақтар өкілдері кіріп, заң шығаруға бастамашылық ету құқығын алады.

Еліміздегі саяси жаңғырудың басты мақсаты – елдің әлеуетін арттыру және мемлекеттіліктің қазіргі заманғы сын-қатерлерге дайындығын күшейту. Бұл үшін үстірт өзгерістер емес, мемлекеттік институттардың түпкі мәнін өзгерту және олардың өзара байланысын нығайту қажет. 2022 жылғы конституциялық реформалар сот, заң шығару, атқарушы билік және Президент институтын бірлесіп реформалап, құқық қорғау жүйесін күшейтіп, сайлау жүйесін демократияландыруға бағытталған маңызды қадамдар жасады. Реформалар асығыс қабылданған жоқ. Бұл – ұзақ мерзімді стратегияның біртұтас бөлігі, сондықтан, эволюциялық жолмен, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс екені сөзсіз.

– Біз ұсынған мемлекеттік билік реформалары – бір палаталы Парламентке (Құрылтай) көшу, Халық Кеңесін құру және Вице-президент институтын енгізу – еліміздің дамуына зор серпін береді. Бұл өзгерістер 1995 жылғы конституциялық үлгіден мүлде жаңа жүйеге көшу деген сөз. Егер азаматтарымыз бұл бастамаларды жалпыхалықтық референдумда қолдаса, Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек. Біз бір ел, бір халық болып, қазіргі алмағайып заманның сын-қатерлеріне төтеп береміз, оларды еңсереміз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мұның бәрі мемлекетті басқару процесін тұрақтандырып, билік иерархиясын айқындап, Президенттік институттың күшеюіне емес, керісінше, оның орнықты әрі тиімді жұмыс жасауына негізделген ұсыныстар екенін көрсетеді.

Ұлттық Құрылтайдың жұмысы нәтижесінде конституциялық өзгерістер ауқымды екенін көрсетті. Бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата Заңның шамамен 40 бабын өзгерту жоспарланған. Алайда, талқылау барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені анықталды. 2022 жылғы реформада Ата Заңның 33 бабына өзгеріс енгізілген болатын. Енді ұсынылып отырған өзгерістер одан да ауқымды, тіпті, жаңа Конституция қабылдау деңгейіне жақын.

Сондықтан, Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы арнайы Жарлыққа да қол қойылмақ. Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Ұлттық Құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар. Конституциялық соттың төрағасы комиссияны басқарады. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді, содан кейін жалпыхалықтық референдумның уақытын белгілейді.

Әлемдегі ахуал шиеленісіп тұрғанына қарамастан, Қазақстан күрделі әрі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырды. 2022 жылғы конституциялық реформа және АЭС салуға қатысты референдум кезінде халқымыздың басым көпшілігі Мемлекет басшысының бастамаларын қолдады. Президент әрбір шешімді елге қажеттілігі тұрғысынан мұқият саралап қабылдайтынын, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жұмыс оның басты міндеті екенін тағы да атап өтті.

– Ұлттық Құрылтай ел тарихында ерекше орын алады. Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқардық, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгертуге үлес қостық. Мемлекеттігімізді нығайтуға қосқан еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да бірге ел игілігіне қызмет етеміз деп сенемін. Енді, бізді жаңа міндеттер күтіп тұр, сондықтан, қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға болмайды. Бірлігімізді бекемдеп, іске кірісуіміз керек, – деді Президент.

Құрылтай отырысының қорытындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай жұмысына белсене қатысып, реформалардың табысты жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл Құрылтай мүшелері мен қатысушылардың елдің болашағы үшін атқарған қызметін бағалау әрі реформалар жолындағы ортақ жауапкершіліктің белгісі.

Атап айтсақ, «Барыс» орденінің І дәрежесі 2 адамға, ІІ дәрежесі – 3, III дәрежесі – 6, «Парасат» ордені – 13, «Ел бірлігі» ордені – 1, «Құрмет» ордені – 14, «Ерен еңбегі үшін» медалі – 2, «Шапағат» медалі – 1, ал, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы 2 адамға берілді.

Марапатталғандар арасында жерлесіміз қоғам белсендісі Ләззат Қожахметова да бар. Бұл – ел дамуына қосқан үлесінің айғағы ретінде ерекше атап өтуге тұрарлық марапат.

Осылайша, V Ұлттық Құрылтай отырысы қорытындыланып, елдегі саяси реформалардың жаңа кезеңі белгіленді. Құрылтай – елдің даму жолын айқындайтын стратегиялық платформа. Алдағы уақытта Қазақстанда ауқымды өзгерістер жүзеге асады. Қызылордада өткен Құрылтай сол өзгерістердің бастауы.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button