Ресми

Жаңа дәуірдің жарқын қадамы

Кейінгі жылдары елдегі сайлау жүйесі көп өзгеріске түсті. Ашықтықты қамтамасыз ететіндей жетілдірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен іске асқан сайлаудағы реформалар бұқара мен билік арасындағы алшақтықты жоюды көздейді. Соның айқын көрінісі – халықтың ауыл, аудан, қала әкімін сайлауы. Осылайша, саяси реформаларға жұртшылық куә бола бастады.
5 қарашада қанатқақты жобада өткен облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау оның бір дәлелі деуге толық негіз береді. Ел бойынша мұндай жобада 45 қала, аудан бар. Оның үшеуі – Қарағанды облысында. Приозерск қаласы, Ақтоғай және Осакаров аудандарында жексенбі күні халық әкімін сайлады. Аудан және қала әкімін тұңғыш рет жұртшылық өзі таңдады. Бұқара мемлекеттің басқару ісіне белсене араласуы үшін табысты реформалар кезең-кезеңімен іске асып келеді. Сайлау күні аталған бір қала, екі ауданда сайлау учаскелері белгіленген уақытта жұмыстарын бастап кетті. Облыстық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, сайлау заңнамасына қатысты құқық бұзушылық орын алған жоқ. Халық бұл сайлауда да белсенділік танытты. Тарқаталық…

Белсенділік берекеге бастайды

5 қараша күні елімізде тұңғыш рет 42 аудан және облыстық маңызы бар 3 қаланың әкімін сайлау өтті. Бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылды. Әкімдері сайланғалы отырған 3 қаланың бірі Қарағанды облысына тиесілі Приозерск қаласы болды. Сайлау кезінде 11 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлаушылардың нақтыланған тізімінде қалада сайлаушылар 6534 адамды құрады. 3516 сайлаушы дауысын беріп, таңдау жасады.  Учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізіндегі сайлау қорытындысында сайлаушылардың 55, 16 пайызы дауыс берді. Қалалық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға жалпы 4 кандидат ұсынылған. Сайлау барысында ешқандай заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Бұл туралы Приозерск қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бекзат Сәрсембеков хабарлады.

– «Әр ауыл, қала өз әкімін өзі таңдап алады» деген Мемлекет басшысының сөзінен соң, қала халқы сайлауға бейжай қарамағандай көрінеді. Жұрт учаскеге келіп, белсенді дауыс беріп, сайлау қарқынды жүріп жатыр. 6534 қала тұрғыны сайлау учаскелеріне тіркелген еді. Дәл қазір 44 пайыздан астам сайлаушылар дауыс берді. Сайлауға бүкіл жағдай жасалған. Мен Әділетті Қазақстан құру жолында өз үлесін қосып, дауыс беруге келген адамдардың көптігіне қуандым. Және бұл тек 50 және 60 жастағы адамдар ғана емес. Өз таңдауын жасаушылар арасында 18 жастағы азаматтар да бар. Мысалы, жақында ғана кәмелетке толып, сайлауға өмірінде бірінші рет келген жігітті кездестірдім. Бұл жастардың қаланың жағдайына алаңдап, өз болашағына ұмтылып жатқанын көр­се­теді, – дейді Бекзат Сәрсембеков.

Боз­­ала таңнан Приозерск қаласының әкім­­дігі сайлауға байланысты қала ішіндегі қоғамдық көліктерде тегін жол жүруді қамтамасыз етті. Қала әкімдігі көлік компаниясымен келісімге келген. Өз учаскелері бойынша хабарласқан қарт адамдарға еріктілер арқылы автокөлік жіберілді. Осылайша тасымалдаушылар тарапынан халыққа әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бұл мамандардың мәлімдеуінше, сайлаушылардың азаматтық белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал еткен.

Сонымен қатар, бұл күні қалада сайлау учаскесінің алдында кішігірім жәрмеңке ұйымдастырылды. Ауылшаруашылық жәрмеңкесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер арзандатылған бағамен саудаға шығарылды. Жәрмеңкеге қала кәсіпкерлері жұмылдырылды. Жәрмеңкеде дауыс берушілер тұрақтандыру қорының бағаларына сай азық-түлікті, соның ішінде көкөністі, арзанға сатып алды.

Еңкейген қариядан 18 жасқа толған жасқа дейін саяси науқанға белсенді атсалысты. Приозерск қаласындағы №801 сайлау учаскесінде 18 жасқа толған сайлаушы Жеңіс Құрбанов алғаш рет дауыс берді.

– Қаламыздың тұрғыны ретінде сайлаудың маңыздылығын түсініп дауыс беруге келдім. Бүгін өзімді жауапты тұлға ретінде сезіндім, – деді жас сайлаушы. Ол еліміздің маңызды саяси науқанына жауапкершілікпен қарайтыны жайында пікірін білдіріп, алғаш рет сайлау бюллетенін алып қана қоймай, естелік сыйлыққа ие болды. Сайлаушыларға тосын сый да жасалды. №258 сайлау учаскесіне ең алғаш болып өз таңдауын жасауға асыққан шаһар тұрғыны Дәулет Шашалов сыйлыққа ие болды.

– Әр сайлау – еліміз үшін маңызды науқан. Сондықтан, әр азаматтың дауысы маңызды. Оның ішінде, Президент бастамасымен қала әкімін тұрғындардың өздері таңдауының маңыздылығы жоғары. Алғашқылардың бірі болып дауыс бергенімді мақтан етіп тұрмын. Осы әрекетіммен көпке үлгі болсам, қандай тамаша! Бұл күннің менің өмірімде алар орны ерекше болды десем де болады. Еліміз өркендей берсін! – дейді Дәулет Шашалов.

Жергілікті халық жалпы, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау – азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыруға, халықтың билік­ке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, әкімнің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына ден қою жеделдігін арттыруға, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді деген пікірлерін жеткізді.

Саяси сергектік – сенімнің серпіні

Алғаш рет қанат­қақты режімде өткен аудан мен қала әкімдерінің сайлауы халқымыздың ғана емес, шартараптың назарын аударғаны белгілі. Партиялар да, тұрғындар да саяси доданың қорытынды нәтижесін асыға күтті.

Ақтоғай ауданында әкім сайлауына байланысты 38 сайлау учаскесі талапқа сай жұмыс істеді. Сайлау учаскелерінде заңбұзушылық тіркелген жоқ. Аудан бойынша сайлау учаскелеріне барлығы 10 475 адам тіркелген. Саяси додада шығарылған қорытынды есеп бойынша дауыс берушілердің 74,26 пайызға жуығы сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасады. Ақтоғай ауданында 7779 адам дауыс берген. Бұл жөнінде ауданның аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Райымбеков мәлімдеді.

– Ақтоғай бойынша аудан әкімі лауа­зымына үміткер төртеу. Олар төрт партиядан ұсынылған. Атап айтқанда, «Қазақстан Халық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Amanat» партиясы, «Respublica» партиясы. Тұрғындар белсенді түрде маңызды науқанға атсалысқандығы қуантты. Денсаулығына байланысты үйінен шықпай-ақ дауыс берген қариялар да баршылық. Осы орайда сайлау учаскесіне келе алмаған қарттардың үйіне жәшікті арнайы апарып, таңдау жасауға мүмкіндік беріп отыр. Бала-шағаның амандығы мен бейбіт өмірі үшін, ел ертеңі үшін Майкен Шалхарбаева, Грегорий Старицин, Қабира Жұмаханқызы бастаған қарияларымыз өз таңдауын жасады, – дейді Жанболат Жанатбекұлы.

Таң құланиектенген сәттен-ақ, доданың қазаны қайнай бастады. Таңғы сағат 07.00. Шашубай кентінің халқы өздерінің тұрғылықты жері бойынша орналасқан сайлау учаскелеріне қарай ағыла бастады. Өз таңдауын бірінші болып кент тұрғыны Сералы Нұрланұлы жасады. №474 сайлау учаскесіне келген ол Президент реформасына сәйкес халықтың әкімді сайлауда өздері таңдауы маңызды екендігін жеткізді. Кент тұрғынының айтуынша, мұнда ол учаске ашылмай тұрып келген.  

– Сайлауда өз дауысымды беруді азаматтық міндетім деп білемін. Бірінші болып дауыс беру үшін ерте тұрып, сағат 06:00-ден бері учаскенің ашылуын күттім. Ауданымыздың болашағын айқындайтын үлкен саяси науқанға алғашқы болып үлес қосқым келді, – деді Сералы Нұрланұлы.

Еліміз үшін маңызды күнде барша ақтоғайлықтар жұмыла атсалысты. Ел болашағын ойлайтын қоғам белсенділері, қариялар, жастар, көпбалалы аяулы аналарымыз да саяси науқаннан қалыс қалған жоқ.

Бақылаушылардың пікірінше, пилоттық жоба ретінде өткізілген саяси дода ауданда ерекше белсенділікпен, жоғары деңгейде, ешқандай заңбұзушылықсыз және барлық талаптарға сай жағдайда өтті деу­ге болады. Аудан орталығынан бөлек кенттер мен ауылдарда науқан тұрғындардың белсенді қатысуымен өтті.

Жастар жауапкершілігі қуантты

Осакаров ауданында тіркелген 21 277 дауыс берушінің 14 486-сы саяси науқанда белсенділік танытты. Аудан бойынша 41 сайлау учаскесі жұмыс істеді. 208 адам алғаш рет дауыс берді. Денсаулығына байланысты үйден ұзай алмайтындарға, қарияларға арнайы құрылған жұмыс тобы сайлау жәшігін апарды. Олардың саны 308-ді құрап отыр. Тіпті, Invataxi қызметін де қосқан. Тегін таксимен келіп, таңдауын жасағандардың бірі – Любовь Лысенко. Ол «Аудан әкімін сайлау – жаңа өзгерістердің шынайы көрінісі» дейді.

– Елімізде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл – жақсылықтың нышаны. Халықтың пікірі қашан да маңызды. Жоспарлаған өзгерістердің барлығы сәтті жүзеге асуына тілектеспін. Әр сайлаудан қалмауға тырысамын. Өйткені, қазақстандық ретінде өз үнімді қосуым – борышым. Жерлестеріме амандық тілеймін. Отанымыз гүлдене берсін! – деді Любовь Лысенко.

Дауыс бергендердің бірі – Жұмағазы Сапаров. Ауданда өтетін маңызды саяси шаралардан қалыс қалмайды.

– Бұл сайлау Әділетті Қазақстанды құруға, оны дамытуға тікелей әсер етеді. Енді әкімді өзіміз таңдай аламыз. Нау­қанға ауылдың жастары да, қарттары да барды. Сол көрініске қарап қуандым. Өйткені, өз еліңнің тағдырына бейжай қарауға болмайды. Әсіресе, жастардың қарасы қалың. Келешек – соларда. Жас буын өз мемлекетінің тағдырына алаңдап, әр шарада белсенділік танытулары тиіс. Ақ пен қараны ажырата алатындай білім жиып, олар да халыққа қызмет етуге талпынса деген тілек. Халық сенім артып, сайлағаннан кейін әкім де ерекше ынтамен қызмет етеді деген ойдамын, – деді Жұмағазы ақсақал.

Аудандық сайлау комиссиясының төр­ағасы Дана Молдағалиева заң бұзу дерегі анықталмағанын айтады.

Нұрдос КӘРІМ,

Ерік Нарын,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button