Жаңа дәуірдің жарқын қадамы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында өтіп жатқан Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысы секцияларда айтылған ұсыныстар мен бастамаларды талқылаудан бастау алды.
Сөз басы
– Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық Құрылтай да әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал, Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады, – деп бастады алғы сөзін Мемлекет басшысы.
Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістан басалқы сөздің бастауы болды. Биыл маңызы жоғары жиын тағы бір тарихи өлке – Атырау облысында өрістеді. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны әсте тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласының табаны осы тұсқа тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі.
Алаш жұрты алқақотан жиылған ұлық басқосудың алғы темірқазық мәселесі Ұлт сапасын ұйытып, жаңа құндылықтар жүйесіне берік негіз қалау. Президент Құрылтай қадым дәуірлерден бері той тойлап, әңгіме-дүкен құратын желбегей жер болмағанын қадап айтты.
Тұтастық – Тәуелсіздік тұғыры
Келесі бір маңызы мәңгілікке ұласатын мәйекті мәселе – елдің ымыра бірлігі. Ынтымақ зиялы қауымның мызғымас бірлігінен бастау алатыны аян. Діңгегіміз болған дін саласында түрлі радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүргендігі де кеңінен қаузалды. «Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық», – деп бағамдады Мемлекет басшысы.
– Осы орайда Яссауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде арнаулы қабіржапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал, қасиетті Түркістандағы Яссауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын! – деді Президент.
Осылайша халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керектігін негіздеген Құрылтай төрағасы бөгде діни көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кету зобалаңға жетелейтінін анық аңғартты.
Дінімізбен қатар өрістейтін дәстүрімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар.
Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан, мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиістігін де баса белгіледі Президент.
Елтаңба өзгере ме?
Онан кейін, соңғы кезде көбірек талқыланып жүрген Елтаңбаға қатысты сауалға Мемлекет басшысы дөп пікір айтты.
– Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын, Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады, – деп тоқетерін айтты.
Қаһармандар ерлігіне тәжім
Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен аталып өтілмек. Осыған қатысты Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтулы датаны мерекелеуге дайындықты қазірден бастау қажеттігін орынды меңзеген еді. Бұл бағытта «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасы атап өтерлік. Ілкімді бастамаға Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік етеді. Зерттеушілер бұл жұмыспен отыз жыл бойы табанды түрде айналысып келеді. Осы кезеңде Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жарық көрді. Оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналған. Президент бұл тарапта мұрағат қорын мұқият зерттеуді жалғастыру қажеттігіне тоқталып өтті.
– Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ, награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді, – деп сенім білдірді Құрылтай Төрағасы.
Жаһандану жайы
Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуы мен басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Оның ішінде заманауи қалыпта астыртын дамып жатқан есірткі саудасы үдемесе, кемімеді. Президент «есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажеттігін» Парламент мүшелерінің қаперіне салды. Бұл тұрғыда Құрылтай мүшелері «вейптің» жосықсыз таралуы, құмар ойындарға тиым, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, ысырапшылдық сынды қатерлі үрдістерді Заң аясында реттеуді пікір безбеніне таразылады.
Тұрмыс тұраламасын десек
Мұнан кейін Құрылтай мүшелері халықтың тұрмыс салтын жақсарту бағытындағы іргелі істер парасына шұқшиды. Өз кезегінде Мемлекет басшысы мультипликативтік нәтиже беретін жобалар қажеттігін еске салды. Сол үшін Үкіметке биыл ауқымды төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырды. Бұл орайда экономикалық бағдарлама, баспана, несие саясаты, жол, газ тарату, транзит, ІТ технология, бюджет, бизнес, қоғамдық этика, инвестиция, логистика, коммуникация сынды іргелі тараптар жайы кеңінен сөз болды. Дипломатия, сыртқы саясат, стратегиялық маңызы жоғары мәселелер де Құрылтай мүшелерінің ой елегінен өтті.
– Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан, Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын, – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңы
Сөзінің басында Мемлекет басшысы халықты өркендетудің негізгі мессендждерін жолдады. Атыраудағы Ұлттық құрылтайдың қорытындысына келсек, бұл Тәуелсіз республиканың түрлі әлеуметтік, мәдени және саяси топтарының көзқарастары мен ұстанымдарын таразы басына тең тартар маңызды оқиға. Бұл атамекенді дамытуға қатысты негізгі мәселелер талқыланатын, ондағы халықтың өмірін жақсарту үшін сындарлы идеялар мен шешімдер ұсынылатын уақыт. Алда Ұлттық Құрылтайдың соңғы кезеңінде Атырауда өткен пікірталастар мен қабылданған шешімдер туралы тиісті қорытынды жинақталмақ. Ұсынымдар легі даярланады. Сондай-ақ, азаматтардың қоғам өміріне белсенді қатысуының мәні мен ортақ мақсат пен мүддеге қол жеткізу үшін барлық тараптардың бірлескен күш-жігері сарапталады. Мемлекетті дамытудың бірыңғай стратегиясын қалыптастырып, сантүрлі әлеуметтік топтар арасындағы сенім мен келісімді нығайтуға игі ықпал етеді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz