Жаңа дәуірдің мектебі
Қазір «Келешек мектептері» деп аталатын ұлттық жоба аясында жаңа заманға сай заманауи мектептер салынып жатыр. Аталған ауқымды жоба – барлық баланың бірдей білім алуына бағытталған бастама. Мұндай қолайлы, жайлы, қауіпсіз және жаңа технологиялар мүмкіндігімен жарақтандырылған, қала мен ауыл баласы арасындағы теңсіздікті жоюға арналған мектеп – соңғы отыз жылда болмаған серпін. Сонымен, ел таңдауына ие болып отырған «Келешек мектептері» несімен ерекше? Тарқатып көрелік.

Жалпыұлттық жоба – ортақ игілік
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде орта білім беру жүйесін толығымен жаңарту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру туралы бастама көтерді. Бұл жоба халқы тығыз шоғырланған ірі қалаларда жаңа мектептер салып, ескі білім ордаларының жүктемесін жеңілдетуді, яғни, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге бағытталған. Сонымен қоса, қала мен ауыл арасындағы білім берудегі әлеуметтік алшақтықты жоюды, ауылдық жерлерде білім беру сапасын арттыруды көздейді. Мұндай мектептерде оқитын оқушылар үшін халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуына жағдай жасалады. Осы арқылы елдегі білім беру инфрақұрылымы түбегейлі жаңартылып, барлық балаға тең мүмкіндік ұсынылады.
Үш жыл бұрын басталған бағдарлама нәтижесіз емес. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, жоба аясында құлағалы тұрған ескі 32 мектептің және оқушылары үш ауысыммен оқып келген 71 білім ошағының орнына жаңа мектептер бой көтерген. Нәтижесінде үш ауысыммен оқитын мектеп саны қазір 1%-дан аз. Елдегі 200 мектепте орын жетіспеу проблемасы біржола шешілді. Бұл жағдай оқушылардың оқу үлгеріміне, денсаулығына, жалпы дамып-жетілуіне сөзсіз оң әсер етеді.
Президент ерекше атап өткендей, «Келешек мектептері» жобасының басты мақсаты – білімге инвестиция құю арқылы елдің ертеңіне инвестиция салу. Бұл тек қала ғана емес, шалғай өңірдегі ауылдар да қалыс қалмайтын жалпыұлттық жоба.
Облыста төрт бірдей мектеп есігін ашады
Әу баста бұл мектептердің атауы «Жайлы мектеп» болды. Себебі, ең алдымен инфрақұрылымын дамытуды көздеді. Сөйтіп, білім ошақтарының ғимараттары салынып, заманауи жабдықтармен қамтылды. Ал, білім сапасын жақсарту кезеңінде «Келешек мектептері» деп аталды.
Атау өзгерсе де, мақсат бір. «Келешек мектептері» болып аты өзгерген жоба балаларға қазіргі заман талабына сай жағдайда тегін әрі сапалы білім беруді мақсат етеді. Бұл бастама мектептің материалды-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін ұштайтын кеңістік болып отыр.
Қарағанды облысында да білім беру жүйесі тың серпінмен дамып келеді. «Келешек мектептері» жобасы аясында облыста 2023 жылдан бастап, 7 100 оқушыға арналған 10 мектептің құрылысы басталған болатын. Былтыр Қарағанды қаласында үш, Балқаш қаласында бір мектептің құрылысы бітіп, оқушылардың игілігіне пайдалануға берілді. Биыл да 4 мектеп ашылады деп күтілуде. Оның бірі – апатты жағдайдағы мектептің орнына салынған Талды ауылындағы 200 орынға арналған білім ошағы. Қалғандары – «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген Қарағанды қаласындағы Гүлдер шағын ауданында 300 орынды, Томирис шағын ауданында 1200 орынды, Балқаш қаласында 900 орынды қамтитын мектептер жұмысын бастайды.
«Келешек мектептері» жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 2700 орынды қамтитын 6 мектептің құрылысы аяқталады деген жоспар бар. Қарағанды қаласындағы бір мектеп, сондай-ақ, Бұқар жырау ауданындағы 3 және Шет ауданындағы 2 мектеп «Келешек мектептері» жобасы бойынша кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.
Облыстың білім басқармасының дерегінше, Бұқар жырау және Шет аудандарында салынып жатқан мектептер тек жаңа ғимарат қана емес, толыққанды заманауи білім кеңістігіне айналмақ. Бұқар жырау ауданындағы Нұра станциясында, Доскей және Үштөбе ауылында 300 оқушыға арналған «Келешек мектептерінің» салынуы – ауыл балаларының заманауи құрылғыларды мектеп қабырғасында-ақ еркін меңгеріп, шығармашылық пен технологияны қатар игеруге мүмкіндік береді. Кең әрі жарық сыныптар, цифрлық жабдықтар, бейіндік курстар мен қауіпсіз орта – ауыл мектебінің жаңа келбетін қалыптастырады. Енді оқушылар өз ауылынан-ақ арманын жүзеге асыра бастайды.
Ал, Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы және С.Сейфуллин кенттерінде ашылатын жаңа мектептер – ауылдағы ең ірі білім ошақтарының біріне айналмақ. Мысалы, С.Сейфуллин ауылында 35 сынып-комплектпен 519 оқушы оқиды деген жоспар бар екен. Бұл мектепке осы ауылдың оқушылары мен мұғалімдері көшіп келетін көрінеді. Осылайша, көрші ауылдың білім ошақтары біріктіріліп, ортақ ресурсқа қол жеткізбек. Сөйтіп, ауыл баласы заманауи технологиялар арқылы оқытылып, қала баласымен бірдей сапалы білім алады.
Дәл осындай мектеп жыл басында Көгілдір тоғандар шағын ауданында, «Томирис» тұрғын үй кешені аумағында ашылған болатын. Аталған №24 жалпы білім беретін мектебі Б.Момышұлы атындағы білім ордасының жүктемесін азайтып, жыл басында 600 оқушы мен 30-ға жуық мұғалімін қабылдаған. Қазіргі уақытта аталған білім ошағында 800 бала білім алуда.
«Келешек мектептерінің» ерекшелігі неде?
«Келешек мектептері» жобасымен салынып жатқан білім ошақтарының аумағы типтік мектептерден 15-20%-ға үлкен. Өйткені, ескі стандарттағы мектеппен салыстырғанда ондағы техникалық жарақтану деңгейі 4 есе жоғары. Роботтехника кабинеттері, STEM-зертханасы, хореография залы мен коворкинг алаңы, жаңа форматтағы кітапхана, 4 спорт залы, алғашқы әскери дайындыққа арналған алаң оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, әрқайсысының бойындағы талантын мектеп қабырғасынан танып, ықыласын ашуға арналған. Жоба мұғалім мәртебесін арттырып, жас мамандарды ауылға тартуға жол ашады.
Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. «Келешек мектептеріндегі» тағы бір ерекшелік – барлық бала мүмкіндігі мен денсаулығына қарамастан, осындай заманауи мектептерде білім алады.
Жоба аясында бой көтерген білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдар берудің жаңа әдісі қолданылмақ. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі. «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа енгізілуде. Бұл оқушыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім алу жолын саналы түрде таңдауға көмектеседі.
Жоба аясында салынған №24 жалпы білім беретін мектептің директоры Қанат Бектеміров «Бұл – жай ғана білім ордасы емес, әр баланың қабілетін ашып, білімі мен өнерін шыңдайтын, арманына қол жеткізетін жайлы мектеп», – дейді. Бұлай деуіне негізгі себеп, оқушылар бұл жерде білім алып қана қоймай, сабақтан соң үйірмелерге қалып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Директордың айтуынша, білім ордасы күні кеше ашылғанымен, жетістігі де жоқ емес. Мектеп оқушылары шығармашылық жағынан облыстық, республикалық байқаулардан түрлі деңгейдегі орындар алып жатыр екен.
– Заманауи мектептердің білім сапасына оң әсері бар. Қай жағынан алып қарасаңыз да, қажеттінің бәрі бар, мүмкіндік мол. Оқу үдерісі толық цифрландырылған. Соның арқасында мұғалімдер өз сабағын тереңдетіп оқыта алады. Сол себепті, кез келген оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артады, білімді терең меңгереді. Кейін түрлі жарыстардан оқ бойы озып келеді, – дейді Қанат Бектеміров.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы басталғанда жаңа кәсіби біліктілікті меңгерген педагогтер дайындау ісі де қолға алынған болатын. «Келешек мектептеріне» педагогтерді іріктеу №57 бұйрық негізінде жүргізіледі. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл мектептерге жеке басқару жүйесі енгізіліп жатыр. Соған байланысты мұғалімдерді іріктеу, мектеп басшыларын тағайындау, мектептердің стратегиялық дамуы пысықталып жатыр. Ал осыған дейін жайлы мектептердің директорлары болып «Білім беру саласындағы өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы арқылы іріктелген жеңімпаздар тағайындалды.
Отандық экономикаға серпін
Жобаны іске асыру барысында отандық экономиканы қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін жергілікті тауар өндірушілерге басымдық берілуде. Мәселен, облыстағы мектептерді салу кезінде 30 қарағандылық кәсіпорынның құрылыс материалдары пайдаланылған. Мәселен, Көгілдір тоғандардағы жайлы мектептің құрылысы мен жабдықталуына 10 жергілікті тауар өндіруші жұмылдырылған. Олар құрылысқа қажетті бетон, еден плиталары, дәнекерленген тор, витраждар, желдету жабдықтары, есік блоктары, шам сияқты өнімдерді жеткізді.
Сондай-ақ, білім мекемелерін салу кезінде Қарағандыда өндірілген жиһаздар, терезелер мен жылыту құралдары қолданылады.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»
СУРЕТТЕ: «Келешек мектептері» жобасы негізінде салынған №19 білім ордасының оқушылары